Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыру, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы қарсылық көрсете алатын жаңа формациядағы жастар легін дайындау мақсатында Қазақстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы еліміздің барлық өңірлерінде «Парасат мектебі» курстарын өткізуді бастады.
«Академияның аймақтардағы филиалдары мен орталығында студенттер арасында, соның ішінде екінші және үшінші курс студенттерімен жұмыс істеу басталды. Парасат мектебі жастардың шығармашылығымен қатар, ойын анық жеткізе алуға, яғни эмоциялық нығаюына септігін тигізеді. Кешеден бері курс тыңдаушылары сыбайлас жемқорлықтың мемлекетке тигізер зияны жайлы теориялық білім ғана алып қойған жоқ, сонымен қатар түрлі практикалық кейстарды шешіп жатыр. Осы себепті, бұл мектептің студент жастарға берері мол», – дейді академияның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Айжан Масенова.
Бұл алдағы жылдары да қолға алынып, жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналмақ.
«Мектеп жұмысын студенттер жазғы каникулға шыққан кезге арнайы орайластырып отырмыз. Біз облыс орталығындағы үш университетке хат жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде, «Парасат мектебіне» қатысуға 60-қа жуық студент ниет білдірді. Дегенмен үш жүз сөзден тұратын эссе жазу іріктемесінен тек 18 студент қана өтті. Курстар барысында оларға мемлекеттік қызметшілердің этикасы, өзін-өзі ұстауы бағытындағы дәрістер оқылады. Курс қорытындысы бойынша тыңдаушыларға академия үлгісіндегі сертификаттар табысталады», – деді А.Матанқызы.
Аталған шара Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе атқарылып жатыр.
Әділ БЕК