Тұрғындар сауалына тікелей эфирде жауап берді
Тұрғындар сауалына тікелей эфирде жауап берді
5,243
оқылды
Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен тікелей эфирде халықпен жүздесу өтті. Оған Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары О.Чугунков, ШҚО Білім басқармасы бас­шы­сының орынбасары Қ.Оспанғалиев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Сұлтанова, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы басшысының орынбасары Н.Рамазанов және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ШҚО филиа­лы жетекшісі Н.Қыстаубаев қатысып,  әлеуметтік желі арқылы тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Тікелей эфир барысында тұр­ғындар тарапынан жолданған сауалдардың басым көпшілігі Birgemiz қоғамдық қорынан беріле­тін 50 мың теңгеге және төтенше жағдай мен карантин уақы­тында табыс көзінен айырыл­ған азамат­тарға төленетін 42 500 тең­ге мен коммуналдық қызметке төленетін 15 мың теңгеге қатысты болды. Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде 42 500 теңге төлемі бірінші кезең бойынша 296 мың адамға берілсе, екінші кезеңінде 192 мың адам төлемге ие болған. Бұл туралы тікелей эфирге қатыс­қан Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тан­дыру қорының ШҚО филиа­лы жетекшісі Н.Қыстаубаев жеткізді. Ал Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары О.Чугунков эфирде Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы Шығыс Қазақстан об­лы­сының Өскемен және Семей қала­ларының 29 853 тұрғыны 50 мың теңгеден материалдық көмек алға­нын атап өтті. Ол сонымен қатар #BizBirgemiz акциясы аясында өңірдің кәсіпкерлері мен мәслихат депутаттары, ерікті жастар, аудан, қала әкімдіктері, партия өкілдері мен жасотандықтардың қатысуы­мен облыс көлемінде 21 895 отба­сыға азық-түлік және бірінші қажет­тіліктегі тұрмыстық заттар берілгенін де тілге тиек етті. Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы бұған дейін де тұрғындар сауалда­рына тікелей эфирде жауап беріп, өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылады.  

А.ЖАСАНҰЛЫ