Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтар үшін генетикалық паспорттар жасақталып жатыр.
Бағалы бекіре тұқымдас балықтарға генетикалық паспорт жасақтау жұмысы бірнеше жылдан бері жүргізілуде. Мақсат – бекіре тұқымдастардың миграциялық жолдарын зерттеу, сондай-ақ табиғи және жасанды популяция деңгейін анықтау.
– Ауланып қолға түскен әрбір тұқым беруші балыққа және жас балыққа мамандар генетикалық паспорт жасайды. Бұл уақыт өте келе, балықтың қай зауыттың балық өсіру тоғанынан шыққанын немесе табиғи жолмен пайда болғанын сараптауға мүмкіндік беретін болады. Сөйтіп, әрбір елдің, әрбір зауыттың бекіре тұқымдастарды қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесі де белгілі болады, – дейді «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Атырау филиалының директоры Ерболат Қадимов.
Оның айтуынша, шабақтардың өміршеңдігі туралы нақты ақпараттың болмауы – бекіре зауыттары бар Каспий маңы мемлекеттері үшін ортақ проблема. Қазір сыналып жатқан гендік-молекулярлық талдау әдістемесі болашақта жасанды және табиғи популяция арасындағы айырмашылықты ажыратып алуға мүмкіндік береді.
Атырау аймағындағы балық өсіруді жолға қойған екі бекіре зауыты 1998 жылдан бері бекіре тұқымдас балықтардың қортпа, шоқыр түрлерінен жыл сайын 7 млн шабақты теңіз бен өзенге жібереді. Егер қортпа 17-18 жаста жыныстық тұрғыдан ересек балыққа айналатынын ескерсек, бұған дейін теңізге, өзенге жіберілген шабақтардың қазір уылдырық шашуға шығуы әбден мүмкін. Су асты маржандарының тіршілігін бақылау және оны қорғау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар орасан. Бүгінде балықшылар 2010 жылы Каспий теңізіне чип салынып жіберілген 100 мың шабақтың қайта оралуын күтіп жүр. Бұл шабақтар ересек болып балықшылардың торына түскен жағдайда олардың генетикалық паспорттары да жасақталады.
Атырау облысы