Біз той жасаудан жарысқанда алдымызға жан салмаймыз. Пәтер мен көлік ауыстырудан да өзгелерді шаң қаптыратындар бар. Кіл аяғы киім киюден де бәсекелесетін бикелер болады. Асылы, нағыз жарыс, нағыз бәсеке жақсылық жасау емес пе?! Бір қуанарлығы, соңғы айда қайырымдылық жасаудан әдемі жарыс басталғандай. Әттеген-айы, оның барлығы саяси науқанның көлеңкесінде қалып қойғандай. Біз бүгін қайырымы мол қадірлі іске ұйытқы болғандар туралы айтуды жөн көрдік. Олардың игі ісі өзгелерге ой салса деген ниет. Себебі, кейіпкерлеріміз байлығы асқан олигарх емес, жүрегі жұмсақ қарапайым жандар.
Жуырда ғана Атырау маңындағы Еркінқала елдімекенінде волонтерлер көпбалалы ана Мейрамгүл Әмірғалиеваға үй салып берді. Мейрамгүл балаларымен бірге жалдамалы шағын үйде тұрып келген-ді. Үлкен ұлы сал ауруына шалдыққан. Кіші балалары мектепте оқиды. Еріктілер аумағы 105 шаршы метр болатын баспананы ақпан айында сала бастаған. «Көпбалалы анаға көмек ретінде ақша жинауға Қазақстанның басқа аймақтарының халқы да үлес қосты. Құрылыс материалдарын алуға жергілікті кәсіпкерлер көмектесті. Үйді салуға отандық құрылыс материалдары қолданылды. Қажетті жиһаз бен тұрмыстық техниканы да сатып әпердік», – деді жергілікті кәсіпкер Асхат Бағыт.
Алматы облысының Райымбек ауданында демеушілер күні кеше көпбалалы 18 отбасыға үй сыйлады. Райымбек ауданының қақпасы саналатын Сарыжаз ауылындағы Исаевтар әулеті – 7 бала тәрбиелеп отырған отбасы. Жомарт жандар баспанадан бөлек, тұрмыстық техника, үй жиһаздарымен де қамтамасыз еткен. Ресми дерекке сүйенсек, соңғы екі айда Алматы облысында 60-тан аса көпбалалы отбасы демеушілердің көмегімен баспаналы болыпты.
Қызылорда облысының Қазалы ауданында қайырымды жандардың қолдауымен тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға баспана кілттері табысталды. Игілікті істің жүзеге асуына «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының белсенді азаматтары ұйытқы болған. Қор тұрмысы төмен және көпбалалы 5 отбасыға баспана сатып алды. Жалағаш ауданның орталығында тұратын көпбалалы ана Гүлмира Ақылбаева да аудан кәсіпкерлерінің көмегімен Ораза айты мерекесінің алғашқы күнінде 2 бөлмелі үйге қол жеткізді. Ал Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшылығы мен мектеп директорлары тұрмысы төмен «Арай» шағынауданында тұратын екі баланың анасы Гүлсара Қуанышбаеваға баспана салып, сыйлады. Он жылдан бері қабырғасы ажырап тұрған үйде өмір сүріп келген отбасы енді жаңа үйде тұрып жатыр.
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы, кәсіпкер Сырым Ертаев бүгінге дейін жеке өз есебінен тұрмысы төмен 10 отбасыға баспана сыйлапты. Соңғы екі жылда Алтынтөбе ауыл округінен тұрмысы төмен – 2 отбасыға, Қарабау ауыл округінен – 3 отбасыға, Жаңабазар ауыл округінен – 2, жалпы 7 отбасыға үй салып берді. Қайырымды ісін жалғастырған Сырым Жігерген ауылынан – 1, Қазығұрт ауылынан 2 отбасыға баспана тарту етті.
Әлемде қайырымды елдердің рейтингін жасайтын ұйымдар бар. Бұл рейтингте Қазақстан әр жылдары 150-дей елдің ішінде 80-94-орындарда жүреді. Екі жыл бұрын рейтингтегі көрсеткішіміз былтырға қарағанда әлдеқайда жақсы болған. Былтыр соңғы орынға сырғи бастаппыз. Әрине, қайырымдылықты рейтинг үшін, жарнама үшін жасамайтынымыз белгілі. Десе де, кейде осы рейтингті түзушілер қазақтан асқан қайырымды жұрттың жоқ екенін білсе дейсің...
Тұмар МЫРЗА