Адал келген ас тәтті
Адал келген ас тәтті
461
оқылды

Үкімет қазір жұмыссыздықты жою үшін біршама бағдарлама жасады. Сонда да елімізде екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетерлік. Құлықсыздық ба­сым көбімізде. Күнделікті тапқан ақшаға мәз болып жүргендер де жетерлік. Болашағын емес, бір күндік қарын тойғанды ойлайтындардың да саны азаяр емес.

Сондай бір бағдарламаға көз салып, зерделей кетуді жөн санадық. Қазақстандықтар алғаш рет аталған бағдарлама туралы Үкіметтің 2016 жылы қыр­күйек айында өткен кеңей­­тілген отырысынан кейін естіген болатын. Сол кезде Елбасы Министрлер кабинетінің алдына жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту жөнінде нақты тапсырма қойған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президент тап­сыр­масына шұғыл әрекет жасап, осылай­ша, 2016 жылғы желтоқсанда Үкімет қаулысы­мен 2017-2021 жылдарға ар­нал­­ған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту бағдар­ламасы да бекітілді. Бағ­дарламаны іске қосу туралы 2017 жылдың басын­да жария­ланды. Бұл жаңа бағдар­ламаның басты мақсаты — азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша немесе кәсіпкерлік негіздеріне жап­пай оқытуды ұйымдастыру. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бес жыл ішінде 320 мың адам, оның ішінде 106 мың адам (жыл сайын 21,3 мың адамнан) жұмыс білік­­­ті­лігімен қамты­лады. Қыс­қамер­зім­ді курстар бойынша кәсіби оқытумен — 214 мың адам (2017 жылы — 26 мың адам, 2018 жылы — 36 мың адам, 2019 жылы — 46 мың адам, 2020 жылы — 50 мың адам, 2021 жылы — 56 мың адам) қамтамасыз етіледі.

Бағдарламаның осы бағы­тын қаржыландыруға қатысты айтар болсақ, тегін кәсіптік-техникалық білім беру жұмыс біліктіліктері бойынша жергі­лік­ті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Маман­дарды дайын­­дау бо­йын­ша қаржылан­ды­ру қоры­тындысы 118,7 млрд теңгені құрайды. Яғни, 2017 жылы — 4,3 млрд теңге, 2018 жылы — 17,1 млрд теңге, 2019 жылы — 29,3 млрд теңге, 2020 жылы — 34,7 млрд теңге, 2021 жылы 33,3 млрд теңге бөліну көзделген.

Бұл бағдарлама өз нәтиже­сін беріп те жатыр. Сол атқа­рыл­ған жұмыстардың бір ғана өңірдегі нәтижеге тоқтай кет­сек те болар. Мысалы, Ақтөбе облысында «Еңбек» бағдар­ла­масы қарқынды іске асуда. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды. Жоспар бойынша биыл 36 мың­нан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шаралары­на тартылады. Бұл мақсатқа 8 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қазірдің өзін­де қысқамерзімді кәсіптік білім алған 116 ақтөбелік тұрақ­­ты жұмыс тапқан. Бұл ретте көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелерін оқуға бағыттап, оларға маман­дық беру басымдыққа ие. Ал шағын несие алып, іс баста­ған­дардың арасында ауыл тұрғындарының үлесі басым. Барлығы да «Бизнес бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін үйренген. Бүгінде өз жобаларына сай шаруашы­лық­пен айналысып келеді екен. «Қазіргі кезде 478 адам өзінің бизнес жобаларын қорғады. 24 адам қаржыланды­рылды. Көбіне қазір алып жатқаны – бұл ауылдық жер­лер­де мал шаруашылығын дамыту үшін, бау-бақша өсіру үшін осы бағыттарда микро­кер­диттер алып келеді. Ал қалалық тұрғындарға келетін болсақ, ол – шағын бизнес. Ол визажист, шаштараз секілді бизнес ашуға микрокредиттер алуда», – дейді облыстық жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Қайрат Отаров.

Міне, бағдарламалар сәтті қолға алынып жатыр. Бірақ кейбір азаматтар өз нәпақасын жұмыс істеп таппай, ұрлықпен қалта қампитуды көздейді. Ақтөбе облысының «Атаме­кен» кәсіп­кер­лер палатасының кәсіпкер­лер құқын қорғау жөніндегі кеңес жиынына Әйтеке би ауданынан келген фермер Қуанбек Әсімбетов 2018 жылы сәуірде 206 бас жылқысы жо­ға­­лып, 68 млн теңге­ден астам шығын келге­нін айтты. Соңғы төрт жылда 700-ден аса малы ұрланғанын айтқан ол ұрлыққа байланысты қозғал­ған қыл­мыс­тық іс те жабылып қалды дейді. Алға ауданында тұратын фермер Самат Қалды­ғұ­лов 2018 жылы желтоқсанда 43 жылқысы ұрланғанын жеткіз­ді. Соның ішінде екі жыл бұрын 5 асыл­тұқымды жыл­қым ұрла­нып, іс ашылмай қалды деп шырыл­дау­да.

Міне, екі мысал. Біреуінде сәтімен жүріп жатқан бағдар­ла­ма, екіншісінде басқаның мүлкіне қол сұққандар. «Ұры басқаның малын жейді, өзінің арын жейді» деген қазақ. Маңдай термен келген, адал асқа не жетсін! «Алма піс, ауызға келіп түс» деп отыра бермей жұмыс етіп, еңбекпен келген ақшаны керегі­міз­ге жаратуға талпынайық, ағайын!