Үкімет қазір жұмыссыздықты жою үшін біршама бағдарлама жасады. Сонда да елімізде екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетерлік. Құлықсыздық басым көбімізде. Күнделікті тапқан ақшаға мәз болып жүргендер де жетерлік. Болашағын емес, бір күндік қарын тойғанды ойлайтындардың да саны азаяр емес.
Сондай бір бағдарламаға көз салып, зерделей кетуді жөн санадық. Қазақстандықтар алғаш рет аталған бағдарлама туралы Үкіметтің 2016 жылы қыркүйек айында өткен кеңейтілген отырысынан кейін естіген болатын. Сол кезде Елбасы Министрлер кабинетінің алдына жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту жөнінде нақты тапсырма қойған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президент тапсырмасына шұғыл әрекет жасап, осылайша, 2016 жылғы желтоқсанда Үкімет қаулысымен 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы да бекітілді. Бағдарламаны іске қосу туралы 2017 жылдың басында жарияланды. Бұл жаңа бағдарламаның басты мақсаты — азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бес жыл ішінде 320 мың адам, оның ішінде 106 мың адам (жыл сайын 21,3 мың адамнан) жұмыс біліктілігімен қамтылады. Қысқамерзімді курстар бойынша кәсіби оқытумен — 214 мың адам (2017 жылы — 26 мың адам, 2018 жылы — 36 мың адам, 2019 жылы — 46 мың адам, 2020 жылы — 50 мың адам, 2021 жылы — 56 мың адам) қамтамасыз етіледі.
Бағдарламаның осы бағытын қаржыландыруға қатысты айтар болсақ, тегін кәсіптік-техникалық білім беру жұмыс біліктіліктері бойынша жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Мамандарды дайындау бойынша қаржыландыру қорытындысы 118,7 млрд теңгені құрайды. Яғни, 2017 жылы — 4,3 млрд теңге, 2018 жылы — 17,1 млрд теңге, 2019 жылы — 29,3 млрд теңге, 2020 жылы — 34,7 млрд теңге, 2021 жылы 33,3 млрд теңге бөліну көзделген.
Бұл бағдарлама өз нәтижесін беріп те жатыр. Сол атқарылған жұмыстардың бір ғана өңірдегі нәтижеге тоқтай кетсек те болар. Мысалы, Ақтөбе облысында «Еңбек» бағдарламасы қарқынды іске асуда. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды. Жоспар бойынша биыл 36 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Бұл мақсатқа 8 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қазірдің өзінде қысқамерзімді кәсіптік білім алған 116 ақтөбелік тұрақты жұмыс тапқан. Бұл ретте көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелерін оқуға бағыттап, оларға мамандық беру басымдыққа ие. Ал шағын несие алып, іс бастағандардың арасында ауыл тұрғындарының үлесі басым. Барлығы да «Бизнес бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін үйренген. Бүгінде өз жобаларына сай шаруашылықпен айналысып келеді екен. «Қазіргі кезде 478 адам өзінің бизнес жобаларын қорғады. 24 адам қаржыландырылды. Көбіне қазір алып жатқаны – бұл ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамыту үшін, бау-бақша өсіру үшін осы бағыттарда микрокердиттер алып келеді. Ал қалалық тұрғындарға келетін болсақ, ол – шағын бизнес. Ол визажист, шаштараз секілді бизнес ашуға микрокредиттер алуда», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.
Міне, бағдарламалар сәтті қолға алынып жатыр. Бірақ кейбір азаматтар өз нәпақасын жұмыс істеп таппай, ұрлықпен қалта қампитуды көздейді. Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес жиынына Әйтеке би ауданынан келген фермер Қуанбек Әсімбетов 2018 жылы сәуірде 206 бас жылқысы жоғалып, 68 млн теңгеден астам шығын келгенін айтты. Соңғы төрт жылда 700-ден аса малы ұрланғанын айтқан ол ұрлыққа байланысты қозғалған қылмыстық іс те жабылып қалды дейді. Алға ауданында тұратын фермер Самат Қалдығұлов 2018 жылы желтоқсанда 43 жылқысы ұрланғанын жеткізді. Соның ішінде екі жыл бұрын 5 асылтұқымды жылқым ұрланып, іс ашылмай қалды деп шырылдауда.
Міне, екі мысал. Біреуінде сәтімен жүріп жатқан бағдарлама, екіншісінде басқаның мүлкіне қол сұққандар. «Ұры басқаның малын жейді, өзінің арын жейді» деген қазақ. Маңдай термен келген, адал асқа не жетсін! «Алма піс, ауызға келіп түс» деп отыра бермей жұмыс етіп, еңбекпен келген ақшаны керегімізге жаратуға талпынайық, ағайын!