«Өзіміз отырып шай ішіп едік» – карантинде балабақшада түскен фотоның дауы  
«Өзіміз отырып шай ішіп едік» – карантинде балабақшада түскен фотоның дауы  
Фото: Интернеттен алынды
514
оқылды
Қызылорда облысына қарасты Ақжарма ауылының балабақша меңгерушісі карантин талаптарын орындамағаны үшін жазаланған. Сот айыппұл төлеуге міндеттеген. Бірақ іс мұнымен бітпеген, – деп хабарлайды AstanaTV. Телеарнаның хабарлауынша, даудың басы 14-сәуірде басталған. Карантин енгізілуіне орай, балалар үйге босатылғанымен балабақша қызметкерлері жұмысқа шыққан. Оларды жұмысқа шығаруға ауыл әкімі міндеттеді дейді мекеме меңгерушісі.
«Бүлдіршін» балабақшасының меңгерушісі Ақкенже Шамшатова: «Карантинге байланысты бес адамнан артық жиналуға болмайды деген қаулыларды мен әкімге барып айттым. Әкім: қыздарың тегін, айлық алмайды, қызметкерлерді екі бөліп таста, азанда 13 адам, түстен кейін 12 адам жұмысқа келеді, тегін, айлық алмайсыңдар, жұмыс жасайсың, әктеп-краскілейсіңдер, деп мені қайтарып жіберді. Маған бағынбасаңыз, жұмыстан шығарып жіберем деп айтты», – дейді.
Әктеу-сырлау жұмыстарын істеген олар үзіліс жасап, іште шай ішкен. Бірі сол сәтті «тарихи» деп бағалап, суретке түсірген. Айтуларынша, сол сурет әкімге жетіп, ол «той тойладыңдар» деп айыптаған. Тіпті әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытты дейді олар.
«Бүлдіршін» балабақшасының тәрбиешісі Мырзагүл Мамбетова: «Аяқтан шалып тұрған нәрсе бұл.  Мысалы, бірінші апрельде Қалданбек деген ата бар, соның үйінде той болды. Негізі сол тойды айтпайды? Ауыл әкімі ішке де келіп айтып кетті. Осылардын бәрін тазарту керек, осылардың бәрін құрту керек деп тұрып айтты. Сонда не, сол асырай ма бізді, бала-шағамызды?», – дейді.
Ал «Бүлдіршін» балабақшасының меңгерушісі Ақкенже Шамшатова:  «Ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов 15 күні маған звондады: Фейсбукке суретің шығып тұр, салып жібердік, сен жұмыстан кетесің деді. Сот болды. Сот 15 адамға қаулы шығарды, штраф салды 28 мыңдай. 15 қызметкердің ішінде менде бармын. Штрафпен қалсын деп сот солай шығарды қаулысын. Бірақ әкім келіспей отыр, басқа адам қоямын, менің өзімнің адамдарым бар», – дейді. Ауыл әкімі бұл келеңсіздіктің бір ұшы өзіне де таяқ болып тигенін айтады. Бірақ балабақшада сол күні ештеңе тойланбағанын мойындайды.
Ақжарма ауылының әкімі Ерлан Ешмұратов: «14 сәуір күні сол балабақша қызметкерлері іште отырған. Бас қосу емес. Шай ішкен. Сол әлеуметтік желілерге жарияланған. 3 апрель күні шақырып алып, мен тапсырма бергенмін: бес адамнан артық жиналуға болмайды, күнделікті бес адам шақырылады. Аудандық РОВД бүкіл 15 қызметкер тергеліп, 10 МРП барлықтарына шот арқылы айыппұл салынды. Маған сөгіс берілді», – дейді.
Тұрғындар бұл іске облыс басшылығы мен заң орындары араласып, істің ақ-қарасын ажыратып берсе дейді.   https://youtu.be/u2GrnotSF2w *Ескерту: AstanaTV-дан алынған ақпаратта қос тараптың айтқан сөзі қаз-қалпында жарияланып отыр.