Жақында танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты Әзірбайжан Мәмбетовтың төл шәкірті Нұрлан Жұманиязовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Марғасқа өнер мен бүгінгі өмір жайлы әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
– «Адамның басы Алланың добы» деген сөз өнер адамдарына тым жақын секілді. Еліміздің батысы мен шығысын қойып, өнер жолын қуған жандар мұхит асып жатады. Семейге қалай келдіңіз? Шығармашылық байланысыңыз туралы айтсаңыз.
– Мені Семейге өнер, өнерге деген құштарлық жетеледі. Акбарәлі Айтибаев екеуміздің арамыздағы достық алып келді. Ол екеуміз бір әкенің баласы болмасақ та, атағы дардай Әзірбайжан Мәмбетовтың шәкіртіміз. Өмірде жақын араласып шынайы дос болдық, өнерде бір-бірімізді қолтығымыздан демеп, қолдау көрсеттік. Оның ізденгіштігі, әр нәрсеге байыппен қарайтыны, парасаты ерекше болатын. Осы күні екеуміз қалай ғана дос болдық деп таң қаламын. Өйткені екеуміз екі түрлі адамдар едік. Тіпті екеуміздің де түсінігіміз екі дара болатын. Екі ұғым, екі темперамент. Ол кешіргенді мен өлсем де кешпейтінмін. Мен көз жұма қараған нәрсені ол ең алдымен байқайтын. Ол маған сондай қымбат еді. Мені қатты қадірледі. Ессіздігімді кешірді. Тентектігіме көз жұма қарап, бассыздығыма өкпелеген жоқ. Сол кезде даналық көрсетіп, демеу болды. Оқшау жүретін, барлығын ойға салатын. Мен керсінше аңқау кейіпте, апыр-топыр жүрдім. Мүмкін үстірт қарадым. Ол көп ізденіп, кітаптан бас алмайтын.
– Акбарәлі Айтибаев Семей қаласындағы «Дариға-ай» жастар театрының құрылуына өз септігін тигізді. Осы жастар театрының құрылғанына да биыл жиырма жыл толып отыр ғой.
– Жиырма жыл дейсің, ә?! Зымыраған уақыт. «Дариға-ай» театрын құруға келгенде Акбарәлі досымның еңбегі ерекше. Бірақ «Дариға-ай» театрының негізін салушылардың бірі – Дариға Тұранқұлова. Мұны естен шығаруға болмайды. Алайда Акбарәлінің сол істің басы-қасынан табылуы менің наразылығымды тудырды. Әзірбайжан Мәдиұлының шәкірті екеніміз, соның шеберханасынан шыққандығымыз болар, қарсылығымды ашық білдірдім. Үлкен артистермен үлкен театр ұжымында жұмыс істейік дедім. Акбарәлі алған бетінен қайтпады. Ол кезде сондай бір кезең болатын. Алып империяның құлауы, өліара шақ, бізді қуантты. Дербес елдікті аңсаған біздер үшін бұл айтып бітпейтін бақыт еді. Жаңа мүмкіндіктер ашылып жатты, көбі соны пайдасына жарата білді. Сол кезде театр ашу деген, жас балалармен жұмыс істеу дегеніміз ақымақтық деп ойладым. Оларды тәрбиелеп ұшырамын дегенше қаншама уақыт деп ойладым. Бірақ ол Семейде қалып қойды. Жастарға үміт артты.
– Сіз қалай ойлайсыз, досыңыздың сол бір үміті ақталды ма?
