Astana Pro Team жабыла ма?
Astana Pro Team жабыла ма?
261
оқылды
Кейінгі кездері әлемдік спорт клубтарының ара­сында өзіндік орны бар, айтулы жа­рыстарда же­тіс­­тіктерге жетіп жүрген «елор­­­далық велоспорт клу­­­бы жабылуы мүмкін» деген түрлі қауесет тарау­да. Бұл туралы отандық БАҚ өкілдері де бірнеше рет жазды. Жалпы, бұған дейін де «Астана» прези­дент­тік кәсіби спорт клубы­ның құрамына кіретін екі команда жабылған бола­тын. Атап айтқанда, 2018 жылы «Астана Моторс» рал­­ли мен «Астана Арланс» бокс командалары жұмы­сын тоқтатты. Қауіп қазіргі кез­де «Астана» велокоман­да­сы­ның да басына төніп тұр. Оған бірқатар дәлел де бар. Ендеше соларға тоқ­та­лайық. Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) коронавирус пан­де­миясына байланысты жа­рыс­тарды өткізбеу мерзімін 1 маусымға дейін ұзартты. Соның сал­дарынан сәуір айынан бас­тап «Астана» велокомандасы қызметкерлерінің, команда мүшелерінің жалақысы 30%-ға қысқарды. Шешім ұйым мен демеушілердің коронавирусқа байланысты экономикалық дағдарысы кезінде қабылданған. Sports.kz порталы осы жағдай жөнінде «Пандемия кезінде жарыстардың кейінге шегерілуіне байланысты ұжымның жала­қысы 30%-ға қысқарды» деп ха­барлады. Аталған жайт тура­лы қазақстандық «Астана» вело­ко­­мандасының (Astana Pro Team) бас менеджері Александр Винокуров та мәлімдеме жасады. Бірақ бұл жалғыз елордалық ұжым­ның басындағы жағдай емес. Cyclingnews порталы көп­теген шетелдік команданың нау­рыз, сәуір және мамыр айла­рында жалақы мөлшерлемесі төмендегенін жазған. Бұдан бөлек, клубтың айна­ла­сында соңғы уақытта үлкен дау туындады. Ол «Астана» спорт клубының бұрынғы директоры Аманбек Кульчиковтың қамауға алынуымен тікелей байланысты. Наурыз айында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші де­пар­таментінің басшысы Сер­гей Перов ұжымдағы үш қыз­мет­кердің үстінен «Қазақстан имид­жі мен спортын дамытуға бөлінген қаржыны ұрлады» деген күдікпен қылмыстық іс қоз­ғалғанын айтты. Агенттік «Аманбек Кульчиков ақша жым­қыру жоспарын құрып, Шәмшиева және Ардавичуспен сөз байласып, ақша ұрлау ойын жү­зеге асырған» деп санай­ды. Олар жалпы құны 2,5 мил­лиард теңге ұрлады деп айып­та­лып отыр. Күдіктілердің Ал­­маты мен Нұр-Сұлтандағы эли­талы пәтерлері, көліктері, жер телімдері тәркіленді. Жем­қор­лыққа қарсы агенттіктің де­­регінше, Кульчиков 2016-2018 жылдары спорт клубына қа­жет қаражатты біле тұра, шығындарды асырып көрсеткен. Ақшаның жұмсалғаны жайлы жалған есеп берген. Қазіргі кезде атал­ған агенттік бұл іске басқа адамдардың да қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдыратыны бар ғой, бұдан біраз уақыт бұрын еуро­палық ақпарат құралдары клуб мүшелерінің допинг дауына ілігіп, өмір бойы осы қызметпен айналысу құқынан айырылған атышулы дәрігер Микеле Фер­раримен байланысы барын жазған. Енді ол жайында әлемдік басылымдар да хабар тарата бастады. Ал қазақстандық клуб басшылығы мұның барлығы аран­датушылық екенін айтып отыр. Astana Pro Team – «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін команда. Клуб құрамында түрлі кәсіби спорт ұйымдары, соның ішінде футбол, баскетбол және хоккей командалары да бар. Велокоманда Astana Pro Team мәртебесін 2007 жылы құрылған бетте алды. Әр кезеңдерде ко­ман­да құрамында әлемнің ең мықты шабандоздары бол­ды. Жалпы, «Астана» вело­ко­­мандасы құрылғалы бері 8 гранд турдың жеңімпазы ата­нып­ты. Гранд турларда 48 рет жекелей кезең жеңімпазы бол­ған. Ішкі чемпионаттарда 39 рет жеңіске жеткен. «Астана» вело­командасының сапында өнер көрсеткен Александр Вино­куровтың да олимпиада чем­пионы атанғанын мұқым ел мақ­танышпен айтып жүр. Вело­ко­манда бұдан өзге 341 жүлдеге қол жеткізген. Bikeandme.com.ua спорттық порталының таратқан мәлі­ме­тінен Astana Pro Team ко­ман­даcының жылдық бюд­жеті 18 миллион еуроны құрайтынын көруге болады. Әрі әлемдегі қаржысы көп 10 үздік команданың арасында елордалық клуб 5-орында тұр екен. Жыл сайын клубтың жылдық бюджетіне қомақты қаржы аударылады. Әрі бас демеушілердің бірі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы екенін де спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Осы ретте команданы мем­ле­кеттік қазына арқылы қар­жыландырудың қажеті жоқ екені, оны басқа да демеушілер мен жарнамалық келісімшарттармен қаржыландыру керек деген ұсы­ныстар сан мәрте айтылып жүр. Олардың арасында: «Самұрық-Қазына» Astana Pro Team-ді жабу туралы шешім қабылдаса, бұл оңды қадамдардың бірі болар еді. Велоспорттан елдің атын шығару үшін шетелдік ойыншыларға миллиондаған доллар ақша беру ақылға қонымсыз» деп жазған­дары да бар. Міне, осындай шым-шы­ты­рық оқиғалардан кейін «Ас­та­на» велокомандасының жағ­дайы одан сайын қиындай түс­ті. Команданың ендігі тағ­ды­ры қалай болар екен деп алаңдаушылық білдіргендер көп. Не десе де, клуб үшін бұл бір қиын кезеңдердің бірі болып тұр.      width=Ермұхамед МӘУЛЕН спорт ком­мен­таторы: – Astana Pro Team ко­­ман­да­сы­­на соң­ғы жыл­да­ры өте көп­ ша­буыл жасалды. Отандық және шетелдік баспасөзде де елор­далық команда туралы бірнеше рет жазылды. Оның барлығын жасап отырған Қазақстанның ішіндегі Astana Pro Team бас­шылығына ұмтылып жүрген адамдар екені белгілі. Танымал команданы өз иелігіне алғысы келіп жүргендер бар. Сондықтан осындай мәселелер туындады. Astana Pro Team – «Астана» пре­зи­денттік кәсіби спорт клубы­ның (ПСК) құрамына кіретін командалардың ішіндегі ең нәтижесі жоғары, қаржыны да аз пайдаланатын командалардың бірі екенін айта кеткен жөн. «Ас­тана» командасының ша­бан­доздары Тур де Франста, Вуэльта Испанияда, Джиро де Италияда топ жарды. Оның бәрі де легионерлердің арқасы деген күннің өзінде қазақстандық велошабандоз Алексей Луцен­коның өзі Ла Вуэльта Испанияда жеңімпаз атанды. Тур де Оман, Тур де Сауд Арабия жарыстарының барлығында да жеңіске жетті. Одан бөлек, Никита Стальнов, Жандос Бейжігітов, Бақтияр Қожатаев, Дмитрий Грузьев, Андрей Зейц тәрізді қазақстандық велошабандоздар бар. Олардың көпшілігі қазіргі кезде Еуропада топ жарып жүр. Өйткені олардың жанында Алекс