Cайлауға баға берді

Cайлауға баға берді

Алматыда президент сайлауының қорытындысына байланысты аймақтық «Мирас» қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, мәдениет, ғылым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысып, келелі пікірлерін білдірді.

Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалында өткен дәстүрлі отырысқа «Мирас» қоғамдық кеңе­сі­нің төрағасы Уәлихан Қалижан же­тек­шілік етті. Отырыс төрінен табыл­ған жандар қатарында қалалық пар­тия филиалы төрағасының орынба­са­ры Арман Халбеков, Алматы қалалық филиалының Саяси кеңес мүшесі, «КАЗРЕНА» ассоциациясы­ның бас директоры Борис Жапаров, қалалық партия филиалының саяси кеңес мүшесі Аягүл Миразова, Алма­ты қаласы корей орталығы жетек­ші­сінің орынбасары Георгий Кан, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгеру­шісі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Светлана Ананьева, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан болды. Кеңес төрағасы Уәлихан Қалижан сай­лаудың әділ әрі ашық өткенін, халық таңдауын жасағанын, бұл еліміз үшін маңызды әрі батыл қадам екенін атап өтті.

– Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз жинап, жеңіске жетті. Сайлау нәтижесі билік тұрақтылығының деңгейін, демокра­тиялық институттардың күшін, елдің саяси мәдениеті мен азаматтардың бірлігін анық көрсетті. Бұл еліміздің ары қарайғы қарқынды дамуы үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Бұл көрсеткішке жету үшін жай ғана танымалдық аз. Қасым-Жомарт Тоқаевты жақсы білемін, 1990 жыл­дардың басында Үкіметте әртүрлі министрлікте қанаттаса еңбек еттік. Ол бір сындарлы сәттер еді. Елба­сымыздың ең сенімді серігі ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына ерекше еңбек сіңірді. Сыртқы істер министрі, Премьер-министр, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, Сенат Төрағасы сияқты жоғары лауазымды қызметтерде, дипломатиялық салада халықаралық деңгейде танылды. Өзінің білімімен, біліктілігімен, жарқын істерімен туған елін де таныта білді. Сол еңбегін лайықты бағалап, Нұрсұлтан Назарбаев үлкен сенім артып, өз шәкіртіне ел тізгінін сеніп тапсырды. Енді, міне, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың тағдыры мен болашағы сынға түскен кешегі сайлауда зор жеңіске жетіп, Елба­сы­ның да, елінің де сенімін ақтады. Абырой биігінен көрінді. Халық сөз қадірін білетін перзентін қолдады. Сөз қадірін білетін жан деп отыр­ғаным – оның әкесі Кемел Тоқаев үлкен жазушы еді. Тоқаев өз тұғыр­намасында «Менің мақсатым – қа­зақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыру» деп Тұңғыш Президент, Елбасының бағытын ары қарай жалғастыратынын атап өтті. Ендеше бұл – Елбасы қа­лып­тастырған Ұлы жетістіктері мен дәстүрлер сабақтастығының жеңісі, – деді Уәлихан Қалижан.

Өз кезегінде Nur Otan партиясы­ның Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Арман Халбеков те жиналғандар алдында сөз сөйледі. Оның айтуынша, 6,5 мил­лионнан астам сайлаушының дауы­сына ие болу – бұл үлкен жетістік.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталатын тұғырнамасы барша халық­тың көңілінен шықты. Онда тұрақ­тылықты сақтау, елді дамыту, мықты әлеуметтік саясат, көпбалалы отба­сылар мен жастарды қолдау қамтылды. Осы сайлауды Қазақстан кейбір мемлекеттер он жылда өтетін саяси мәдениеттің жоғарылау процесінен өтті деп айтуға негіз бар. Және бұл жолғы сайлау бұрынғы сайлауларға қарағанда ерекше болды. Қандай ерекшелік? Ол – көп кандидаттың тіркелуі. Өздеріңіз білетіндей, қоғамға танымал 7 кандидат та өз бағдарлама­сын жариялап, тең құқылы түрде сайлауалды жұмыстарын жүргізді. Сайлауалды кезеңнің жауаптылығы мен салмағы ерекше болатынын білесіздер. Nur Otan партиясының қалалық штабтарындағы 170 адам мен 1 500-ге жуық сенімді өкілімізбен бірге, бірқатар жүйелі жұмыс жүр­гіздік. Ғылым мен мәдениеттің, бизнес пен жастардың қаласы болғандықтан, Алматыда 500-ден аса түрлі шара өткізілді. Кездесулерге барлық саланың еңбек ұжымы белсенділікпен қатысты, – деді ол.

Ал белгілі педагог, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразованың айтуынша, біз үшін дәл қазіргі сәттегі ең қымбат, ең қастерлі қазына, ол – тәуелсіздік. Сондықтан сындарлы сәтте арандап қалмай, егемендіктің қадірін білген абзал дейді ол.

– Еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатын терең білетін, әлемге таны­мал саясаткердің президент болып сайлануы – ел тарихындағы өте оңды оқиға болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы – қаншама жолды жүріп өткен және сол жүріп өткен жолында ешбір келеңсіздікке ұрынбай, адал, таза келе жатқан азамат. Бірауыздан сол кісіге дауыс беріп, таңдауымыз да саяси сауатты болғанымыздың ар­қасы. Нәтиже жарияланғаннан кейін де басқа кандидаттарымыз бірден пікір білдіріп, өз көзқарастарын, ризашылықтарын жеткізді. Прези­дентіміздің бір айтқан ұтымды сөзі – басқа кандидаттардың ұсынған бағдарламаларын да ескеріп, олардың да жүзеге асуына атсалысамыз деуі. Қазақ «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Осы бірлігімізді ыдыратпай, сақтап қалу өте маңызды. Осы тәуелсіз күнге қалай жеттік, соны ұмытпайық. Егемендік алудың өзі бір қиын, өзі бір машақат болса, оны сақтап отыру одан да күрделі шаруа. Сол себепті, осындай тағдыршешті сәтте бір жұ­дырық болып жұмылғанымыз қуан­тады. Осындай берекелі күн­деріміз көп болғай, – деді ардагер ұстаз.

Отырысқа жиылғандар сайлаудың ел тағдыры үшін маңызы мен жауапкершілігі орасан екенін баса айтып, алдағы уақытта еліміздің саяси-қоғамдық дамуы жоғарылап, күрмеулі мәселелер шешімін табады деген үкілі үмітпен тарқасты.


Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