Алматы облысын арасына жылдар салып барып екі мәрте басқарған, екінші келісінде алты жылға жуық Жетісу өңірінің өркендеуіне өзіне ғана тән іскерлікпен жетекшілік жасаған Серік Үмбетов – қай кезде болмасын сөз қадірін білетінімен, ел мен жердің тарихын ұлықтап, халқымыздың салты мен дәстүрін дәріптеуімен жұртының жадында жақсы әсер қалдыра білген тұлға. Қазіргі кезде ағамыз Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде еліміздегі басты заң шығарушы органдағы міндетінен қолы қалт еткенде қаламды серік етіп өмірден көргендері мен түйгендерін қағазға түсіріп, замандастарына үлгі ретінде ұсынып келеді.
Талдықорғандағы Тілдер сарайында Серік Әбікенұлының кезекті туындысы – «Дала даналығы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Рухани шараның тізгінін ұстаған журналист Бейсен Құранбек Жетісудың ғана емес қазақтың қайраткері атанған, сара басшылығымен жұрт көңілінің төрінен орын алған азаматтың бұған дейінгі жақұт жазбаларының тереңдігін, ойлылығын, мазмұндылығын айта келе, соңғы туындысының сол шығармалар шоғырына қосылған сүбелі үлес екеніне тоқталды.
Жетісу өңірінің абыз ақсақалдары Наурыз Қылышбаев пен Аманғазы Шегіров жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін атқарды. Даналар даналығы топтастырылған туындының алғысөзін жазған көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай:
– Кіндік қаным Алтайда тамғанымен, Жетісу жері бақытты өмірімнің баспалдағындай көрінетіні бар. Мен үшін балғын буынды қатайтып, биікке құлаш серметкен осы өлкенің қасиеті бөлек. Осында туып, ел бақытын көксеген жаны жомарт жандар жаныма тым жақын, ыстық. Солардың қатарында, әрине, алты Алаштың аяулы перзентіне айналған Серік Әбікенұлының алар орны ерекше, – деп толғанды.
Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев «Дала даналығы» кітабынан мысал келтіре отырып, «Гүл құдіреті», «Ғажайып сөз» тақырыптық толғамдарын талдап берді. «Құрмет» орденінің иегері Аманғазы Шегіров жаңа жинақтың әр тарауы қоғам мен адам қатынасын кеңінен қамтитынын әңгімелесе, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт автордың адамгершілік қасиетін, ізденгіштігін айшықтап айтты. Алматы облысы және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Дина Нұрғалиева, белгілі журналист, жазушы, баспагер Ырым Кененбай, «Құрмет» орденінің иегері Ерғазы Қошанбеков ақжарма тілектерін білдірді.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін:
– «Қарлығаштың қанатымен жеткен жақсы сөз – біздің түп негізіміз» деп Серік Әбекенұлы жаңа жинағында парасатты пайым жасаған екен. Неткен көрегендік! Осы тұрғыдан келгенде. Серік ағамыздың кітабы күллі қазақ оқырманының көңіл төрінен ойып тұрып орын алар ғажайып туынды ретінде бағаланады деп сенемін, – дей келе, қаламгердің өзіндік ерекшелігін саралады. Жамбыл ауданынан арнайы келген жазушы Виктор Никитин ниетін білдірсе, ақын Марат Құрманұлы жүрегіне ұялаған жыр шумақтарын тебірене оқыды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы