Астанада қалалық Мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 2019 жылдың 10-17 маусымы аралығында samgAU халықаралық театр фестивалінің VIІ маусымы өтеді.
Фестиваль дәстүрлі түрде жетінші мәрте шымылдығын түргелі отыр. Мәдени шараға Ресей, Литва, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің және еліміздің бірнеше өңірінің театрлары көрермен назарына үздік қойылымдарын ұсынады.
Фестивальдің шымылдығын алғаш болып Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры М.Әуезов, Қ.Мұхамеджановтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы ашты.
Биыл театр өнері апталығында 15 ұжым өнерлерін ортаға салмақ, оның ішінде бесеуі елордалық: «Жастар» театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, Nomad City Hall комедия театры мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловтің театры SAMGAU фестиваліне алғаш рет үлес қоспақ. Сонымен қатар халықаралық шара барысында Қазақстаннан Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан драма театры (Петропавл), «Жаңа ғасыр» театры (Алматы), Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры (Павлодар), С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры (Қарағанды), Шығыс Қазақстан облысының драма театры (Өскемен) шақырылды. Ал шетелдік қатысушылардың арасында Өзбекстан мемлекеттік драма театры (Ташкент), «У Моста» Пермь театры (Ресей, Пермь), Жаңа көркем театры (Ресей, Челябі), Pilies театры (Литва, Клайпеда), Б.Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермен театры (Қырғызстан, Бішкек) бар.