Автонарықта белгісіздік белең алды
Автонарықта белгісіздік белең алды
245
оқылды
Мұнай құны құлдырап, доллар өсіп, жаһанды коронавирус жай­лаған кезеңде Қазақстандағы жалпы көлік сатылымы 40 пайыз кеміп кет­ті. Автонарықта сауда-саттық тұралап қалды. Мәселен, карантин ре­жимі енгізілгенге дейін Kolesa.kz сайтын 2 млн-нан астам адам қол­данатын. Карантин кезінде тұтынушылардың белсенділігі күрт тө­мендеген. Алайда көлік бағасы түспей тұр. Оған бірнеше фактор әсер еткен. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, ең үлкен фактор – тең­генің құнсыздануы. Демек, белгілі дәрежеде жаңа көліктер қым­бат­тай бермек. Жуырда Қазақстан автобиз­нес қауымдастығы 2020 жылдың алғашқы үш айының қоры­тын­дысы бойынша мәліметтерді ұсын­ды. Оның дерегіне үңілсек, жаңа көліктердің, керісінше өтім­ділігі ұлғайған. Зауыттан құ­рас­тырылып шыққан автомо­биль­дер сегментінде сатылым 2019 жыл­дың наурыз айымен салыс­тыр­ғанда 40 пайыз көтерілген. Яғни, былтырға қарағанда биыл алғаш­қы тоқсанда 6 377 жеңіл көлік артық саудаланған. 2020 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында қазақ­стандықтар көлік сатып алуға 168 млрд теңге жұмсаған. Оның қата­рына жеңіл автокөліктер, авто­бустар мен жүк көліктері кіреді. Қазақстан автобизнес қауым­дастығының мәліметінше, жыл басынан бері елде 17 846 дана автокөлік иесін тапқан. – Біз биыл наурыз айында автомобил нарығында көлік са­тылымының ең жоғары деңгейін байқадық. Өткен жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 40 па­йыз­ға жету – өте жақсы көрсеткіш. Бұған автомобиль нарығындағы сұраныстың артуы мен АҚШ дол­ларының бірден көтеріліп кетуі себеп болды. Халық көлік қым­баттап кетеді деген үреймен авто­мобилдер алып қалуға асықты. Ал наурыз айының соңына қарай елде карантинге орай ХҚКО жа­былып қалса да, дилерлер қа­шық­тан сатылымды тоқтатқан жоқ. Ал мемлекет те онлайн түрінде кө­ліктерді тіркеуге қоюға қадамдар жасады. Сәуір айы автосалондар үшін қиын кезең болатын түрі бар, – дейді Қа­зақстан автобиз­нес қауымдас­тығының вице-президенті Анар Мақашева. Сонымен, биыл алғашқы тоқсанда сатылым жағынан Ravon көлігі көш бастапты. Өйткені осы марканың жаңа түрлері нарыққа шыққан. Оны Қостанайдағы авто­мобиль зауыты конвейерге қойды. Жақында бұл авто Chevrolet брен­дімен сатылады. Қаңтар-наурыз аралығында дәл осындай 1 873 автомобиль сатылған. Нау­рыздың соңында «Сарыарқа Авто­пром» Chevrolet маркасымен Damas, Labo, Tahoe, Traverse, Trailblazer, Equinox, Malibu, Onix және Spark моделдерін құрастыруды бастады. Зауыт жылына 26 мың ав­томобиль шығаруды жоспар­лайды.    width= Ең өтімді автомобилдер на­рығын бұрынғыдай Ресейдің автоөндірісі бастап тұр. Lada-ның бағасы салыстырмалы түрде арзан болғандықтан, көп сатылатын көліктер тізімінің ұшар басына сол жайғасқан. Одан кейін корей автоөндірісінің мақтанышы Hyundai маркасының 3 094 данасы саудаланған. Ал үштікті Toyota түйіндейді. Оның 2 653 данасы сатылғанымен, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,7 па­йыз аз өтіпті. Автокөлік моделдері ішінде Lada Granta – 1 628 дана, Ravon R3 Nexia – 1 354 дана, Kia Rio – 1 205 дана, Toyota Camry – 1 159 дана, Hyundai Tucson – 1 081 дана, ал Lada Vesta-ның 937-сы дана сатылған. Ravon R3 Nexia өтімді­лігі жағынан әйгілі Toyota Camry седаны мен Hyundai Tucson крос­соверін де басып озған. Қазақстандағы Тәуелсіз авто­бизнес одағының басқарма төра­ғасы Берік Зайыров карантиннен кейін шетелдік көліктердің қо­салқы бөлшектері де қымбаттауы мүмкін деп санайды. Оған екі себеп бар. Біріншісі тағы да сол доллармен байланысты. Одан кейін шекараның жабылуы да бұл нарыққа кесірін тигізеді. Бұл жағ­дай елдегі автобөлшектердің тап­шылығына әкеп соғуы ықтимал. Себебі тауардың 90 пайызы бізге сырттан импортталады. – Автобөлшектер – ең қажетті заттардың бірі. Сондықтан оған сұраныс азаймайды. Бірақ жұрт қаржысы аз болғандықтан арзан, сапасыз затқа ұмтылады. Салда­рынан нарықта контрафакталық тауар көбеюі ғажап емес. Қазірдің өзінде тауардың түпнұсқасы қа­зақ­стандықтар үшін өте қымбат. Сондықтан бағасы арзан бала­масын сатып алып жүрміз. Бұрын ол түпнұсқадан екі есе арзан бо­латын. Шекаралар жабылып, са­тушыларда тауар азайған сайын олар да қымбаттап барады, – дейді маман. Тәуелсіз автобизнес одағының басқама мүшесі Мақсат Мейір­мановтың ойынша, карантин аяқ­талған соң автокөлік құны кем дегенде 20 пайызға шарықтайды. Сарапшылар оны төтенше жағ­даймен емес, доллардың өсуімен байланыстырады. Шетел валю­тасына байланған барлық өндіріс ошақтары мен дилерлік орта­лық­тар бағасын ауыстыруға мәж­бүр болады. – Әрине, баға бірден 20 па­йызға көтеріліп кетеді деп айта ал­маймыз. Оның ауыртпашы­лығын тұтынушы сезінбес үшін ақырындап көтеріледі. Клиент­тердің сұранысы да өзгеріске ұшы­райтыны анық. Қалтасындағы ақшасына қарай пікірін өзгертіп, неғұрлым арзанын іздейтіндерді айтып отырмын. Мысалы, Mercedes өз тауарын 20 пайызға арт­тырса, Lexus өндірушілермен келісіп, 12-1 пайызға асықпай кө­теруі мүмкін. Ең өкініштісі, тұтынушы үшін таңдау еркіндігі анағұрлым азаяды, – дейді Мақсат Мейірманов. Ал экономист Мақсат Халық мүлде басқаша пайымдайды. – Азаматтар өздерінің депо­зиттегі салымын ұлғайтып жатыр. Бірдеңе сатып алудан гөрі қар­жысын жинауға кіріскен. Бұл дегеніңіз сұранысты төмендетеді. Күзге қарай біз автокөліктердің, оның ішінде ескі автокөліктердің бағасының біраз түсетінін бай­қаймыз, – дейді ол. Қысқасы, бір-біріне қарама-қайшы пікір көп. Қайсы дұрыс, қайсы бұрыс – оны уақыт көрсе­теді.  

   width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