Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр кентінде 11 көпбалалы отбасы қоныстойын тойлады. Енді олар абаттандырылған, жиһазбен жабдықталған жекеменшік үйлерде тұрады. Әр үйдің жанында жер учаскесі мен шаруашылық құрылыстар бар. Бақша егіп, үй шаруашылығын жүргізуге жағдай жасалған. Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен «Астана Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов келді. Бұл үйлерді «Астана Моторс» өз есебінен жөндеп, абаттандырып, оларды көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға сыйға тартты.
Фарида Комекованың жеті баласы бар. Бұл күнді ол ұзақ күтті. Бұрын отбасы жалдамалы екі бөлмеде тұрып келген болатын. Енді жанұя 12 соттық жер учаскесі бар үлкен төрт бөлмелі үйге ие болды.
– Біз күйеуіміз екеуміз де жұмыс істейміз, бірақ баспаналы болу шешілмеген қиын мәселе болған еді. Бүгін біз үшін ең бақытты күн, – дейді көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Фарида Көмекова.
Ләззат Ахмағанбетова тұрғын үй кезегінде 13 жыл тұрды. Оның бес баласы бар.
– Соңғы күнге дейін баспаналы болатынымызға сене алмадым, – дейді көпбалалы ана.
Жаңа қоныстанушыларға кілттерді табыс ету нағыз мерекеге айналды. Ерлан Қошанов Елбасының тапсырмасы бойынша өңірде көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл жанұялардың әрқайсысы үшін ең өзекті мәселе – баспанасының болмауы. Бұл мәселені шешуге кәсіпкерлер көмектесуде. Биыл кезекте тұрғандар қатарынан 700 отбасы пәтер кілттерін алады. Олардың үштен бірі бизнесмендердің көмегімен жаңа баспанаға қоныстанады.
– Тәуелсіздігіміз қалыптаса бастағаннан бері мемлекет кәсіпкерлерді қолдап келеді. Бүгін бизнес аяқтарына нық тұрып, мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін кез келді. Балаларымыз бен немерелеріміз осындай жомарт адамдардан үлгі ала отырып, өсіп-өнуі тиіс. Дәл осындай шаралар «Туған жер» идеясын – өзінің туған жеріне, Отанына көмек көрсету керегінің нақты мысалы, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Ол «Астана Моторс» компаниясына көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткені үшін рақмет айтты. Сондай-ақ жергілікті мектептің талантты түлектері еліміздің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болып отырғанына да алғысын білдірді. Оған Нұрлан Смағұлов құрған Білім қоры көмектеседі.
– Ақадыр – менің кіші Отаным. Бұл жерде менің әкем өсіп, балалық шағын өткізген. Бұл жер – менің ата-бабаларым үшін ыстық болған мекен. Табысқа жеткен кез келген адам өзінің Отаны алдындағы қарызын қайтаруы тиіс. Мен бүгін жерлестеріме көмектесіп жатқаныма қуаныштымын. Біздің компания қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады, адамдарға көмектеседі.Бұл – біздің тұжырымдамамыз, біздің өмір салтымыз және біздің философиямыз, – деді Нұрлан Смағұлов. Ол компания бұдан кейін де Ақадыр тұрғындарына көмектесетініне уәде берді.
2011 жылы «Астана Моторс» балалар-жасөспірімдер спорт мектебін салды. Онда балалар бассейні мен күрес залы бар. Спорттық нысанда дзюдо, самбо, қазақша күрес, футбол чемпионаттары өтеді. Мектеп тәрбиеленушілері әрдайым халықаралық жарыстарға шығып, жүлделі орындарға ие болады.
Шет ауданында барлығы 41 көпбалалы отбасы тұрады. Биыл Шет ауданы Ақадыр кентінде 70 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп, пайдалануға берілген. Биыл кентте 32 пәтерлі үй салынады. Келесі жылы тағы екі көпқабатты үй пайдалануға беріледі.
Қарағанды облысында биыл 3 мыңға жуық пәтер беріледі, оның 700-ге жуығын кезекте тұрған көпбалалы отбасылар иеленеді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы