Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде Әлкей Марғұланның 115 жылдығына арналған көрме ашылды. Ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмеге «Дара тұлға» аты беріліп, 200-ге жуық жәдігер қойылған.
Әлкей Марғұлан – Қазақстан археология мектебінің негізін салған көрнекті ғалым. Оның қаламынан туған тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларына қатысты ондаған кітап, үш жүзден астам ғылыми зерттеу және жүзден астам энциклопедиялық мақалалар бар. Өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап қазақ даласындағы көне ескерткіштерді зерттеуді қолға алған ғалым Жетісу, Оңтүстік, Батыс аймақтарда ежелгі қала мәдениеті орындарын анықтап, Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты шаһарлардың болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген.
Әлкей Марғұланның бастамасымен құрылған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы біздің заманымызға дейінгі ХІІ-VІІІ ғасырларға жататын «Беғазы-Дәндібай мәдениетін» ашқан. Қарағанды қаласы маңындағы Дәндібай ауылы және Балқаштың солтүстік төңірегіндегі Беғазы қойнауынан табылған тарихи жәдігерлер – қола дәуірінің ең үлкен ескерткіштерінің бірі саналады. Бүгінде Әлкей Марғұлан аты берілген бұл экспедиция әлі күнге жұмысын жалғастырып келеді.
– Көрмеге 200-ден астам жәдігерлер қойылды. Олардың қатарында археологиялық және ғалымның пайдаланған жеке заттары қойылған. Көрмеге келушілер Әлкей Марғұланның аяқкиімі, көзілдірігі, чемоданы мен жеке архивінен алынған, көпшілік назарына бұрын-соңды ұсынылмаған фотосуреттерін тамашалай алады. Жоспар бойынша, көрме алдағы 1,5-2 ай көлемінде ашық болады, – дейді мемлекеттік Орталық музейдің археология орталығының жетекшісі Айтқұл Амантайұлы.
Көрменің ашылу салтанатына қатысқан Әлкей Марғұланның шәкірті Жолдасбек Құрманқұлов 24.kz тілшісіне берген пікірінде ғалымның еңбекқорлығын былай еске алады:
– Үш айдан көп уақыт таңнан кешке дейін бірге отырып жұмыс істедік. Сондағы менің көргенім: бір кітапта кейде қайталау, кейде жетпей жататын тұстары болады. Осыны айтсам, «Ә, Жолдасжан қалдыра ғой» дейді. Таңертең келсем, екінші нұсқасы дайын тұрады. Тіпті үшінші нұсқасын да алып келеді.
Әлкей Марғұланның бүкіл Қазақстан аумағындағы әртүрлі археологиялық ескерткіштерден тапқан артефактілері Мемлекеттік орталық музей қорында сақталған. Музейде қола дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі хронологиялық шеңберді қамтитын қоныстар, обалар, қорғандар мен қала орындарынан табылған жәдігерлер бар.