– Театр болып қалыптасу – ұзақ процесс. «Дариға-ай» ұжымында менің досым тұтатқан сол бір ұшқын бар секілді. Жасыратыны жоқ, қойылымдарынан досымның қолтаңбасына тән элементтерді көремін. Республикалық деңгейге көтеріліп, бақ сынады. Байқауда Гран-при жүлдесін алғанында Акбарәлі досым үшін төбем көкке жетті. Бұл тамаша, таңғаларлық дүние. Өзі кетеді, ал артында қалған түлектері, тәлімін көрген шәкірттері биік белеске көтеріледі. Өнер саласында өзіңе дейінгі жолды одан ары жалғау қиынның қиыны. Ол саған бір зауыт емес, кәсіпорын емес. Ақшаңды саласың ары қарай дамытасың. Бірақ осы балалар сол бір қысылтаяң шақтан өте білді. Және қалай өтті десеңші. Ұстаздарының үмітін ақтауға талпынғанының өзі неге тұрады. Өлгеннен кейінде әрмен қарай жалғасын табуы, расында да, жүрек тербейтін тәтті сезім. Аз уақыттың ішінде ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың берік орнауы бұл. Сөзсіз соның жемісі. Акбарәлі Айтибаев балалары үшін, яғни шәкірттері үшін тірі. Шәкірттерін көргенде досым өмір сүріп жүргендей елестейді. Ең басты өкініш «Акбар» дегенде мен жылап-сықтамаймын, іштей егіліп сағынамын.
– Бүгінде актер, режиссер мамандықтарын алып шығатын қаншама жастар бар. Олар да өз алдарына отау құрып, ел алдына шығып жүр. Буыны бекіп келе жатқан басқа да өнер ұжымынан облыстық «Дариға-ай» жастар театрының ерекшелігі қандай?
– Бақилық болған ұстаздарының ұшқынынан күш алып, қуат алуы, сабақ алуын жоғары азаматтыққа балаймын. Өздерін әрдайым дамытуды тоқтатпауын, өз бетінше ізденгіштігін ерекшелікке балаймын. Өзгелер қаласын қаламасын мойындалып келе жатқан театр. Ауыз толтырып «Театр» деп айтуға толық негіз бар.
Айдың арғы жағын көре білу көру керек. Әркім айдың арғы бетінен өзгеше дүние көреді. Өзгеше әлем бар. Шәкірттеріме де осы сөзді үзбей қайталап айтамын. Акбарәлі бақилық болғаннан кейін «Дариға-ай» жастар театры әртістерінің көздерінен, тартысқа толы әрекеттерінен аңғардым бұлар күйзеліске түсті. Алайда іштей ыдырамады, ірімеді. Негізі сол. Ол Әзірбайжан Мәдиұлы айтпақшы, тірі адамнан идеал жасамау керек, сол сияқты мен оларды керемет деп, идеал жасап отырғаным жоқ. Жас әртістер осы жерді мекендеп, Семейге тұрақтап қалып өнер ордасын жасауға болады деп талмай еңбектенді. Мен жоқ жердің бәрі бақытты деп алаөкпе болып жүгірмеді. Осы жерде жүріп-ақ бірдеңеге жетуге болатынын дәлелдеуге тырысты.
– Қазір сізді не алаңдатады, не үшін қынжыласыз? Сіздің көрерменге ұсынған шығармаларыңызбен осы қоғамды не байланыстырады?
– Байқайсың ба, кез келген нәрсеге әр тараптан үңілген дұрыс. Кесіп айту қиын. Бәрінің түбіне жетсе біржақтылық жетеді. Бір жағынан сондай ұрандардың өміршеңдігіне таңырқаймын. Яғни, халық онсыз ары қарай қадам жасамайтын болып тұр ғой. Дамыған қоғамда біржақтылықпен өмір сүруге болмайды.
Қоғам да солай қайшылыққа толы болуға тиіс. «Өмір – күрес» дегеніміз – сол. Орта ояну керек. Қоғам дүр сілкіну керек. Халықтың аяққа тік тұрып, ес жиғаны дұрыс. Ауру болса, дерт меңдесе ол ұлттың құрдымға қарай беталғаны. Халық өзгерсе дейсің. Комунистік идеядан арылса, құлдық қамытынан құтылса, Алаш ерлері не үшін, кім үшін құрбандыққа барды? Үлкен сеніммен арпалысты, өзгереді деді. Демократиялық қоғам құрып, басқа арнаға түседі деп күресті. Жүз жыл өтті ештеңе өзгерген жоқ. А.Чеховтың «Дядя Ванясындағы» «Іс істеу керек, мырзалар» дегеніндей, әркім өз ісімен айналысқаны дұрыс. Жаулап алған құлдық психологиядын арылар күн жетті.
