Кредит алу үшін бұдан былай фермерлердің кепілдікке қоятын заты жоғары бағаланады
Кредит алу үшін бұдан былай фермерлердің кепілдікке қоятын заты жоғары бағаланады
Фото: Интернеттен алынды
334
оқылды
Ауыл шаруашылығы министрлігі кепілзаттық саясатты қайта қарады. Енді фермерлерді несиелеу бойынша кепілдіктер жоғары деңгейде бағаланады. Бұл жайында Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров ауылшаруашылық бизнесті қаржыландыруға арналған бейнеконференцияда айтты. Жиынға Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері, фермерлік шаруашылық басшылары, облыс әкімдіктері, «Атамекен» ҰКП, «ҚазАгро» ҰБХ, Азық-түлік корпорациясы, Аграрлық несие корпорациясы (АНК), «Қазагрофинанс», Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және Қазақстан Фермерлер одағы қатысты. «ҚазАгро» қаржы институттарының басшылары фермерлерді қаржыландырудың биылғы бағдарламаларының орындалуы туралы баяндады. Сондай-ақ «Агрокредит» корпорациясының өкілі «Кең Дала» бағдарламасы бойынша несиелендіру нәтижелері туралы айтты, бағдарлама аясында шағын және орта фермерлерге жылдық 5% -бен 70 млрд теңге берілді. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша фермерлерді қаржыландыруға бөлінген 100 млрд-тың 6,5-і игерілді. Несие беруді тездету үшін барлық жағдай қарастырылуда. АНК өтінімдерді қарастыру мен тиісті құжаттардың уақытын қысқартады. «Қазагрофинанс» та жеңілдетілген жүйемен қаржыландыруға кірісті. Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарына арналған техникаларға 33,3 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданды. Сонымен қатар КАФ өкілдері фермерлер арасында лизингке сұраныстың өскенін атап өтті. Төтенше жағдай кезінде компания фермерлерді қолдау бойынша бірқатар бағдарламалар енгізді. Атап айтқанда, «Қазақстанда жасалған» жеңілдетілген бағдарламасы іске қосылды. Ол фермерлерге аванстық төлемдерсіз, комиссиясыз және кепілдік төлемсіз 6%-бен 10 жылға және 1 жылға дейінгі төлемнен босату жеңілдігімен беріледі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» бағдарламасы бойынша несиелік өтінімдерді қарау мерзімін 11 күннен 4 күнге дейін қысқартты. Биыл ауыл бизнесі шамамен 42 млрд теңгеге қаржыландырылады. Өз кезегінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Әділет министрлігінде 2020 жылға арналған ауылшаруашылық өнімдерін форвардты сатып алу ережелерін тіркегенін хабарлады. Қаржы ұйымдарының менеджерлерінен кейін, Қазақстан фермелер одағының өкілі сөз алды. Қанат Сүлейменов фермерлердің кепілдігін төмен бағалаудың қиындығын айтты. Осыған байланысты министрдің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың тапсырмасымен кепіл зат саясаты қайта қаралғанын жеткізді. Енді фермерлердің кепілдігі максималды деңгейде бағаланатын болады. «Қазіргі төтенше жағдайда фермерлер барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілуі керек, сондықтан облыстардың әкімдіктері мен «ҚазАгро» ҰБХ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатты ескере отырып, көктемгі дала жұмыстарына уақтылы дайындалу және сапалы болу үшін барлық шараларды қабылдауы қажет. Микрокредит беру және несиелерді кепілдендірудің жаңа құралын енгізу мәселелерін ерекше бақылауға алып, сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерін форвардты түрде сатып алуды тиісті түрде жүзеге асырып қамтамасыз ету керек», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.