Әскери база, қоймалардың төңірегіне үй-жай, ғимарат салғандар жазаланады
Әскери база, қоймалардың төңірегіне үй-жай, ғимарат салғандар жазаланады
Фото: Интернеттен алынды
346
оқылды
Қазақстанда әскери база, қоймалар маңында құрылыс жүргізгендер жазаланады, – деп хабарлайды AstanaTV. Сенат қабылдаған жаңа заңның мақсаты – Қарулы күштер арсеналдары, базалары мен қоймаларындағы оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Нақтысы, Арыста болған оқиғаның қайталануына жол бермеу. Жаңа заңда кемшіліктер жойылып, өзгертулер енгізілді. Сенатор Нұржан Нұрсипатов: «Әскери нысандарға іргелес жатқан аумақтардағы тұрғындардың, ғимараттардың және құрылыс жайлардың қауіпсіздік мәселесі толық шешілмеген. Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шараларында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестірудің деңгейі төмен», – дейді. Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаевтың айтуынша, кезінде құрылысқа рұқсат берілген аймақтан тұрғындарды көшіру, тыйым салынған аймақтарды анықтап, Үкіметке жолдау Қорғаныс министрілігінің мойнында. «Егер сол ауданда тұрғын үйлер болса тұрғындарға өтемақы беру мәселесі қарастырылады. Ал өнеркәсіп жанданып тұрған болса оқ-дәрі қоймасын көшіру мәселесі көтеріледі», – деді ол. Жетілдірілген заң жобасын Сенат екінші оқылымда қабылдады. Енді бұл құжат Президентке жолданады. Қол қойған жағдайда тыйым салынған аймақта құрылыс жүргізуге мүлде болмайды. Заңбұзушылық анықталса, оған әкімшілік жаза қарастырылған.