«Сырт көз сыншы» дегендей, сен тұрып жатқан қалаға сырттан келген қонақ, ең алдымен, көше тазалығына қарайды. Ол үшін әр көше мұнтаздай таза болуы керек. Сол арқылы қаламыздың ғана емес өзіміздің де тазалығымызды көрсетеміз!
Тазалықты ту етіп алған елордалықтар Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін мерекелеу аясында 15 маусымда «Еуразияның таза жағалауы» халықаралық экологиялық акциясын өткізуді жоспарлап отыр. Ол қала аумағындағы су нысандарының жағдайын жақсартуға, қоршаған орта мен экологияның тазалығын сақтауға бағытталған.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Халықаралық көл өңірлері қауымдастығының (ХКӨҚ) бастамасын қолдау мақсатында «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы», Let's do it, Qazaq eli, Астана автоклубтар альянсымен бірлесіп, 2019 жылдың 15 маусымында «Еуразияның таза жағалауы» халықаралық акциясын және «Біз таза ел үшін» экологиялық қозғалысын өткізеді.
Бұл күні барлық ниет білдірушілер көп көлемдегі қоқыстарды жинап, оны одан ары қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін бірлесе иық тірестіріп жұмыс істейді. Экологиялық акция шеңберінде азаматтық бастамалар тазалықты сақтауға саналы көзқарасты ұштастыра отырып, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруда, сондай-ақ қазіргі заманғы қоғамның тұрақты дамуында керемет табыстарға қол жеткізуге көмектеседі деп болжануда.
«Біздің әлемді экологиялық таза етіп, оның сұлулығын болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуға күш-жігеріміз бар!» – деген ұйымдастырушылар астананың тұрғындары мен қонақтарын қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін үлес қосуға шақырды.
Перизат САҒАНТАЙ