Нарық заманында бір-біріне ақысыз көмектесу деген күлкілі нәрсе сияқты болып бара жатқаны рас. Дегенмен бізде игі дәстүр бар, ол – асар. Яғни, көпшіліктің көмегін пайдаланып шөп шабу, егін жинау науқандарына, сондай-ақ үй салу сияқты ауыр жұмыста бірлесе көмек қолын созу. Халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытады. Бұл дәстүр қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына ортақ, өте ертеде пайда болған...
Міне, осы дәстүр елімізде қайта жанданды. Бұл қазақтың мәрттігін ғана емес, бауырмалдығын, көпшілдігін білдіреді. Ақпан айындағы бес бүлдіршіннің ажалы серпін беріп, осы ата дәстүрді қайта жаңғыртуға септігін тигізгені ақиқат!
Жақында ғана «Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тұрғындары асарлатып, жалғызбасты анаға үй салып жатыр» деп хабарлады ҚазАқпарат. Құрылыс жұмыстарына ауылдықтармен бірге округ әкімдігі аппаратындағы қызметкерлер де білек сыбана кіріскен.
«Округімізде тұратын жалғызбасты ана Бейсенкүл Баймұратова кішкентай ғана тар үйде күнелтіп келеді. Осыны көріп ауыл болып білек сыбана кірісіп, апамызға жаңа үй салып беруді қолға алдық. Көрінген таудың алыстығы жоқ демекші, қабырғалары көтеріліп қалған үйге жуық арада Бейсенкүл апа кіріп, қоныстойын тойлайтын болады», – дейді ауыл әкімі Нұрхан Ақмағанбетов.
Ал Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жергілікті тұрғындар баспанаға мұқтаж, жалғызбасты ана, екінші топ мүгедегі Анаргүл Беласароваға үй салып берген.
Айта кетерлігі бұл игі істі бірінші болып «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының мүшелері қолға алған. Оған жергілікті жұртшылық та қолдау білдірген.
«Біздің ұсынысымызға жергілікті жұртшылық пен жастар ерекше қолдау білдірді. Мамыр айында басталған құрылыстың толықтай аяқталуына жүзге жуық адам қолдау көрсетті. Олардың қатарында аудан кәсіпкерлерімен бірге қарапайым еңбек адамдары да бар. Жанашыр азаматтар шатыр, тас секілді қажетті заттармен қамтамасыз етті. Өзге де керекті дүниелер қамтылды. Қайырымды іске белсене қатысқан олар жаңа үйге жиһаз тарту етуді де естен шығарған жоқ», – дейді «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының жетекшісі Еркінбек Айнақожаев.
Ал Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр кентінде «Астана Групп» президенті Нұрлан Смағұлов және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов көпбалалы отбасыларға үйдің кілтін табыстады. 11 тұрғын үй объектісі «Астана Моторс» («Астана Групптың» еншілес ұйымы) өз қаражатына сатып алынған. Аталған компания көмек көрсеткен отбасыларды таңдау кезінде жәрдемақы алатын және жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ көпбалалы отбасылар басымдыққа ие болған.
«Бұл жерде менің әкем өсіп, балалық шағын өткізді. Табысқа жеткен кез келген адам өз Отаны алдындағы қарызын қайтаруы тиіс. Біздің компания қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады, халыққа көмектеседі. Бұл – біздің тұжырымдама, біздің өмір салтымыз және біздің философия», – дейді Нұрлан Смағұлов.
«Көп түкірсе – көл» деген, өстіп асарлатып жатқан халыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ! Дегенмен «бұл арзан пиар не керек?» деп кертартпалыққа барып жатқандар да бар.
Алайда бұндай сауапты істерді біліп, естіп отырғанымыз дұрыс-ақ! Сол арқылы болашақта салт-дәстүрімізді ұмытпау үшін, осындай ауыз толтырып айтарлықтай, жан жадыратар істерді ұлықтап, дәріптеп жүргеніміз абзал!