Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу

Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу

Дамудың жаңа сатысына көтерілген еліміз үшін президент таңдаудың маңызы зор. Бұл – халық өмірінің жаңаруы


Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:


БҰЛ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖЕҢІСІ!

– Қасым-Жомарт Кемелұлының сенімді өкілдерінің бірі ретінде осы сайлаудың бел ортасында болдық. Өзінің «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында кандидатымыз әр қазақстандық азаматқа тең мүмкіндік берілетініне баса назар аудара білді. Оның осы үш ұстанымы жұрттың көңілінен шықты ғой деп ойлаймын. Бұл қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтиды. Әділдік, адалдық деген нәрсе – қоғамды алға сүйрейтін үлкен күш. Сабақтастық ол – ертеден келе жатқан біздің әдет-ғұрпымыз болсын, қоғамдық ұстанымдарымыз болсын, қол жеткізген жетістіктеріміз болсын одан бас тартпай алға өрлеу үшін керек. Міне, осы үш ұстаным елдің ойын дөп басты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың терең білімі, халыққа жақындығы, халықаралық тәжірибиесі бар беделді саясаткерлігі, мемлекеттік тілге деген жанашыр көзқарасы, жалпы қоғамның қай саласын болсын қолдауы бізге үлке серпін береді. Бұл жеңіс – халықтың жеңісі! Лайықты жеңіс. Келешектің, болашақтың жеңісі.

 

Қыдырәлі БОЛМАНОВ,
әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

 

БАРША ЕЛДІҢ ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛДЫ

– Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, бізге қазір ынтымақ пен бірлік керек, халыққа адал қызмет ету керек. Бізге бүгін сабақтастық керек, тұрақтылық керек, соны пайдалана отырып ары қарай дамуымыз керек. Еліміздің тыныш, іргеміздің аман болуы өте маңызды. Бұл – барша елдің тілегі. Жер десе толқып кететін қазақпыз ғой, бұл кісі жеріміздің амандығының, жерді жайлаған еліміздің амандығының кепілі деп білемін. Әр қазақстандықтың бақытты болуының негізі де ынтымақ пен татулық, берекеде жатыр. Сол берекені халқыма шын жүректен тілеймін. Бүгінгі жеңіс – халықтың жеңісі. Заңды жеңіс. Бұған, әсіресе, жастар жағы ерекше атсалысты. Олар өзінің келешегіне жауапкершілікпен қарап отыр.

 

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
сот саласының ардагері, меценат кәсіпкер:

 

ЕЛ ӨМІРІНІҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

– 9 маусымда елімізде кезектен тыс прези­дент сайлауы өтті. Айта кетуіміз керек, бұл саяси науқан – тарихи қадам. Қазақстан­дықтар тек бір адамды ғана емес, өзінің болашағын, тағдырын, мемлекетке қатысты не жасалатынын өзі таңдады. Дамудың жаңа сатысына көтерілген еліміз үшін президент таңдаудың маңызы зор. Бұл – халық өмірінің жаңаруы. Өткенді електен өткізе отыра, жаңа өзгерістер енгізуіміз керек. Қазақстанның қарапайым адамы ретінде нәтиже күтеміз. Халық бұл мүмкіндікті қалт жібермеді деп ойлаймын. Прези­денттікке үміткер ретінде тіркелген 7 азаматқа да халықпен кез­десуге, насихат жұмыстарын жүргізуге ешқандай кедергі болған жоқ. Әрқайсысы көңілге қонымды бағдарламаларын ұсынды. Тұрғындар Қазақстанның болашағы үшін және тұрақтылық үшін дауыс берді.

Елбасы айтқандай, билікке жаңаша ойлайтын, Қазақстанды биік жетістіктерге жетелейтін адам келуі тиіс еді. Алдын ала мәлімет бойынша басым дауысқа ие болған Қ.Тоқаев елімізді тағы бір биік белеске көтереді деп сенеміз. Өйткені ол әлемдік дәрежедегі саясаткер, еліміздің ішкі – сыртқы саясатын терең меңгерген тұлға, тәуелсіздігімізді әлемге танытқан, әлем елдерінің саясаткерлерімен халықаралық тілдерде сөйлесе алатын сұңғыла шешен.

