Солтүстік Қазақстанда жыл басынан 122 адам жоғалған
Солтүстік Қазақстанда жыл басынан 122 адам жоғалған
© Сурет ғаламтордан
254
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында үйінен белгісіз жаққа шығып кеткен 81 жастағы әйел аман-есен табылды. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 мамыр күні Прибрежное ауылының тұрғыны Қызылжар ауданының полиция бөліміне хабарласып, ұмытшақтық ауруына шалдыққан 1939 жылы туған анасының жоғалғанын айтқан. Аудандық полиция бөлімі мен облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастаған. Іздестіру топтары Петропавл қаласының маңындағы елді мекендерді, орман алқаптарын, саяжай қоғамдастықтарын тексерді. Зейнеткерді іздеуге волонтерлер де қосылды. Олар әжей туралы мәліметті танымал әлеуметтік желілерде жариялап, көмек сұрады. Нәтижесінде 20 мамыр күні зейнеткер Пестрое көлі маңындағы жеке сектордан табылды. Петропавл қаласының екі тұрғыны Instagram желісінде жарияланған хабарландыру бойынша әжейді танып, бірден полицияға хабар берген. «Әйелдің соңғы тәулікте не істеп, қайда болғаны есінде жоқ. Бірақ, жағдайы жақсы. Одан жауап алған соң жақындарына табыс етеміз. Табылғаны жөнінде туыстарына хабарладық», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Сейілхан Жұмағұлов. Жыл басынан СҚО-да жақындарының жоғалғаны жөнінде тұрғындардан 122 арыз түскен. Қазіргі уақытта олардың 120-сы табылды.