Бұрынғы бөлімшелер деп отырғанымыз, бұрынғы колхоз-совхоздарға қарасты үлкенді-кішілі ауылдар. Мұндай елдімекендерге облысқа арнайы іссапармен келетін Парламент депутаттары мен үкімет мүшелерін, яғни берісі министр мырзаларды айтпағанда, тіпті облыс, аудан орталықтарындағы өнер ұжымдарының өздері баруды доғарғалы қашан?! Сірә, осындай атүсті көзқарастың салдары болса керек, бұрынғы бөлімшелердің кейбір тұрғындары қалаға және қалаға таяу аудандарға жөңкіле көшкеннен кейін бүгіндері елдімекен ретінде жер бетінен біржола жойылуға таяу.
Несін жасырайық, жабайы урбанизацияның кесірінен «марқұм» болып кеткен ауылдар да баршылық. Сөйте тұра, тұрмыс-тіршілікке қолайлы болғандықтан, әлі күнге дейін іргесі сөгілмей, тұрғындары сиремей отырған бұрынғы бөлімшелер де бар. Солардың бірі – Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылы. Осы ауылда осыдан бірер апта бұрын «Ауыл – ел бесігі» атты мәдени-спорттық шара өтті. Алдымен, Қызылжар жастарынан құралған қос командаға қоса, Шағатай, Қоғалытүбек және Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылынан келген, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясының командалары футбол мен волейболдан өзара мықтыны анықтады. Спорттың екі түрінен өткен жарыс түстен кейін сағат 16.00-де басталып, кешкі сағат жетіге таман аяқталып, жеңімпаз-жүлдегерлерге Шағатай ауылдық округінің әкімі Оразбек Құсайынов диплом мен бағалы сыйлық табыс етті. Сонан соң ауыл кешін әуелі Шағатай мәдениет үйінің өнерпаздары, іле-шала облыс орталығынан келген ерлі-зайыпты Еркін – Зоя Өтегеновтер, ағалы-қарындасты Арман Биғалиев пен Марина Биғалиева және Дархан Құлбабаев сынды өнер жұлдыздарының шырқаған әндері тербеді. Айтпақшы, тура осы шара барысында республикаға танымал журналист Қазыбек Құттымұратұлы Қызылжар ауылының маңындағы «Хан зираты» аталып кеткен қорымға жерленген Жантөре хан және осы жерден мәңгілік мекенін тапқан билер мен батырлар, әулие-ахундар туралы тарихи тұрғыдан тағылымды әңгіме өрбітті. (Жантөре – кезінде кіші жүздің ханы болған Әбілқайыр ханның немересі, Айшуақ ханның баласы. Жантөре хан кісі қолынан қаза тапқан. Ол биліктен гөрі өнерге жақындау болған, бірнеше күй шығарған. Бірақ бізге жеткені Жантөренің «Шалқымасы» ғана. – Б.Ф.)
– Біздің ауылда бүгінгідей ауқымды мәдени-спорттық шара өтпегеніне 30 жылдың жүзі болды. Несін айтасың, айналайын, бір жасап қалдық! Осындай керемет шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламановқа, Шағатай ауылдық округінің әкімі Оразбек Құсайыновқа және Қызылжардың түлегі, өзімнің шәкіртім, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллинге ауылымыздың кәрі-жасы, үлкен-кішісінің атынан көп рақмет, зор алғыс айтамын. Осындай ақжолтай азаматтар аман жүрсін, ел-жұрттың алғысына бөлене берсін! – дейді Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі, Теректі ауданының 93 жастағы Құрметті азаматы Хамит Салахиев ақсақал. Ауыл тұрғындары, сонымен қатар қарайған ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүріп, бүкіл шаруаның қиюын келтірген Қызылжар тоғызжылдық мектебінің директоры Мәншүк Өтенова мен осы білім ошағының ұжымына, Шағатай ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Жанна Әубәкіроваға, кітапханашылар Мәншүк Молдашева мен Нұрзия Ғұмароваға, аталмыш шараға демеуші болған жергілікті кәсіпкерлер Абат Абылғазиев пен Алмат Қайыровқа дән риза.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы