Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы қатты қалдық полигондарын жауып, орнына экологиялық талапқа сай келетін жаңа нысандар салуды ұсынып отыр. Себебі, қолданыстағы полигондар топырақты, су көздерін ластап жатыр. Салдарынан еліміздегі 67 ірі су көзі ауызсу ретінде пайдалануға жарамсыз болып қалған. Бұл туралы су сапасын бақылауда ұстаудың еуропалық тәсілдерін оқытқан арнайы курста айтылды.
Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының бастамасымен, Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен өткізілген өткен оқу курсына министрліктер мен өндірістік орындардан шақырылған 30-дан астам отандық сарапшы маман қатысты.
– Сіздерге қалдық өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қажет. Олардың көп болғаны дұрыс. Бұған мемлекет мұрындық болуы тиіс. Қалдық өңдеу ісі қоршаған ортаны қорғау жобасы ретінде қарастырылып қоймай, балама энергия көзін алатын, кәсіпкер үшін табысы мол кәсіп ретінде қолдау табуы керек, – дейді Еуропалық одақтың Қазақстандағы ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Мэдсен. Өйтпеген жағдайда ластанған өзен-көлдер саны арта бермек.
«Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастық деңгейін арттыру» жобасының сарапшысы Анатолий Крутовтың дерегінше, соңғы ондаған жылда Орталық Азиядағы өзендер қатты ластана түскен.
– Қазақстан туралы да солай айтуға болады. «Қазгидромет» мекемесінің дерегі бойынша, ауызсу көзі ретінде саналатын өзен-көлдердің ішінде тек 7 су көзі ғана «талапқа сай». 42 өзен «қалыпты ластанса», 24 өзен өте қатты ластанған. Бір өзен шектен тыс улы саналады. Мұндай жағдай экологияға ерекше көңіл бөлінетін Батыс елдеріне де тән. Бұл өзен-көлдерге адам жоламасын деген сөз емес. Тек ауызсу көзі ретінде пайдалануға болмайды. Бұл – әлемнің барлық елінде бар проблема. Қазақстан бұл тұрғыдан алғанда жаһандық рейтингтің бел ортасында тұр, – дейді А.Крутов.
Сарапшының айтуына қарағанда, Швеция, Люксембургте де өзен-көлдердегі су сапасы сын көтермейді. Сөйте тұра оларды ауызсу көзі ретінде пайдаланады. Өйткені тазарту технологиясы жақсы дамыған. Ондай технологияны бізге енгізетін болса, аталған су көздерінің барлығын ауызсу құбырына пайдалануға болады екен.
Шығыс Қазақстандағы тау-кен кәсіпорнына тиіп жатқан Красноярка өзені шектен тыс ластанған жалғыз өзен ретінде тіркеліпті. Қалыпты ластанды деген 42 су көзінің арасында Ертіс, Есіл, Жайық, Іле, Сырдария, Аягөз, Текес, Қаскелең, Талғар, Қапшағай, Талғар, Қопа, Зеренді өзендері мен Арал көлі бар. Ал «қатты ластанған» 24 өзен-көлдің қатарына Бурабай және Балқаш көлдерінен бастап, Үлбі, Ырғыз, Ембі, Ойыл, Тобыл, Қобда, Нұра өзендері кіреді. Аталған өзен-көлдерге өндіріс ошақтары мен қоқыс полигондарынан көп зардап тиіп отыр. Мәселен, су көзін ластаушы заттар арасында мыс, азот нитриті, фенол, мырыш, марганец, мұнай, хром, никель, магний, кальций сияқты 20-ға жуық улы өндіріс қалдықтары бар.
Айдана БЕГІМ