                             

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

 

БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

– Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан ерекшелігі мол болды. Әрі бұл сайлаудың әділ өтуіне деген елдің үлкен үміті болды. Сайлау нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинады. Бұл сайлаушылардың жаңа сайланатын президентке деген аманаты іспетті. Сондықтан бұл аманатқа жаңа президент адал болуы керек деп есептеймін. Елдің келешекте жетер жетістігі де, алар асуы да – сол аманаттың орындалуына, үкілі үміттің ақталуына тікелей байланысты. Менің ойымша, саяси жүйедегі өзгерістердің бәрі эволюциялық тұрғыда болуы керек. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтып отырған идеясы үш үлкен тұғырға негізделген. Бұл – бұрынғы дәстүрге берік болу, әділеттік және өрлеу. Осы үш тұғырға қарап отырып-ақ бізді жаңа қоғамда тың әрі сапалы өзгерістердің күтіп тұрғанын аңғару қиын емес. Сайлаушылар дауыс берген кезде кандидатқа үлкен үміт артатыны сөзсіз. Сол үмітке, сол сенімге Қасым-Жомарт Кемелұлы өте лайықты. Жаңа президентпен еліміздің болашағы жарқын, алар асулары биік болсын деп тілек етемін.

 

 

Ғани РАЙЫМБЕКОВ,
Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты:

 

ХАЛҚЫМЫЗ ТАҢДАУ ДҰРЫС ЖАСАДЫ

– Парасатты халқымыз бүкіл әлемнің көз алдында, өз тарихында тағы да бір аса келелі жауапты асудан абыроймен өтті. Өйткені олар кезектен тыс президент сайлауында өз дауысын мейлінше басым көпшілікпен Елбасымыз, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев­тың таңдауы түскен Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріп, ата-бабамыз­дан мұраға қалған кемелділік мұраты үшін амал-әрекет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Сайлаушылардың зерделі көңіл көзімен, лүпілді жүрек қалауымен жүзеге асқан таңдауы айқын көрсетіп тұрғанындай, біздердің пайымдауымызша нақ бүгінгі таңда Қазақстан атты ұлы Отанымыздың алып айдынындағы, салқар керуеніндегі жолбасшылық та қолбасшылықтың аса мәртебелі міндетіне қадірменді Қасым-Жомарт Тоқаевтан асқан тұлға жоқ екені даусыз болса керек. Содан да жоғарыда айтқанымыздай, ежелден-ақ парасатты халқымыздың осы пайымды таңдауы үшін шынайы қуанышымызды, шырайлы «Құтты болсынымызды!» айта отырып, ел-жұртымызға амандық-саулық, Президентімізге халық сенімін ақтауда зор денсаулық, жарқын бағыт-бағдар тілейміз.

 

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
Nur Otan партиясы Алматы облыстық 
филиалы төрағасының бірінші орынбасары:


БҰЛ – БІЗДІҢ ОРТАҚ ЖЕҢІСІМІЗ

– 9 маусым біз үшін аса маңызды күн ретінде есте қалары анық. Еліміз қос ұлы жеңістің, қос қуаныштың куәсі болды. Бірі – Қазақстан президентігінен басты үміткер ретінде сенім артқан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді жеңісі болса, екіншісі – еліміздің батыры Генадий Головкиннің спорттағы кезекті ғаламат жетістігі.

Ел үмітін ақтайтын, болашаққа нық сеніммен қарап, мызғымас ел тыныштығын сақтайтын мемлекет басшысын сайлау – тарихи шешім, жауапты қадам, барлығымыз үшін сындарлы қадам.

