Ел тарихынан сыр шертер бабаларымыздан қалған жәдігерлер мұра-жайларда сақталады. Осы мұра арқылы өткенге көз саламыз. Бұрынғы заманға сапар шегеміз. Міне, осыны басты бағдар етіп алған «Ұлы дала мұрасы» халықаралық мұражайлар фестивалі Жезқазғанда басталды. Оған әлемнің бірнеше елінен 18 мұражайдың қызметкері қатысуда.
Фестивальге дәріскер әрі қонақ ретінде Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Моңғолиядан делегаттар келді. Қарағанды облыстық әкімдігі сайтының хабарлауынша, іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласын жүзеге асыру, сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр. Фестиваль 11-13 маусым аралығында өтеді. Бірінші күні «Өз есіміңді тарихта қалдыр» акциясы өтті. Фестиваль аясында Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы, Түрік Республикасының Анкара университеті мен Астрахань музей-қорығы арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Бағдарламада қолданбалы өнер бойынша шеберлік-сынып өткізу де қарастырылды. Оған мұражайлардың суретші-реставраторлары, қыш ісінің шеберлері қатысты. Фестиваль ұйымдастырушылары «Ұлы дала мұрасы» экспозициясын ұсынды. Қызықты жәдігерлердің бірі «Алтын адамның» дәл көшірмесі болды. Көрмеде Қазақстанның 60-тан астам бірегей жәдігері жиналған.
Сондай-ақ әртүрлі елдің мұражайларынан жеткізілген сирек кездесетін жәдігерлер таныстырылды. Қытай делегациясы Қарағанды облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасының қарамағына XVIII ғасырдағы Қытай мен Қазақстан арасындағы жібек саудасы туралы құжаттың көшірмесін берді. Моңғол делегациясы қазақ диаспорасының Моңғолия аумағына қалай қоныс аударғаны туралы құжаттың көшірмесін сыйға тартты. Өзбек делегациясы атынан қарағандылықтар ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының тарихына қатысты құжаттар мен фотосуреттердің көшірмесін сыйлыққа алды. 12 маусым күні фестиваль қатысушылары үшін мұражай қызметкерлеріне арналған «Мұражай қызметін жаһандық жаңғырту – уақыт қажеттілігі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Дәріскерлер Анкара университетінің профессоры Айша Чакир Илхан, жоғары санатты экскурсовод-әдіскер, Қазақ спорт және туризм академиясының туризм сарапшысы, ЮНЕСКО ұлттық комиссиясының мүшесі Бақыт Оразымбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, профессор Тәттігүл Қартаева және басқа да танымал тұлғалар болды. Фестивальдің қорытынды күні қатысушыларға арналып Ұлытау жеріне саяхат ұйымдастырылады.