101 жастағы сайлаушы
101 жастағы сайлаушы
5,380
оқылды

Мемлекет басшысын сайлау – мемлекетіміздің іргесі берік, ел ішінде береке мен бірліктің нығаюын қалайтын халықтың таңдауы жасалатын ерекше күн. Бұл күні Атырау аймағында да ел басшысын таңдау ниетімен сайлау учаскелеріне келген халық легі көп болды.

Қала орталығындағы Н.Тілен­диев атындағы Кіші өнер академия­сындағы сайлау учаскесіне 101 жас­­та­ғы Балзиба Мәжитова мен аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев қатар келіп, дауыс берді.

Ғасыр ғұмыр жасап, қазақтың «сүйегі асыл» деген теңеуіне сүйсіндіріп келген ақжаулықты әже, қыз-келін, немерелерімен бірге келді. Қазақтың басынан өткерген жылдардың куәгері болған Балзиба әжеміз 1937 жылы дауыс берген екен. Тайпақ ауданында дауыс беруге қатысқан әжеміздің ері Кәрім сайлау бюллетендеріне жауапты қызметте болған екен. Сегіз баладан тараған ұрпағы алдында күш қуатына шүкір­ші­лік етіп отырған Балзиба әже: «1937 жылдан бері таңдауымды жасап келемін. Ел басшысын сайлау әр адамнан жауапкершілікті талап етеді. Болашақтың жақсы болуы, ел үшін күресіп өткен Махамбеттің ерлігін өнеге еткен жандарға аманат», – деп ел-жұртқа амандық тілеп, ақ батасын берді.

Ақ жаулықты ананың өз аяғымен келіп, дауыс беруіне риза болған жұртшылықтың ортасында аймақ басшысы Н.Ноғаев та болды.

Елдегі оқиғаларға елең етіп оты­ра­тын, таңдауын жасауға ниет еткен әжемізге денсаулық тілеген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өңір тұрғын­д­арын мерекемен құттықтап, дұрыс таңдау жасайтындарына сенім білдірді.

– Бүгін еліміз үшін, қазақстан­дық­тар үшін елеулі күн. Себебі, бүгін әр қазақстандық өзінің ұлтына, тіліне, діні мен діліне, әлеуметтік жағ­дайы­на қарамай еліміздің бола­шағына дауыс беретін күн. Өздері­нің армандарының орында­луы­на үміт артатын күн. Үміттері ақталсын. Еліміздің болашағы, тыныштығы мен дамуы үшін даусымды бердім. Тұрғындар ертемен сайлау учаскеле­ріне келіп, таңдауларын жасап жат­қан­дарына қуаныштымын. Барлық сайлаушыға ортақ бір құндылық бар, біз тыныштық пен келісім салтанат құрған, өз-өзін жетілдіруге барлық жағдай жасалған бейбіт елде өмір сүргіміз келеді. Бүгін еліміздің болашағын бірге таңдаймыз, – деді сайлаушыларға Нұрлан Ноғаев.

Аймақтағы 262 сайлау учаскесін­де қызу жұмыс жүрді. Мұнай­шы­лар да ауысымдық жұмыста жүріп те, ауысымдық жұмыстан келе сала тұрғылықты мекенжайында да дауыс беріп үлгерді. Жалпы, Атырау об­лы­сында дауыс беретіндер тізімінде 409 679 сайлаушы бар.

Сайлауға келіп таңдауын жасау – шын мәнінде, әрбір қазақ­стан­дық­тың жауапкершілігі. Бұл жауап­кер­ші­ліктен Атырау тұрғын­дары қалыс қалған жоқ.

 

Атырау облысы