Қазақстан Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы №176 жарлығымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бекітілгені белгілі. Айта кетер болсақ, мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – мемлекетіміздің әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикалық өркендеуінің негізі ретінде азаматтардың денсаулығын сақтаудың тиімді және орнықты жүйесін дамытуды қамтамасыз ету.
Сондықтан да Президент тапсырмаларын орындау мақсатында аймақтарда бұл міндет тиянақты орындалуда. Бұл орайда Жетісай аудандық орталық ауруханасының ұжымы халықтың денсаулығын арттыруда айтарлықтай жұмыс атқаруда.
– Саламатты өмір салтын қалыптастыру және халықтың денсаулығын нығайтуда дәрігерлердің жұмысы ұшан-теңіз. Сондықтан да халықтың арасында тыңғылықты жұмыс істейміз. Өйткені аудан тұрғындарының дәрігерге уақытылы қаралуына бірден бір ықпал етіп, қозғаушы күш болып отырмыз. Бұрынғыдай емес, халық та денсаулығын күтуге барынша дағдыланған. Бұл орайда ауыл медицинасы артта қалып отырған жоқ. Заманауи құралдармен жабдықталған медицина мекемесі жетерлік. Бас дәрігер Айдар Шнетовтің басшылығымен бұл орайда аурудың алдын алу үшін бар жұмыс тыңғылықты атқарылуда, – дейді бізбен әңгімесінде бас дәрігердің орынбасары, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Нұржамал Шұлғауова.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ақпараттық жүйелерді интеграциялау, электронды денсаулық паспорттарын енгізу және «қағазсыз» ауруханаларға көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі пен тиімділігін арттыруды тапсырғаны белгілі. Айта кету керек, бұл орайда Жетісай аудандық орталық ауруханасында цифрландыру бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде онлайн портал арқылы дәрігерге қашықтықтан жазылу, үйге дәрігер шақыру, тағы сол сияқты жұмыстар пациенттерге қолжетімді болып отыр. Бұл сервистің барлығы электронды Үкімет порталы немесе медициналық ақпараттық жүйе арқылы атқарылады. Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы 5 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, Жетісай аудандық ауруханасы да ішінара қағазсыз құжат айналымына көшкен. Қазіргі таңда осыған орай 53 медициналық құжат электронды форматпен жұмыс істеуде.
Аудандық ауруханада медицина саласын цифрландыру бойынша басқа да жұмыстар жолға қойылған. Ауданның медицина саласы кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КМИС) негізінде де қызмет атқарады.
2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту көзделгені белгілі. Бұл орайда аймақта өмір сүру ұзақтығы жақсарып келеді. Атап айтар болсақ, ауданда өмір сүру ұзақтығы 2019 жылы 71,2 жасқа дейін артты. Ал облыс бойынша бұл 71,79 жас нәтижені көрсетіп отыр. Мұның себебі неде? Ақиқатында, бұл аймақтағы халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсара бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ халық та саламатты өмір сүруге дағдыланып келеді.
Бүгінгі таңда Жетісай аудандық ауруханасына қарасты мекемелерде 875 медициналық қызметкер, оның ішінде 186 дәрігер жұмыс істейді. Қазіргі заманауи медицина дамып бара жатқан заманда интернетсіз өмір сүру мүмкін емес. Бұл орайда емдеу мекемелері мен нысандар 365 компьютермен жабдықталған. Аудандағы орталық ауруханада 16 мб/с жылдамдықты интернет болса, елдімекендердегі бөлімшелермен ФАП-тардағы 1,5 мб/с құрайды. Емханада өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылып, қазіргі кезде жұмыс тұрақты жүргізілуде.
Айта кетер болсақ, Жетісай ауданында халықтың табиғи өсімі өте жоғары. Қазіргі таңда аймақта 88 180 халық тұрады. DAMU med мобильді қосымшалары бойынша Жетісай ауданында интернетті белсенді қолданушылар 20 мен 60 жас аралығындағылар болып отыр. Олардың 55 пайызы интернетті тұрақты пайдаланатынын айта кету керек.
Бес жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында мобильді қосымшаларды тұтынушылардың үлесі 90 пайызға жетіп отыр. Ал жүкті әйелдер арасында бұл қызметті пайдалану 81,4 пайызды құрайды.
Әрине, медицина саласын цифрландырудың қазіргі уақытта пайдасы өте зор. Бұл, ең алдымен, Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменінің арқасында жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Өйткені Елбасы «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емхана мен аурухана медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді»,–деп атап көрсеткені белгілі.
Расында, қазіргі кезде емханалардағы жағдай жақсарды. Бұрынғыдай ұзын сонар кезек көрінбейді. Бұрындары арнайы мамандар мен дәрігерге қаралу бірнеше күнге созылатын. Ал қазір бәрі тез, жедел атқарылады. Мұның барлығы – «қағазсыз аурухана» жобасының нәтижесі.
Жалпы, Жетісай аудандық ауруханасы құрамына 1 қалалық емхана, 1 ауылдық емхана, 9 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 мейірбикелік пункт кіреді. Ауруханаға қарасты медициналық мекеменің барлығы да интернет желісіне қосылған. Бұл нәтиже нені көрсетеді? Бұл – Жетісай аудандық орталық ауруханасында жетістік баршылық деген сөз. Ауданда тұратын 88 180 халықтың бүгінгі күні 87 мыңнан астамының электронды денсаулық төлқұжаты бар. Сондықтан ем алу да, медициналық қызмет көрсету де бұрынғыға қарағанда күрт жеңілдеген.
Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп бекер айтпаған. Бұл орайда аудан дәрігерлерінің ұйытқы болуымен скрининг тексерулері жиі өткізіліп тұрады. Ақиқатын айтқанда, дәрігерге дер кезінде қаралу аурудың алдын алады. Бұл орайда Жетісай аудандық орталық ауруханасының басшылығы «денсаулық – зор байлық» екенін жете түсінеді. Сондықтан да аймақта демографиялық өсім жоғары, ал ана мен бала өлімі азайған. Халықтың да әл-ауқаты жақсарып келеді.