Шоқанның да үлкен трагедиясы сол. Оған Гасфордтың айтқан айтады ғой «Ей, Шоқан, сен үлкен білімді азаматсың, сен үш жүз жыл құлдықта болған өз халқыңды құлдықта болмаған халықпен тепе-тең қойғың келеді. Оған кері процесс керек» дейтіні бар. Сол сияқты біздің қоғамда кері процесті бастан өткеріп жатыр. Соған төзе білсек болғаны.
– Ал сол кері процесті өткеріп жатқан бізге не керек? Қандай қойылымдар керек сонда?
– Мәңгілік сұрақ. Әке мен бала арасындағы мәселе. Тургенов айтқан «Отцы и дети». Арасы бір ғана жиырма жас екі буын екіге бөлінеді. Бір-бірін түсінбеу, қабылдамау заңдылық. Ол бұған дейінде болған. Бірақ сол заңдылықты қайшылыққа әкеліп тіреп, содан «аһ» ұрып, трагедия жасап, дүрбелең тудыруға болмайды. Сол тартыстан тамаша дүние жасап шығаруға болады. Жастар болашағын «былай болжайды» деп кесіп-пішіп тастауға болмайды.
Жан-дүниемен сезіну керек. Театр ақыл айту трибунасы емес. Олай болғанда театр өзінің функциясын жоғалтады. Кейбір театр ұжымдары мен режиссерлер соны ұстанып, сол бағытта жұмыс істеп жүргендер барын көргенде жаның ауырады. Қате ұғым, қауіпті ұғым деп айтар едім. Өйткені оның бәрі бір арнаға бірігу деген сияқты ұранға айналып кете ме дейсің. Шенеуніктердің айтқан пікірін, ұсынысын тура солай ұғынып насихаттап, театр сахнасында соны дәлелдеуге тырысу, соны айту миға сыймайды. Жиналысқа қатысуға барған адам мен театрға келген адам екеуі бір делік. Бірақ екі көңіл күй бар. Рухани ләззатты сезіне білу деңгейі әртүрлі.
– Менің Нұрлан Жұманиязовтың қойылымынан нені көргенім дұрыс? Мысалға, «Сильва» спектаклінен дейік.
– Әрекетімізді түсінсе, тыңдауға уақыт тапса жақсы. Керек десеңіз, біздің ішімізде «Сильваны» танымайтындар да табылады. Мен жалпы көрерменді емес, өнер адамдарын да айтып отырмын. Қара халық өзін тәрбиелеу қажет, отыруға үйренгені дұрыс. Бұл қойылым осыдан бір ғасыр бұрын жазылған шығар. Бірақ біз бәрібір өз дегенімізбен жүреміз. Жасыратын несі бар біздің қоғамда, өкінішке қарай, әр адам тарихты өзінен бастағысы келеді. Бірақ оның бағасын беретін келешек уақыт. Ал айтайын дегенің жұртқа жетпесе бүгінгі жүгіргенің, керек болса мансап пен атаққа құмартқаның ғана қалып, еткен еңбегің далбаса болып шығады.
– Абайға қаншалық жақынсыз?
– Абайға тек сүйсінумен ғана ғұмыр кешемін. Жақындағым-ақ келеді. Бірақ осылай өмір сүріп жүрмін. Бір білетінім Абай Тәңір арқалатқан жүкті көтерген, надандық үшін азап көрген дара тұлға. Бәлкім ол да ішкі еркіндікпен күресіп кеткен болар. Ішкі еркіндікке жету бақыт қой.
– Ашық пікір алмасып, уақыт бөліп әңгімелескеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Қуат ҚИЫҚБАЙ