Басты мақсат – өмір сүру сапасын арттыру
Басты мақсат – өмір сүру сапасын арттыру
413
оқылды

Nur Otan Trends пікірталас алаңында сарапшылар Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген ел дамуының тың бағыттарын жүзеге асыру барысын талқылады.

Алғаш болып сөз алған Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуан­ғанов биылғы Президент сайлауының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңы­зы зор оқиға екеніне назар аударды. Сондай-ақ елімізде жоғары биліктің бейбіт жағдайда, өр­ке­ниетті түрде және демократиялық қағидаларға сай ауысуы Қа­зақстан­ның дамуына тың серпін беретінін айтты. Одан бөлек, ол сайлауға халықтың белсенді қатысуы мен сайлауалды науқан кезіндегі әлеуметтік желілердің маңызын да тілге тиек етті.

– Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беру арқылы Елбасы саясатының сабақтастығын таңдады. Халық әділ саясат пен барлық саланың өрлеп, өркендеуі үшін дауыс берді. Сондықтан ұлықтау рәсімінде жаңа­дан сайланған Президентіміз анықтап берген дамудың он бағыты Елбасы­ның стратегиялық саясатына табан тірейді, – деді Фархад Қуанғанов.

Nur Otan Trends алаңына келушілер күн тәртібіндегі қо­ғамдық-саяси аспек­тілер мен ел Президентінің тапсырмала­рына назар аударды. Алдағы уақытта елімізді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны, әлеу­меттік-эконо­ми­калық бастама­лардың маңызы әңгімеге арқау болды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде еліміздің алдында тұрған мәселелерді айтып өтті. Біріншіден, бұл Қа­зақстанның Үшінші жаңғыруы­ның жалғасы болады. Басты мақсат – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын және табысын көтеру, – деді партия хатшысы.

Сонымен қатар іс-шара бары­сында саяси жаңғыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сарап­шылар жаңа жағдайда билік пен халық арасындағы диалогты кү­шейту жолдарын талқыға салды.

– Қазақстан Президенті қо­ғамдағы түрлі әлеуметтік топтар­мен байланыс орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Бұл бастама – азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтетін нақты қадам, – деді ол.

Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық кеңестің құрамын анықтауды тапсырға­нына назар аударып, оған саяси партиялардың жетекшілері мен азаматтық сектор өкілдері де енгізілуі қажетін айтты. Amanat қоғамдық бірлестігінің өкілі Саясат Нұрбек бұл мәселеге ба­рынша жауапкершілікпен қарау қажеттігін тілге тиек етті.

– Бұл кеңес нақты жұмыс істеуі керек. Оның құрамында қо­ғамда беделі бар, сөзі өтімді, се­німге ие әртүрлі топтың өкіл­дері болуы керек, – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, бұл қоғам­ның билікке деген сенімін нығайтады. Сондай-ақ барлық бағдарламалардың жүзеге асуы­ның кепілі болады.

Пікірталас алаңында сарап­шы­лар жұмыстың ең негізгі ба­ғыты сыбайлас жемқорлықпен күресу деген тоқтамға келді.

– Егер шенеунік өзіндегі көп мөл­шердегі ақшаның қайдан келгенін түсін­діріп бере алмаса, бұл қаражатты одан алып қою ке­рек. Екінші мәселе, кіріс жайын­­дағы жалпы декларацияны енгізу. Бұл мәселе 2017 жылдан бері шешімін тап­пай келе жатыр, – деп атап өтті Тұңғыш Президент қоры жанын­дағы ӘЭСИ сарап­шысы, саясаттану ғылым­дарының докторы Жақсылық Сәбитов.

Айта кетейік, Nur Otan Trends пікір­талас алаңының бүгінгі отырысына модератор ретінде Talap қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, «Экономикалық зерт­теулер институты» АҚ-тың бас­қарма төрағасы Ерлік Қаражан, саяси шолушы Ғазиз Әбішев, «Шаталов» telegram-каналының авторы, журна­лист Никита Шаталов, Sayasat.org порталы­ның шеф-редакторы Бауыржан Төлегенов және білікті экономист Сергей Домнин қатысты.