Банктерге арналған депозит енгізілді
Банктерге арналған депозит енгізілді
394
оқылды

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев теңгеге не ықпал етіп отырғанын айтып берді. Оның байламынша, соңғы уақытта ішкі валюта нарығындағы ахуал мұнайдың әлемдік нарығының әсерімен дамуда.

– 27 мамыр-5 маусым аралығында әлемдік экономика­дағы сауда талаптары қатаң­да­тыл­ды. Салдарынан, мұнайдың бір баррелінің бағасы 13%-ға жуық, яғни 60,6 долларға дейін төменде­ді. Дегенмен өткен аптаның соңғы екі күнінде бір баррель құны 63,3 долларға дейін жоғарылады. Бұған АҚШ-тың Мексикамен арада заңсыз мигра­цияға бақылауды күшейту туралы келісімге қол жеткізуі себеп болды. Сонымен бірге, оған 2019 жылдың екінші жартысында ОПЕК+ келісімін ұзарту мүмкін­дігіне қатысты мәлімдемелер де оң ықпал етті. Нәтижесінде, 27 мамыр-5 мау­сым аралығында теңгенің түпкі­лікті әлсіреуі 1,3% болды, – деп түсінік­те­ме берді Е.Досаев.

Ол қазір жағдай тұрақтан­ғанына сенімді. Ұлттық валюта бағамы 5-10 маусым аралығында 0,3%-ға нығайды. 11 маусымда елордалық айырбастау бекеттері америкалық валютаны 385,5 тең­ге­ге сатты.

Ерболат Досаев Қазақстан Ұлттық банкінің жалпы алтын-валюталық резервтері мамыр айын­да 3,5%-ға немесе 948 мил­лион долларға ұлғайып, 28 мил­лиард долларды құрағанын мәлім етті. ҰБ-ның алтын-валюталық резервтерінің көлемі 7 айдағы тау­ар­лар мен қызметтер импор­ты­­нан асады. Бұл ретте қажетті минимум – 3 ай.

– Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылғы мамырдың соңында 58,6 миллиард доллар болды. Бір айда 1,1%-ға төмендеу бюджетке кепіл­дік берілген және нысаналы тран­сферттердің бөлінуімен бай­ланысты, – деді ол.

Қаржылық реттеуші эко­но­ми­каны несиелендіру ауқымын өсіру үшін де шаралар қабылдап жатқан көрінеді.

– Біріншіден, ақша-кредиттік шарттарды біртіндеп жұмсарту кредиттердің қолжетімділігін арт­тыруды қамтамасыз етеді. Осы жылғы сәуірде бизнеске беріл­ген теңгедегі кредиттер бойын­ша ставка 12%-ға төменде­ді: өткен жылғы сәуірде 12,3% бол­ған. Оның ішінде қысқа мер­зімді кредиттер бойынша 11,9%-ға, ұзақмерзімді кредиттер бойынша 13,2%-ға дейін төмен­де­ді. Екіншіден, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры халық депозиттері бойынша ең жоғары ставкаларды өзгертті. Ха­лықтың теңгедегі мерзімді емес депозиттері бойынша мөл­шер­леме 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 10,5%-дан 9,8%-ға дейін төмендетілді. Теңгедегі мерзімді және жинақ депозит­тері­нің сыйа­қы көлемі салымшы­лар үшін тартымды деңгейде қалды және тиісінше 12,5%-ға және 13,5%-ға жетті, – деді ҰБ басшы­сы.

Ол банктер үшін мұндай шарт­­тар қорландыру базасының орнықтылығын арттыратынын жет­кізді. Бұдан бөлек, 2019 жыл­ғы 1 маусымнан бастап 12 ай және одан көп мерзімге салына­тын ше­тел валютасындағы жинақ және мерзімді депозиттер бойын­ша ставка 2%-ға дейін көтерілген. Бұл шара банктердің міндеттеме­ле­рін ұзартуға бағытталып отыр екен.

– 7–20–25 бағдарламасының талаптарын жақсарту аясында 2019 жылғы 31 мамырдан бастап, қарыз алушыларға бастапқы жар­на­ны баспана құнының 20%-нан көп мөлшерде енгізу құқығын беру бөлігінде өзгерістер қабыл­дан­ды. Бұл ай сайынғы төлемдер мөлшерін төмендетуге және соның есебінен кірісі төмен аза­мат­тарды көбірек қамтуға мүм­кін­дік береді, – деді Ұлттық банк төрағасы.

2019 жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша 7–20–25 ая­сын­да 93,3 млрд теңгеге баспа­на алуға 8 060 өтінім мақұлданды. Қазірдің өзінде 6 899 отбасы 80,7 млрд тең­ге сомаға ипотека алды.