Аранбуру, Омар Фраиле, Мануэле Боаро, Ми­ге­ль Анхель Лопес, Якоб Фульсанг сияқты легионерлер бар. Олардың барлығы бір-біріне көмектесу, бірлесе өнер көрсету арқылы тамаша жетістіктерге қол жеткізуде. Жалпы, «Астана» жас таланттарды шығаратын ко­мандаға айналды деп айтуға толық негіз бар. Еуропада кез кел­ген Raisport, Eurosport, Euronews сияқты баспасөздерге шолу жасасаңыз, Astana Pro Team командасы туралы осындай жақсы пікірлерді жиі байқауға болады. Азия ойындары, құр­лық­тық додалардың барлы­ғын­да біздің қазақстандық вело­шабандоздардың қай-қайсысының да жақсы өнер көрсетуі – клубтық деңгейде өсіп-жетілгенінің арқасы. Оны мойындауымыз керек. Сон­дық­тан Astana Pro Team өзіне берілген қаржыны лайықты түрде ақтап жатыр деп айтуға болады. Александр Винокуров Еуропада, жалпы әлемдік велоспортта абырой-атағы өте зор адамдардың бірі. Мен мұны Еуропаға барған кезде Винокуровпен суретке түс­кісі келген адамдардың ке­зек­ке тұрып жатқанын көріп сезіндім. Бұл біздің елімізде де вело­спорттың қарқынды түрде дамы­ғанын көрсетеді.    width=Қуаныш­хан ӨМІРХАН,  Prosport.kz сайтының тілшісі: – Astana Pro Team ве­ло­­­коман­да­сы – ел бюд­же­ті­нен ең көп қаржы алатын спорт клубтарының бірі. Бірақ сол бөлінген қаржының есебін сұраған кім бар? Нәтиже бар ма? Клуб басшылары нәтиже р­е­­тінде команда сапындағы ко­лум­­биялық, испаниялық ша­­бан­доздардың шетелде өт­кен жарыстарда жүлде алға­нын айтатын шығар. Менің ойым­ша, бұл ешқандай да оң нә­ти­же емес. Шетелдік шабан­доз­­дың біркүндік жеңісі біз­дің спортты дамытпайды. «Aста­на» командасы жыл ба­сын­да 2020 жылға арналған құра­мын жариялады. Команда са­пын­да жалпы 28 шабандоз өнер көрсетеді екен. Оның 8-і ғана қазақстандық. Қалғаны ле­гио­нер. Ал біз көргіміз келетін қазақ шабандозы біреу ғана. Сонда «Aстана» командасын қа­зақ­стандықтар үшін емес, шетел­діктер үшін ұстап отырмыз ба? Тағы бір мәселе, велоспорт біздің елде танымал спорт емес. Жа­қын уақытта бұқаралық спорт деңгейіне көтерілмейтін де шығар. Кейбір жерде элиталық спорт ретінде аталып жүр. Вело­спорт елімізде танымал бол­маса, Еуропаның сүйікті спор­тын Қазақстанға сүйреп әкеліп, оған миллиондаған қаржы бөлудің қажеті қанша? Велоспортты мүлде жауып тас­тасын демеймін. Бұл сала­ның да өз жанкүйерлері бар. Велокоманда болсын, бірақ өз деңгейімізге сай болсын. 80% шетелдіктер өнер көрсететін команда құрып, «бізде әлемдік деңгейдегі команда бар деп» мақ­танудың жөні жоқ. Әлем­дік деңгейдегі, Еуропа тани­тын командаңды өз еліңнің хал­қы білмесе, оның пай­да­сы не? Демек, қазіргі «Aстана» вело­ко­ман­дасының бюджетін 50%-ға қысқартып, шабан­доз­дардың тең жартысын қазақ­стан­дық спортшылардан жасақтау керек. Тағы бір мәселе, еліміздегі велоспорттың айналасындағы адамдар мемлекеттік тілде жұмыс істемейді. Федерация болсын, командалар болсын мемлекеттік тілде хабар таратуға бейжай қарап келеді. Осының өзі велоспорттың халықтан мүлде жырақтап, бұқаралық спортқа айналмауына себеп болып отыр.  

 width=Абылайхан ЖҰМАШ