Жарасбай Сүлейменов... Мәжіліс депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, екінші дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендерінің иегері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.
Бүгінде жетпістің биігіне шыққан әріптес ағамыздың атақ-даңқы, міне, осындай. Біреуге көп, біреуге аз көрінуі мүмкін. Бірақ, ең бастысы, Жәкеңнің қандай құрметке болсын шын лайық азамат екендігінде болса керек.
Мен білетін Жарасбай Қабдоллаұлы – түп-тамыры текті әулеттен шыққан асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы болғанымен, тірлікте еш сүйеусіз, басын кейде тауға да, тасқа да ұрып, тірелген тұйықтардан өз ақыл-қайратымен жол тауып, әрдайым өз арман-мақсатына жанқиярлықпен ұмтылып келе жатқан өжет мінезді, өршіл тұлға. Атақты Шал ақын дүниеге келген, топырағы қасиетті өңірдегі Балуан атты ауылда туып-өскен Жәкең – өмір-күресте итжығыс түскен кездері болмаса, жауырыны жерге тимеген, нағыз жеңімпаз балуан жігіт...
1981 жылы күзде ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің редакциясына жұмысқа орналасқанымда, Жәкең ең беделді партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі еді. Келесі жылдың басында облыстың бір шалғайы саналатын Жамбыл ауданы бойынша меншікті тілшілікке тағайындалдым. Сол кезден бастап Жарасбай Қабдоллаұлымен жақын араласа бастадым. Өйткені оның аудандардағы тілшілерге үйіп-төгіп беретін тапсырмаларын уақытында атқарып, ерекше ілтипатына бөленген екенмін. Сондықтан да жұмыс бабымен жол түсіп Қызылжарға келген сайын Жәкең мені бауырына тартып, үйіне шақырып, сол кезде кілті аспандап тұрған сауда саласында ірі қызметте істеп жүрсе де, кісімсуді, қонаққа қабақ шытуды білмейтін ақжарқын Ақжәми жеңгеміздің жайған дастарқанынан талай дәм татырды. Арамызда осындай сыйластық қарым-қатынас орнап, Жәкеңді жанашыр да тәлімгер ағама балап кеттім.
Кейін Жәкең редакция басшыларының өзіне әділетсіз көрінген бір шешіміне ашық қарсы шыққандығы үшін қудалауға түсіп, облыстық партия комитетіндегілердің «араағайындығы» арқасында облыстық радионың бас редакторының орынбасарлығына жылжытылғанын естідім. «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» демекші, бұдан ол ұтпаса, ұтылған жоқ. Көп өтпей бас редакторлыққа жоғарылады. Сол кезде де облыс өміріндегі шырылдаған шындықты айтам деп тағы да жергілікті билік басындағылардың қаһарына ұшырапты. Содан кейін Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі қызметіне ауысыпты.
...Ата-бабалар арманы орындалып, азаттыққа қол жеткен алғашқы жылдары еліміздің теріскейіндегі қазағы селдір қоныстанған Қызылжар өңіріндегі жағдай алаң туғызарлықтай күрделі болғандығы жадымызда. Атышулы Александр Солженицыннің әйгілі «Ресейді қайтсек көркейтеміз?» атты мақаласында Қазақстанның тың көтерілген бес облысының жеріне көз алартуының дау-дамайы әлі ұмытылмаған Петропавлдың көшелерінде казачество өкілдері қылыштарын асынып, ал-шаң-алшаң басқан, қостілділік, қосазаматтық, ұлттық автономия құру мәселелері орыстілді басылымдарда әлсін-әлсін көтеріліп, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу бастамалары ашық та, жасырын да қатты қарсылыққа ұшырап, ұлтаралық қарым-қатынастар жайы күн тәртібінен түспей тұрған қиын-қыстау кезең-тұғын. Сондай сын сағаттарда бүйректен сирақ шығарып, бұра тартқан теріс пиғылды тобырға тарихи шындық пен әділет сөзін талай жерде тебірене айтып, тегеурінді тойтарыс берген саусақпен санарлықтай ғана қызылжарлық қайраткер азаматтар арасында журналист Жарасбай Сүлейменов те бар болатын. Қазақ радиосының хабарларынан Жәкеңнің ел тағдыры туралы терең әңгіме қозғаған репортаждарын сілтідей тынып тыңдап, Қызылжардағы саяси ахуалды ұдайы қадағалап біліп отыратынбыз.
Бұл кезде Көкшетауда облыстық телерадиокомпанияны басқарып жүрген едім. Жәкеңмен телефон арқылы хабарласып, амандық-саулық сұрасып тұрдық. 1997 жылы көктемде Көкше өңірі Солтүстік Қазақстан облысына қосылды да, кезінде қимай қоштасып, көшіп кеткен Қызылжарға күзге қарай қайтадан қоныс аударуға тура келді. Осындағы телерадиокомпанияның төрағасы алпысқа толысымен зейнет демалысына шығып, оның орнын мен бастым.
