Жер жүзінің әрбір үшінші тұрғыны қанға мұқтаж. Орта есеппен әр күн сайын 300 адамға қан құйылады. Адам ғұмырына ауадай қажет қанға зәру жандарға, өмір мен өлім арасында жатқан науқастарға екінші өмір сыйлау – сауапты іс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 2005 жылдан бері 14 маусым Донор күні ретінде аталып өтеді. Бұл атаулы күн адамның қан тобын алғаш болып анықтаған физиология, медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, австриялық иммунолог Карл Ландштейнердің құрметіне белгіленген.
Әлем халқы бұл күні демалмайды, мереке тойламайды. Себебі, бұл ізгіліктің баршаға, жақсылықтың мұқтажға бұйырар күні. Бойындағы тамшы қанын зәру жандарға «сыйлайтын» құрметті жандар бар. Олар – донорлар.
Ересек адамда 5,5 литрге жуық қан болады. Негізінде, донордан 450 милилитр қан алынады. Қан тапсырудың адам ағзасына тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қан тапсырылған сайын адам бойындағы қан тазарып, жаңарады. Бұл өз кезегінде көптеген аурулардың алдын алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрақты түрде қан тапсыратын донорлардың өмірі шамамен 5 жылға ұзарады екен. Ал бір рет қан тапсырған донор орта есеппен үш адамның өмірін құтқарады. Бұл қоғамға ғана емес, қан тапсырушы адам үшін де пайдалы. Донорлар СПИД, сифилис, қандағы гемоглобин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау сынды талдау түрлерін тегін жасата алады. Қан тапсырған күні студенттер мен оқушылар сабақтан, жұмысшылар жұмысынан босатылады. Заң жүзінде еңбекақысы сақталатын екі күндік демалыс беріледі.
Донор болу үшін айтарлықтай көп талап та қойылмайды. Ең алдымен, жасыңыз 18-ге толуы керек. Орта есеппен қанның құрамдас бөліктері тромбоциттер мен плазма тапсыру арасы 14 күннен кем болмауы қажет. Ал толық қан доноры болған кезде 60 күнде бір рет тапсырып тұру керек.
Қан тапсырмас бұрын донор, алдымен, медициналық тексеруден өтеді. Дәрігерлердің айтуынша, қан тапсыратын адам майлы тағамдар мен ет-сүт өнімдерінен бас тарту қажет. Керісінше, тәтті шай, шырын, газдалған сусын ішкен абзал.
Республикалық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының дәрігері Зәуреш Әлменовадан Донор күнінің ерекшелігі жайлы сұрадық.
Биыл Донор күніне орай 14 маусым күні Ханшатыр ойын-сауық орталығында акция өтеді. Мақсаты – донор қанының қауіпсіздігі жайлы мағлұмат беру.
– Жыл сайын Денсаулық сақтау ұйымы Донор күнінің жаңа ұранын белгілейді. Биылғы ұран «Баршамызға қауіпсіз қан!» деп аталды. Ел арасында қан құю арқылы вирус жұқтырып аламын деген қорқыныш бар. Сондықтан осы ұран таңдалып отыр. Мұндай қорқынышқа негіз жоқ. Себебі, донордан қан алынғаннан кейін ол бірнеше мәрте тексеруден өтеді. Қан құрамындағы қауіпті вирустар жойылып, қан құрамы сүзгіден өтеді. 2018 жылы елімізде 200 мыңнан астам адам донор болып, қан тапсырды. Соның 18 мыңы – үш реттен көп донор болғандар.
Биыл Донор күніне орай 14 маусым күні Ханшатыр ойын-сауық орталығында акция өтеді. Мақсаты – донор қанының қауіпсіздігі жайлы мағлұмат беру. Жыл сайын белсенді донорларға «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» деген төсбелгі табысталады. Шара барысында өмірінде 40-тан көп қан немесе 70 рет плазма тапсырған донорлар Пармбек Сарыбасов, Галина Акситина, Ирина Иванова осы төсбелгімен марапатталады, – дейді ол.
Осы күні жастар арасында 20-дан артық донор болған 6 азаматқа Қан орталығының естелік сыйлықтары мен грамоталары беріледі. Сондай-ақ донорларға жағдай жасап, түсіністік танытып жүрген мекеме басшыларына да алғысхаттар табысталады. Зәуреш Әлменованың айтуынша, Қан орталығында көшпелі топ жұмыс істейді екен. Яғни, орталық мамандары қаладағы мекемелермен алдын-ала келісім жасап, сол мекемеде донор күнін өткізеді.
Қазіргі таңда қан тапсыру абыройлы іске айналды. Қоғамымызда саналы ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған адамдар аз емес. Соның бірі – еліміздің құрметті доноры Александр Скаковский. Ол қан тапсырудың көптігі жөнінен австралиялық донор Джеймс Харрисоннан кейін әлемде 2-орында тұр. Джеймс Харрисон өмірінде 1 173 рет қан тапсырып, 2 млн адамның өмірін сақтап қалған.
Александр Скаковский қазір 73-ке келді. Қан тапсырып келе жатқанына 48 жыл болған. Жарты ғасыр ішінде 1 100 рет қан тапсырыпты.
– Жастайымнан ішімдік пен шылымға әуес болмадым. Алғаш рет қан тапсыру арқылы жас ана мен баланы өлімнен арашалап қалдым. Бұл 1971 жылдың 12 шілдесі болатын. Содан бері қан тапсырып тұруды өзімнің парызым деп есептеймін. Болашақта да ерікті плазмалық және иммундық донор болып қала беремін. Осынша көп мөлшерде қан тапсырғаныма қарамастан, өзімді жас әрі жақсы сезінемін, – дейді ол.
Бүгінде елімізде Александр Скаковский секілді қан тапсыруға ерікті азаматтардың қатары артып келеді. Соның бірі – Нұртас Сапаров. Оның қаны талай адамды ажалдан арашалап қалды. Алайда 5 жылға созылған «ерлігі» үшін ешкімнен ешқандай алғыс күтпейді.
– Бала кезден «қолыңнан келгенше жақсылық жаса» деген сөзді құлаққа құйып өскенмін. 25 жасымнан бастап жылына 4-5 рет қан тапсырамын. Қан тапсыруда айтарлықтай талаптар қойылмайды. Донор болу арқылы сіз біреудің өмірін құтқарып қалуыңыз бек мүмкін. Сауапты істен құр қалмай, алғысқа бөленуге не жетсін! – дейді Нұртас Сапаров.
Шетелдік сарапшылар мәлімдеуінше, Қазақстандағы қан тапсыру қызметі ТМД елдері арасында қан дайындау, оны өңдеу бойынша үздік бестікке кіреді. Нақты айтсақ, еліміз донор саласы бойынша көш ілгері. Миллиондаған жан ғұмырында өзі ешқашан жүзін көрмей, өтеуіне ешқандай сый дәметпей, ерікті түрде қан тапсырған адамдардың алдында қарыздар.