Теледидарға телмірген балаларға арналған үлкен жобалар қолға алынуда. Сонын бірі – «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған 30 фильм жарыққа шыққалы жатыр. Яғни, «Ойыншықтар хикаясы» анимациялық фильмі осы жылдың 20 маусымында жаппай прокатқа жол тартады.
Анимациялық фильм «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында дубляждалған. Анимация астронавт Базз, ковбой Вуди, ит Слинки, тиранозавр Рекстің қызықты оқиғалары туралы баян етеді. «Дубляж кастингіне Нұр-Сұлтан мен Алматыдан 50-ден астам актер қатысып, фильмнің басты үш саундтрегін белгілі қазақстандық әнші орындап шықты. Қазақ тіліндегі үш саундтректің екеуі іТunes қосымшасына шығады. Алғаш рет фильмге арналған әзілдерді қазақстандық «Көңілді тапқырлар» клубы бейімдегені де көңілге медеу. Анимациялық трилогиядан шыққан дебюттік фильм 1995 жылы үлкен экранға шыққан. «Ойыншықтар хикаясы – 4» алғаш рет қазақ тіліне дубляждалды. Онда Том Хэнкс, Энни Поттс, Тим Аллен, Кристина Хендрикс, Киану Ривз және Голливудтың басқа да актерлері қазақ тілінде сөйлейді», – дейді қордың хабарламасын таратқан ҚазАқпарат. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Назерке Леспекқызы болса, аудармашы – Әсел Мамырова, мәтіндерді салушы – Гүлжан Сауыртаева. «Өзіңнен баста» – голливудтық фильмдерді қазақ тіліне көркемдік дубляждау жобасы. 2011 жылдан бері «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасымен жүзеге асып келеді. Әлеуметтік жоба, сондықтан коммерциялық мақсатты көздемейді. Жобаның арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актер Walt Disney Pictures дауыстық базасында тұр. Қазақ тілі Walt Disney компаниясының тарихында түрік тілінен кейін – 39-шы және Sony Pictures үшін – 7-ші орынға жайғасты. Шығыс Еуропа мен ТМД елдері үшін шығарылатын Blu-Ray-де көру үшін қолжетімді голливудтық фильмдердің 7 негізгі тілдеріне кірген.
Бұл уақытта Түркістан облысында «Түркістан» анимациялық фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңадан жарыққа шыққан туынды көрерменге Jas Túrkіstan – 2019 республикалық балалар шығармашылығы марафоны аясында көрсетілді.
Анимациялық фильмнің желісі Түркістан қаласында өрбиді және балаларға жеңіл тілде жеткізіледі. Онда Қалқанқұлақ есімді баланың саяхаты арқылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалай және қашан соғылғаны туралы баяндалған. Басты кейіпкер Түркістанға барып, Тәуке ханмен кездеседі. «Жеті жарғының» тарихымен танысады. Балалық ерлік жасайды. Жалпы, оқиғаның желісі жас көрермендерге қызықты етіп түсірілген. «Біз бұл мультфильмді 4 айдың көлемінде дайындап шығардық . Енді барлық аудан-қалада балаларға тегін көрсетеміз. Сондай-ақ бірнеше арналарда көрсету жоспарымызда бар. Көрермендер бұл туындыны әлеуметтік желілер арқылы да көре алады», – дейді «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев.
Айта кетейік, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша анимациялық фильм түсіруден Түркістан облысы республикада алдыңғы орынға шықты. «Сақ» киностудиясы облыс әкімдігінің тапсырысымен жасөспірімдерге, балақайларға ел тарихын тануға, отаншыл болып өсуді дәріптейтін анимациялық және көркем фильмдер түсіргенін айта кету керек. «Отырарды қорғау», «Жетігеннің жеті сыры», «Киелі Қазығұрт», «Оқсыз оқиғасы» сынды бірнеше анимациялық фильмді жарыққа шығарып, балалардың ықыласына бөленді.