Көзсіз ерлік, батырлық тек соғыс алаңында ғана болмайды. Бейбіт заманда да орын алады. Олай болса, өз өмірін басқа жанның ғұмыры үшін тәрк еткендерді ұмытпауымыз керек. Ажалға қарсы тұрып, түрлі табиғи апатта жедел қимылдап, батылдық танытқандар арамызда жүр. Оларды ұлықтағанымыз абзал.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова үш баланы өрттен құтқарған студент Нұрсұлтан Исмағұловты марапаттады. Ол – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Ақпарат және технологиялар факультетінің 2-курс студенті. Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен шыққан өрт кезінде батылдық танытып, үш баланың өмірін сақтап қалған болатын. Оқыс оқиға Бейбітшілік көшесінде болды. «Өз өмірін тәуекелге тігіп, қиындыққа түскен адамға көмек қолын созуға ұмтылатын жастар мақтауға тұрарлық. Әрине, осындай батыл да ержүрек баланы өсіріп, тәрбиелеген Нұрсұлтанның ата-анасына алғыс айтқымыз келеді. Осындай жігерлі балалардың қалыптасуы барысында мектеп пен білім ордаларындағы ұстаздардың атқаратын рөлі орасан. Біздің ортақ мақсатымыз – өскелең ұрпақтың күшті, жігерлі, батыл болып өсуіне барынша, қолымыздан келгенше әрекет ету. Нұрсұлтан сияқты жастар – біздің заманымыздың нағыз батырлары», – деп атап өтті, ержүрек студентті марапаттаған Білім және ғылым министрі К.Шәмшідинова.
Сонымен бірге, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жас жігітке батылдығы мен өжеттігі үшін алғыс айтты.
Петропавл қаласында «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшісі Сергей Гайдай марапатталды. Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шараға департамент басшылық құрамы мен қызметкерлері, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев суға кеткендерді құтқаруға ойланбастан шешім қабылдаған Сергей Гайдайдың ерлігі мен батылдығын ерекше атап өтті.
«Сергейдің жасағаны – ерлік. Оны қызметінен тыс уақытта жасады. Ол әйел адам мен оның баласына төнген қауіптен үрейленбей, бейжай қарамай суға секіріп, оларды жағаға шығарып, зардап шегушілерге қажетті алғашқы көмекті көрсеткен. Сергей Николаевич «Ар-намыс және борыш – Отанға қызмет ету» атты ұранмен өмір сүріп, қызмет атқарып жүрген азамат. Бүгін марапат өз иесін тапты», – деді Ерік Сарыбаев.
Осындай ерлік иелерін мадақтау орнына даттау да белен алғаны өкінішті. Қарағандыда суға батқан ер адамды құтқарған полицей көпшілікке өкпелі екенін айтады. Себебі, желі қолданушылары оның ерлігіне күмән келтіріп, сөгіп жатыр.
Бұған дейін оның суға батқан ер адамды құтқарып қалғаны туралы ақпарат тараған еді. Желіде жарияланған видеода полицейдің ерлігі көрсетіледі. Бұған сүйсінгендер де, кері пікір жазғандар да бар. Оқиға ойдан құрастырылған деп сөккендердің қарасы көп.
«Егер сол адамның жанынан өтіп кетсем, мені көмектеспеді деп айыптар еді. Енді өтірік істеді деп жатыр. Адамның көңіліне келеді екен. Ешкімге жақпайсың», – дейді полицей Дастан Азамбаев.
Ал суға батқан ер адам балық аулап жүріп суға кеткенін айтады. Суда жақсы жүзгенімен аяғы тартылып қалған. Сол себепті, жағаға жете алмай қалдым дейді.
Жыл басынан бері елімізде 76 адам суға кеткен, оның ішінде – 40 бала. Бұл қаңтар айынан басталған есеп. Әрине, жоғарыда аты аталғандай ержүрек жігіттер оқиға болған жерлерден табылса, бұл сан азырақ болар ма еді?! Елде балық аулауға, шаруашылыққа және шомылуға қолданылатын 50 мың су қоймасы бар. Барлық өңірдегі құтқарушылардың саны – 1 380. Олардың саны бір су қоймасына 1 құтқарушыдан қоюға да жетпейді екен.
Сақ болайықшы, ағайын. Тек рұқсат етілген жерлерде суға түсіп, жаз рақатын бірге көрейік. Айтпағым, бейбіт күннің батырларын мадақтасақ, несі айып?! Ақ-қарасын білмей қаралау көңілге кірбің ұялатары анық. Әр айтқан сөзге абай болған жөн-ау!