Біз, жетісулықтар, үміткеріміздің сайлауалды бағдарламасында кеңінен таныстырылған ел дамуының сара жолын, сабақтастық, әділдік, өрлеу жолын таңдадық. Сенім мүлтіксіз болғандықтан, нәтижеміз де жоғары.

Жетісулықтар кандидатымызды бірауыздан қолдады деуге болады. Еліміз аймақтарының алдынан көрініп, 89℅ сайлаушы­мыз дауыс берді, республика көлемінде жоғары белсенділік танытты. ОСК мәліметі бойынша біздің үміткер 70,96 пайызбен℅ жеңіске жетті. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, еңбегіміздің жемісі.

 

 


Қанат ОСПАНОВ,
NurOtan партиясының Стратегиялық бастамалар институты 
Әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісі:

 

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ІСКЕ АСАДЫ

– Бұл сайлау Қазақстан үшін тарихи маңызы бар сайлау болды. Алғаш рет Қа­зақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев президенттік сайлауға қатысқан жоқ. Бірақ осы жағдайға қара­мастан, Nur Otan партиясының кандидаты айтарлықтай жоғары дауыс жинаған.

Қ.Тоқаев айтқандай, «Сайлауалды науқан өркениетті әрі жүйелі түрде жүргізілді. Шын мәнінде, бұл науқан бағдарламалардың бәсекесі болды». Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» принциптеріне негізделген.

Сайлаудың нәтижесі, жалпы, Nur Otan партиясының стратегиялық бағыты дұрыс екенін дәлелдейді, яғни халық партияның саясатын дұрыс қабылдап жатыр және түсініп жатыр.

Қазақстан халқы үшін төңкерістің, революцияның керегі жоқ. XX ғасыр оны әбден дәлелдеді. Бізге төңкеріссіз дәйекті тұрақты даму қажет. Тек осы жолда біз Мәңгілік ел идеяларын іске асыра аламыз.

 

 

Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

 

КӨРЕГЕН КӨШБАСШЫ, СҰҢҒЫЛА САЯСАТКЕР

– Сайлау барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жететініне еш күмән болған жоқ. Себебі, басқа кандидаттарға қарағанда беделі өте жоғары әрі халықаралық деңгейде де әлеуетті саясаткер. 43 жыл бойы мемлекеттік қызметке өмірін арнап келе жатқан адам. Әрине, басқа кандидаттар да елімізге танымал адамдар. Бірақ олардың сайлауалды бағдарламасын көріп-ақ қаншалықты дәрежеде екенін бағамдай алдық. Сол себепті, Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс бердім. Ол кісінің тұғырнамасындағы маған қатты ұнаған дүние – шет мемлекеттерден инвесторларды алып келемін деген уәдесі. Экономикалық тұрғыда кәсіпкерлерге көмек береміз деген тармағы да бар. Қазір бізге инвесторлар өте қажет. Теңгенің өтімділігі де өте маңызды болып тұр. Кәсіпкер ретінде мен алдағы 3-5 жылға жоспар жасауым керек. Алайда теңгенің қайта-қайта құнсыздануы ісімізге кедергісін тигізеді. Мәселен, шетелден бір техника алдыратын болсақ, оның келісімшартын доллармен жасайсын. Девальвация кезінде ол өте қымбаттап кетеді. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдар­ламасында бұл мәселелерді реттейтін тармақтарды көріп, бұл көңілімізден шықты және шын жүрегімізбен дауысымызды бердік.

 

 

Жадыра ТАҢАТАРОВА,
Сайрам аудандық бастауыш партия ұйымының төрайымы:

 

ЕЛІМІЗ ӨРКЕНДЕЙ БЕРМЕК

– Кеше ғана өткен сайлау ел тарихына алтын әріппен жазылады. Халықтың таңдауы әділ әрі ашық түрде өтті. Елімізге ТМД ұйымы атынан келген ресейлік ба­қылаушы Д.Семенов: «Сайлау барлық жағынан дұрыс ұйым­дастырылды. Халықтың сайлауға деген белсенділігіне сүйсіндім» деп жазады желіде. Расында, халқымыз осынау жауапкершілікті терең түсінді. Қазақстанның екінші Президенті болған Қасым-Жомарт Тоқаев барлық сайлаушының 70,76 процентімен дауыс жинады. Бұл – 6,5 млн қазақстандық Қ.Кемелұлына сенім білдірді деген сөз. Жұрт қызғана қарайтын еліміздің болашағы жолында аянбай еңбек ететін Қ.Тоқаевқа өркендеу жолында зор табыстар тілейміз. Ендігі жерде Президент айтқандай, азаматтардың құқығы барынша қорғалып, мемлекет пен азаматтық қоғамның әріптестігі дамиды. Бюджеттік саясат ашық болып, қоғамдық бақылау күшейеді. Өңірлер жемқорлыққа қарсы жұмылдырылады. Мемлекеттік қызметтің цифрлануы дамиды. Бизнеске қысым төмендейді. Осынау саясатты қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды одан ары гүлдендіріп, даму жолында ерен еңбек ететініне сенеміз.

 

Дәулет КӘРІБЕК,
«Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы:


ЖАУАПКЕРШІЛІК ЕСЕЛЕНДІ

– Президент сайлауының нәтижесі мемлекеттік қызметтегі жастардың көңілінен шықты. Бұл сайлаудан біздің ел ертеңіне деген жауапкершілігін сезіне білетін біртұтас ұлт екенімізді көрдік. Қазақстанды бұдан да қуатты мемлекетке айналдыру ниеті бә­рі­мізді сайлауда біріктірді. Елдің арқасында, елдің берген дауысының арқасында Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Сайлау жеңімпазының ендігі міндеті – ел артқан сенімді ақтау. Бұл таңдау – әрбір азаматтың жеке таңдауы ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілігі. Ендігі міндет – осы елдің сенімін ақтау. Қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты көзіміздің қарашығындай сақтағанда ғана барша азаматтарымыздың өмірі жақсарады. Кешеден бері осы сайлауға сырт көз болып баға берген халықаралық байқаушылар оның барлық стандарт пен нормаға сай өткенін айтып жатыр. Ал мен бұл сайлауды бүліктен гөрі бірлікті жоғары қойған ел таңдауы болды деп атар едім.

 

 

Бақыт ҚАЛИЕВА,
«Жас ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

 

ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды әділ өткізетінін айтқан еді. Президент өзінің уәдесін орындады. Үміткердің барлығына теңдей жағдай жасалды, айтарларына ешкім тосқауыл болған жоқ. Біз олардың бағдарламаларымен егжей-тегжейлі танысып, таңдауымызды жасадық. Менің таңдауым, әрине, Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Өйткені ел Президентінің бағдарламасы замандастарымның ел дамуы жолындағы жарқын идеяларыммен, ойларыммен сабақтасып, шынайылығмен тәнті етті. Қ.Тоқаев – білімді, жан-жақты, ішкі және сыртқы саясатты толық меңгерген, тәжірибелі саясаткер. Қазіргі таңда біздің Қазақстанға дәл осындай Президент керек деп ойлаймын.

Біздің Президент – Қазақстанның алға қойған жоспарын жалғастырушы, келешек жастарға үлгі көрсетуші бірден-бір мемлекеттік тұлға. Еліміздегі ең үлкен саяси оқиға – кезектен тыс Қазақстан президентін сайлау науқанында ел-жұрт осы бір жауапты кезеңде бірлігі мен ынтымағын көрсетіп, белсенді түрде болашақ үшін дауыс берді. Халықтың сеніміне ие болып, 70,96 пайыз дауыс жинаған Қасым-Жомат Кемелұлы бұқараның үмітін ақтайды, елімізді жаңа жетістіктерге, жаңа белестерге жеткізеді деген сенімдемін.