Қызылжарға оралғанымда Жарасбай Қабдоллаұлы менімен қуана амандасып, құттықтау білдіргенімен, көңілі біртүрлі сынық көрінді. Владимир Гартманның басшылығы тұсында қаладағы қорғаныс өнеркәсібінің үлкен зауыттары мен ауылдардағы көптеген кеңшарлардың дүние-мүлкі талан-таражға түсіп, облыс экономикасы әбден құлдырағандығы туралы талай ащы шындықты Қазақ радиосының әуе толқынында ақтарып салғаны үшін кей жерде кеудесінен итеріліп, ығыстырылып тасталған тәрізді... Бірақ кері шегініп, басшыларға бас шұлғыған Жәкең жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басындағы еркіндік самалы ескен демократиялық үдерістер тұсында елдің сөзін сөйлейтін журналист облыстық мәслихаттың баламалы сайлауында халықтың қолдауына ие болып, бәсекелестерін ойсырата жеңіп, депутат атанған екен. Сессияларда Қызылжар өңірінің тағы бір әйгілі журналисі, халық қалаулысы Мәлік Мұқанов екеуі кезек-мезек сөз сөйлеп, жұрт көкейінде жүрген өзекті мәселелерді өткір тілмен, облыс басшыларының бет-жүзіне қарамай тіліп айтқанда, айызымыз қанып отырушы едік залда...
Жарасбай Қабдоллаұлы бас редакторлық қызметіне құлшына кірісіп, қыруар жұмыс тындырды. «Солтүстік Қазақстанның» таралымын екі еседей өсіріп, 10 мың данаға дейін жеткізді. Қызметкерлердің еңбекақысын да елеулі түрде көбейттірді. Штатты кеңейтіп, университет бітірген жас журналистерді қызметке алып, жалықпай тәрбиеледі.
Мәлік Мұқанов республикалық «Халық кеңесі» газеті жабылған соң облыстық телерадиокомпанияның теледидар шолушысы қызметіне орналасқан екен. Көп ұзамай Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі қызметі де қысқартуға ілініп, Жарасбай Сүлейменов те бізге ауысты. Облыстық мәслихаттың ең белсенді, ең шыншыл депутаттары болып саналатын, мүйіздері қарағайдай журналист ағаларымның екеуінің де бірсыпыра уақыт өздерінің кешегі шәкірті – менің басшылығыммен жұмыс істеулеріне тура келді. Бұған іштей ыңғайсызданғаным болмаса, олар еш арланған жоқ. Екеуі де ағалық пейілден айнымай, ылғи қолдап-қорғап жүрді.
Әлі есімде, Жәкең мен Мәкеңнің айтқан сындары шымбайына батыңқырап кетсе керек, бірде облыс әкімінің құдіреті жүріп тұрған бір орынбасары ара-тұра болып тұратын көңілді отырыс үстінде менің құлағыма сыбырлап: «Анау екеуін құртсайшы...» – деп кеңес бергені бар. Оның бұл сөзіне іштей күлдім де, қойдым. Себебі, Жарасбай мен Мәліктей Қызылжардың бас көтерер азаматтарының сөздерін жұрт ұйып тыңдайтын мықты журналистердің нендей жазығы бар?! Әлде елдің мұң-мұқтажын, шындық сөзін айтқаны үшін кінәлі ме?! Шынтуайтына келсек, мұндай қолы да, ары да таза, халық құрметі мен сеніміне бөленген қаламгерлерді құртқың келіп тұрса да, құрта аласың ба бұл заманда?! Егер ақылға жүгінсек, облыстың билік тізгінін ұстаған басшылар осындай ел ішінде ерекше беделді тұлғаларды шетқақпай қылмай, өздеріне жақын тартып, олардың ой-пікірлерімен санасып жұмыс істеулері жөн емес пе?!.
Бір жақсысы, жаюлы дастарқан басында «жүз грамм» ұрттаған соң маған Жәкең мен Мәкеңді құртуға кеңес берген басшы азамат өз ағаттығын сезді ме, әйтеуір, содан кейін бұл тақырыпқа қайтып оралған жоқ. Мен де оған ләм-мим деп жақ ашпай, үнсіз құтылдым... Ал Мәлік Мұқанов бірер жылдан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің біздің облыстағы меншікті тілшілігіне алынып, сыни мақалаларын қарша боратып жазып жатты.
Жарасбай Сүлейменовті де көп кешіктірмей жоғарылатып, әуелі теледидардың ақпарат бағдарламасының жетекшісі, содан кейін телерадиокомпанияның бас редакторы, төрағаның орынбасары етіп тағайындадық. Жәкең тек басшылық қызметпен шектелмей, өзінің авторлық «Ойтолқын» атты пікірсайыс бағдарламасын ашып, жүргізді. Осы бағдарлама аясында телестудияда Қызылжар өңірінің зиялы қауымының басы апта сайын қосылып, ең өзекті тақырыптарды талқыға салу игі дәстүрге айналды.
