Пікіріміз де, шүкіріміз де – бір
Пікіріміз де, шүкіріміз де – бір
411
оқылды

Бүгін тарихи оқиға болды. Жаңа сайланған Мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Тоқаев халық пен мемлекетке адал болуға ант берді

Бакытжан.JPG
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Сенат депутаты:

 

Басты құндылық – тыныштық

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде бірнеше негізгі бағыттар нақты айтылды. Бұл, ең алдымен, адамдарға қамқорлық дер едім. Президент қоғамымызда бар мәселелерді, қиындықтарды терең түсінетінін ұқтырды. Әңгіме адамға қамқорлық, оны жұмысқа орналастыру туралы айтылып отыр. Екіншіден, денсаулық жағдайына байланысты еңбек ете алмайтын адамдарға қамқорлық көрсетілмек. Ең бастысы – адам капиталы. Денсаулық сақтау, білім беру, педагогтар мен дәрігерлердің мәртебесін арттыру – осы барлық бағыттар бойынша Қ.Тоқаев мемлекетті дамыту керегін түсінеді. Әлем жылдам өзгеріп барады. Барлығы бірден бола қоймасы анық. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы терең түсіне отырып, нақты міндет қойып отыр, үздік әлемдік стандарттар бойынша білім беру жүйесін жаңғырту керек. Алайда білім берудегі ұлттық жетістіктерімізді ұмытпау керегін де тілге тиек етті. Президент педагог мәртебесін көтеру міндетін нақты қойды. Өйткені педагог қоғамда ерекше құрметке ие болуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға, оның келешегіне сенім артып отыр. Жастардың кадрлық резерві құрылуы тиіс. Жастар қызметтік сатымен өседі. Еліміздің дамуындағы жаңа кезең – адамдарға қамқорлық уақыты келгенін сезіндік.

 

Мурат.JPG
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты:

 

Ынтымағы артқан ел озар

– Бүгін – Қазақстан үшін ерекше тарихи күн. Өйткені бүгін ұлықтау рәсімі өтіп, ел тарихындағы екінші Президентті ұлықтадық. Өздеріңіз білесіздер, 28 жылдан астам уақыт Қазақстанды басқарып келген Елбасы – Тұңғыш Президент қызметін доғарғаннан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымға уақытша келген болатын. 9 маусымдағы сайлау нәтижесінде, Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп, бүгін ресми түрде президенттік қызметіне кірісті. Лауазымына кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламалық сөзін де жариялады. Онда бірқатар маңызды мәселелер қамтылып отыр. Соның үшеуіне тоқталғым келеді. Біріншісі – сыбайлас жемқорлық. Бұл қарапайым халықты да толғандыратын мәселеге айналды. Президент осы келеңсіздікпен заңды қатайту арқылы күресу керегін атап өтті. Сосын – әділеттілік. Соның ішінде қарапайым халықтың басындағы әділдік. Президент бұл ретте елдің тұрмыс дәрежесінің де төмендеп кеткеніне назар аудартып, оның себебін де ашып көрсетті. Үшіншісі – қоғамдағы әртүрлі көз­қарастарды сыйлай отырып, ортақ ұстанымға шақыру. Әрине, қоғам болғаннан соң әртүрлі пікір болады, соның бәрі ескерілуі тиіс. Алайда сол түрлі пікірлер біртұтас ұлтқа қызмет етуі шарт. Әлеуметтік мәселенің ішінде әлжуаз топтардың, жалғызбасты аналардың жағдайы, олардың мемлекеттен қамқорлығы туралы да дұрыс пікірлер айтылды. Жеке басым ұлықталған Президенттен өзі айтқан бағдарламалары бойынша үлкен үміт күтемін. Біз осы бағытта қолдан келгенше қолдап, заңнамалық қамтамасыз ету тұрғысынан атсалысамыз. Ең бастысы, бізге бірлік пен ынтымақ керек. Әділдік орнау да басты принцп. Бұл елдің билікке деген сенімін нығайтады.

 

Михаил.JPG
Михаил БОРТНИК,
Сенат депутаты:

 

Елге қызмет – мәртебелі міндет

– Бүгін тарихи оқиға болды. Жаңа сайланған Мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Тоқаев халық пен мемлекетке адал болуға ант берді. Оның халыққа арнаған сөзінен Қазақстанның әр азаматы өзіне айтылған сөзді табады. Мен ашық саясат жүргізу, демократия, халыққа қызмет етуге қатысты сөздеріне ерекше тоқталғым келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде маңызды мәлімдеме жасалды. Мәлімдеме әлеуметтік саясатты кеңейту және проблемаларды шешуге бағытталды. Мемлекет басшысының ұлтаралық келісімге ерекше назар аударғанын атап өткім келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатқа берік қалатынын атап көрсетті. Қазақстан – алпауыт елдердің арасында орналасқан мемлекет. Біздің елдің жетістіктері мен қауіпсіздігі көп жағынан көршілермен қаншалықты дұрыс қарым-қатынастарда болатынымызға да байланысты.


Гулмира.JPG
Гүлмира КҮЛЖАНОВА,
Nur Otan партиясы Стратегиялық бастамалар институты 
қоғамдық-саяси зерттеулер және болжау бөлімінің меңгерушісі:

 

Сенім үдесінен шықты

– Экономика, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы – бірінші кезекте Н.Назарбаевтың еңбегі, оны бағалауымыз керек. Ол кісінің еңбегінің арқасында әлем танитын дәрежеге жеттік. Шетелде жүрген қазақтар елге оралды. Мұның барлығы – елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің арқасы деп түсіну керек. Бүгінгі болып жатқан ахуал болашақ ұрпағымызға үлкен сабақ және үміт. Қ.Тоқаев ұлықтау салтанатында әлеуметтік жағдайға ерекше мән беретінін айтты. Оның бағдарламасының орындалатынына толық сенеміз. Бұл мақсатқа жету үшін кең ауқымды іс-шаралар жүргізіледі. Ол Қазақстан экономикасының ахуалын жақсартуға да қатысты. Шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударылуда. Мұндағы басты міндет билік пен халықтың өзара ықпалдастығының жаңа форматтарын жасау, тиімді диалог құру болып отыр. Үкіметтің толықтай ашық қызмет жүргізуі, халық алдында есеп беруі аса маңызды болмақ.

Сонымен қатар ұрпақ саулығы мен білім көкжиегі үшін тер төгетін мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайын жақсарту туралы айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлын толық қолдай отырып, Қазақстан азаматы ретінде еліміздің өркендеуі үшін шын ниетіммен жұмыс істеуге дайынмын.

 

Ыклас.JPG
Ықылас ҚУАНДЫҚ,
Nur Otan партиясы Стратегиялық бастамалар 
институты ақпараттық-талдау бөлімінің сарапшысы:

 

Кемел келешек бастауы

– Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының са­лып келген сара жолын ары қарай жалғас­тырушы екенін нақты айтты. Президентіміз қоғамның талабына, дауыс берушілердің үмітіне, олардың сеніміне жауап бере алатынын көрсетіп отыр. Кезектен тыс сайлау ашық әрі әділ өтті. Бұл сайлау халық мүддесіне сай келетін маңызды қадам болды.

Халық болып Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыздан қолдап сайладық. Бұл шешім болашағымыздың жарқын болуының кепілі. Екінші жағынан бұл – елдік пен бірліктің жарқын үлгісін көрсеткен барлық қазақстандықтардың жеңісі.

Елбасы мен xалықтың көпшілігінің оған деген сенімі, ел тілегі мен мүддесін дөп басқан нақты да түсінікті сайлауалды тұғырнамасы және оның толықтай орындалатынына деген сенімді нығайтатын үміткердің бүгінге дейін жүріп өткен кәсіби жолындағы табыстары мен азаматтық тұлғасы – Қасым-Жомарт Кемелұлын жеңіске жеткізген басты фактор.

Халқымыздың бірлігі мен өзара түсіністігі, сабырлығы мен байсалдылығы жаңа Президенттің алға қойған мақсаттарына жетуінің негізгі күші болады. Алдағы уақытта сол сенімді абыроймен ақтап, Елбасы саясатының сабақтастығын, әділдікті және өрлеуді қамтамасыз ету үшін аянбай жұмыс істейтініне кәміл сенеміз.

 

 

Газым.JPG
Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,
Жаңаарқа аудандық қоғамдық штаб төрағасы:

 

Болашаққа – үміт, жастарға – аманат

– Қасым-Жомарт Тоқаев – халық өзі таңдап алған, лайықты Президент. Мен де сайлауға барып, жаңа идеялар үшін дауыс бердім. Президенттің өзі айтпақшы, Елбасы ұсынған стратегия жалғасын табады деп ойлаймын. Мен жастарды қолдау туралы жаңа идеяларды естідім. Осы сөзі қатты қуантты. Жастардың мүмкіндігіне кең жол ашылады. Жаңа технологияларды енгізуді қалайтын, жаңалық ашқысы келетін адамдар үшін бұл – жақсы. Президент ескерткендей, әлем бір орында тұрған жоқ, қарымды қадамдармен алға жүруіміз қажет. Менің түсінуімше, бұлар қоғамда жиі талқыланатын әлеуметтік мәселелер. Кадрлар тапшылығы бар екенін білемін. Бұл – өзекті мәселе. Сонымен қатар бизнес те маңызды. Бизнесті дамытуға кең жол ашу қажет, қолдау керек. Билік халық алдында есеп беретін алаңдардың болғаны қандай жақсы. Ол айтқан идеялардың барлығы іске асқанын қа­лаймын.


Гулнар.JPG
Гүлнар ЕЛЕУСІЗОВА,
Ақтоғай аудандық «Редакция» бастауыш 
партия ұйымының төрағасы:

 

Жаңа көшбасшы – жаңа мүмкіндіктер кепілі 

– Қазақ елі тарихи кезеңнің куәсі болып, ел президентін таңдауда үлкен белсенділік көрсеткені қуантады. Халық өз таңдауын жасап, еліміздің жаңа тағдырына қолдау таны­туда. Жаңа көшбасшы – жаңа мүмкіндіктер кепілі. Әркім таңдауын жасады. Сайлау қорытындысында халық қалаулысы болып Қ.Тоқаевтың жақтастары көш бастап тұр. Бұл дегеніңіз – тұңғыш Елбасымыздың сындарлы саясатын нақты жүзеге асыруға мол мүмкіндік. Яғни, еліміздің ұлтаралық қатынасын сақтай отырып, халқымыздың бейбіт өмір сүруіне Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің бар күш-жігерін салады деп ойлаймын. Президент үлкен бастамалармен жұмыс істеп, халық сенімінен шығатынына партия белсендісі ретінде сенімім зор. Біздің ендігі міндетіміз – қолдағы барымызды қадірлеп, жетістіктерімізді сақтап, өрлеу мен жасампаздықтың жолында батыл қадам басу» деген болатын. Келешегіміз жарқын болу үшін Президентімізбен бірлесе отырып, жұдырықтай жұмылып, жарқын болашаққа жұмыс істей береміз.

 

Хайрулла.JPG
Хайрулла ҚОЖАБАЕВ,
«Кентау трансформатор зауыты»
АҚ басқарма төрағасы:

 

Игілік жолына – ізгі қадам

– Кентау трансформатор зауытының ұжымында бүгінде 1 500 адам жұмыс істейді. Олардың арасында тәжірибелі еңбек адамдары мен жоғары оқу орнын жаңадан бітірген жас мамандар да бар. Елбасы саясатының арқасында біздің кәсіпорынға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келді. Нәтижесінде, біз өндірген өнімді тек Қазақстан емес, шетел нарығына да шығаруға қол жеткіздік. Мемлекеттік қолдаудың аясында біздің зауыт елдегі бірегей кәсіпорынға айналды. Ал еліміздің басшысын таңдайтын сайлауға қатысуды әрбіріміз үшін азаматтық борыш санадық. Биыл да сайлауға белсенді түрде қатысып, Елбасының сындарлы саясатын сабақтастыра отырып, әділ жолмен өрлеуге бастайтын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған дара жолды таңдадық.

Әрине, бұл, ең алдымен, баршамызға ортақ – игілік жолы.

 

Айдарбек.JPG
Айдарбек АЙТБӨКЕШЕВ,
Атырау қалалық
Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

 

Бекем бірлігіміздің арқасы

– Күллі Қазақстан азаматтары 9 маусым күні Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысып, дауыс берді. Болашаққа нық сеніммен қараған халқымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасында ұсынған басты қағидаларын қолдап, мызғымас бірлігімізді танытты. Атырау облысы бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінде орналасқан №89 сайлау учаскесі де өз жұмысын аса жауапкершілікпен атқарып шықты.

Өзім Nur Otan партиясының белді мүшесі, еліміздің патриоты ретінде өте маңызды әрі қажетті қадам болған кезектен тыс прези­дент сайлауының халықаралық стандартқа сәйкес, таза, ашық әрі әділ өткеніне сенімдімін. Сондай-ақ бұл саяси науқанда таңдауы­мызды жасап, маңызды іс-шараға үлесімізді қосқанымызды мақтан етемін.

 

Ескендир.JPG
Ескендір ИБРАГИМ,
әнші:


Әлеуметтік сала – басты назарда

– Біз – жастар, ұлт Көшбасшысының қолға алған бағыттарын ары қарай тиімді жалғастыру жолында әрқашан Президен­тімізбен біргеміз. Сайлау нәтижесі тәуелсіздік туының қашанда жоғары желбіреп, бірлігі мықты ел болу жолындағы бағыттардың одан ары кеңінен қанат жаюына мүмкіндік берді.

Әрбір Қазақстан азаматы үшін елдің амандығы мен тыныштығы қымбат. Спортшы, әнші, қазақ баласы ретінде еліміздің бейбіт өмірі жолында еңбек етіп келеміз. Біз бүгінгі ұлықтау рәсімі ғана емес, жалпы осы саяси науқан кезінде текті елдің ұрпағы екенімізді көрсете аламыз. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық дәрежедегі дипломат екені баршамызға аян. Мемлекетті басқаруға кіріскен Президентімізге сәттілік тілейміз. Осы орайда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бір-бірімізді қолдауымыз керек деп ойлаймын. Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайындағы ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы билік халықтың жағдайын жасауға баса назар аударатынын қадап айтты. Соңғы кездері мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға айрықша мән берілуде. Бұл тұрғыда осы бастамалар толықтай жүзеге асырылады деп сенемін. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуындағы нақты міндеттер айқындалатынын атап өтті. Сондықтан бұл салаға тың серпін беріледі деген ойдамын.