Жәкеңнің бір жақсы қасиеті – бойында ұшқыны бар жас дарын иелерін дер кезінде аңғарып, жұмысқа тарта білетіндігі. Облыстық радио мен теледидарға қаншама алғыр да ізденімпаз жастарды қызметке алдырып, талай мөлдір бұлақтың көзін ашқандай жақсылық жасады. Олардың бірталайы қазіргі кезде Қазақстан мен Ресейдің орталық телеарналарында еңбек етіп жүр.
2003 жылғы көктемде облыстық әкімдікте «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторын ауыстыру мәселесі сөз болды. «Жасыңыз Сүлейменовтен кіші болғанымен, тәжірибеңіз үлкен. Газетке сіз барыңыз. Жарасбай Қабдоллаұлы облыстық телерадиокомпанияны басқарсын», – деген ұсыныс түсті маған. «Бас редакторлыққа мені емес, Жарасбай Қабдоллаұлын тағайындағандарыңыз жөн. Өйткені Жәкең үшін ол қызметке тағайындалу – моральдық тұрғыдан үлкен жеңіс, әділдіктің қайтадан салтанат құру», – дедім. Сөйтіп, Жәкең 1987 жылы редакция басшылығы мен оларды қолдаған компартия обкомынан әділдік таппай, амалсыз кеткен облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің қарашаңырағына жеңіс туын желбіреткендей көңіл күйімен бас редактор болып қайтып оралды. Бұған достары сүйініп, дұшпандары күйінді...
Жарасбай Қабдоллаұлы бас редакторлық қызметіне құлшына кірісіп, қыруар жұмыс тындырды. «Солтүстік Қазақстанның» таралымын екі еседей өсіріп, 10 мың данаға дейін жеткізді. Қызметкерлердің еңбекақысын да елеулі түрде көбейттірді. Штатты кеңейтіп, университет бітірген жас журналистерді қызметке алып, жалықпай тәрбиеледі. Сөйтіп, шау тартқан ұжым жасарып шыға келді. Газет бетіне де қан жүгіріп, ажарлана түсті. Редакцияның өз баспанасы жоқтығынан жекеменшіктегі баспаханаға кіріптар болып қалғанын көріп, осы жөнінде облыс басшыларына өтініш айта жүріп, жеке ғимарат сұрап алды. Оған қосымша жаңа үй де салғызып, бұл мәселені түпкілікті шешті. Жаңадан қалалық «Қызылжар нұры» газетін ашып, тағы бір ерледі.
Өз басым, Жарасбай Сүлейменов облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің арғы-бергі бас редакторларының ішіндегі аталған басылымға орасан зор еңбек сіңірген, ең шоқтығы биік тұлғалардың бірі деп санаймын. Ол газет жұмысымен қатар қоғамдық жұмыстарға да уақыт тауып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалын басқарды, облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі міндетін де қоса атқарды. Қолы қалт еткенде әңгіме-повестер жазып, бірнеше кітап шығарды. Жәкеңнің осындай тынымсыз еңбекқорлығына тәнті болмау мүмкін емес.
Әділін айтсақ, Жәкең ешкімнің алдында жағынып-жалпаңдаған емес, кімді мақтаса да, даттаса да, қашанда шындықты өзіне тән шешендікпен жеріне жеткізе, не аспанға көтеріп асқақтата, не тірідей жерге кіргізгендей төбесінен ұра, тұқырта айтады. Ал мінезіндегі өзі мойындайтын бір кемшілігі – біреуді жақсы көрсе, оның бойындағы еш мініне қарамай, құлай жақсы көретіндігі... Алайда ол ешқандай «дөкейдің» ығына жығылып, ыңғайына көне қоймайтын, өз көзқарасы, өмірлік ұстанымы бар азамат. Әсіресе, Қызылжарда кейде күтпеген жерден өте шетін ұлттық мәселелер туындаған түйткілді сәттерде Жарасбай Қабдоллаұлы ел мүддесін, ел намысын бәрінен биік қойып, белсене қимылдап, айтатын сөзін кімге болса да тура айтып, небір қиын түйіндердің дұрыс шешімін табуына ұйтқы болып келе жатқанына тікелей куәмін.
...«Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дегендей, Жарасбайды кезінде Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, көрнекті мемлекет қайраткері Тайыр Мансұровтың өзі іздеп, жанына жақын тартқанын, қолдап-құрметтегенін білемін. Бұл басқа әкімдерге үлгі боларлық өнеге емес пе?! Өкінішке қарай, қаламы өткір әріптестеріміздің ту сыртынан сұқ саусағын шошайтып, «Анау журналисті құрту керек...» дейтін әкімқаралар табылады әлі де. Алла Тағала бізді сондай сұмырайлардан сақтасын!..
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты