Қазақ даласына Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македон) келген дейді ел ішіндегі аңыздар. Шынымен келген бе? Келсе қайда тоқтады? Ескендір мен Шу қағанның арасында қандай байланыс бар дейсіз ғой?! Қызық болғанда әлемді жаулауға аттанған сол әйгілі жиһангердің бетін қайтарған мықтының бірі Шу қаған екен. Өзіміздің Тараздың жанындағы Шу қаласын билеген қаған. Мұны біріміз білсек, біріміз біле бермеуіміз мүмкін.
Жалпы, Ескендір мен Шу қаған туралы аңыз-әңгімелердің түбі көбіне 1074 жылы жазылған қашқарлық Махмұттың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегіне тіреледі. Енді сондағы деректерді ретімен сөйлетіп көрсек.
Қарахан дәуірінің ділмәр ғұламасы қашқарлық Махмұт өз кітабында Ескендір Зұлқарнайын туралы бірнеше жерде баяндапты. Бір деректі «шігіл», енді бірін «түрікмен» тайпасының атауы туралы мәтіндерде мысал ретінде береді. Аңыздарды кейде қысқа қайырса, кейде ұзағынан толғайды. Араларында аса бір алшақтық жоқ, қайта бір-бірін жалғайтын секілді. Соның алғашқысы А.Егеубаев аудармасында былай берілген:
«Зұлқарнайын Арғу еліне жеткенде қатты сел жаңбыр жауып, жер-көк лайсаң болып, жолдар езіліп, батпақ басып кеткен. Ескендір жүре алмай қиналған. Налыған Зұлқарнайын парсы тілінде: «ин чигил
аст – неткен батпақ» (не деген жаман батпақ жер), бұдан құтылмаспыз деп кетіпті. Кейін сол жерге бір қорған бекет салдырыпты. Сол қорған бекет «Шігіл» деп аталып кеткен. Кейін сол қорғанда тұрақтап тұрып қалған түрік тайпасы да «Шігіл» деп аталады.
...Оғыздар Жайхұннан жоғары Шынға дейінгі жердің бәрінде тіршілік ететін түрік тайпаларын түгелдей «Шігіл» деп атайды. Бұл қате».
Мұндағы арғу, шігіл деп отырғаны – түрік тайпалары. Жайхұн дегені – қазіргі Әмудария өзені. Демек, Ескендір Жейхун мен Сейхунның, яғни Әмудария мен Сырдария өзендерінің арасында балшыққа батқан әрі Шігіл қорғанын да сол аралыққа салдырған болып тұр. Енді мына қызықты қараңыз, қасиетті Құранның «Кәһф» сүресіндегі Зұлқарнайын туралы дерек те осыған ұқсас.
«Олар сенен Зұлқарнайынды сұрайды: «Сендерге оның жайын түсіндірейін» де. Негізінде Зұлқарнайынды жер жүзінде күшке ие қылдық. Өзіне әр істе қолайлық бердік. О да бір шара қолданды. Тіпті күн бататын жерге жеткен сәтте оны қара балшықты бұлаққа батқан түрде көрді. Сондай-ақ, сол маңнан бір ел тапты. «Әй, Зұлқарнайын, не (ол елді) азаптарсың, немесе оларға жақсылық істерсің» дедік («Кәһф» сүресі, 83-86 аяттар).
Аңыз бен Құрандағы мәліметтердің ұқсастығын ғалым А.Егеубаев та айтқан болатын. Енді оған Сыр өңірі археологиясын зерттеп жүрген археолог ғалымдардың пікірлерін қоссақ. PhD доктор Әзілхан Тәжекеев: «Сырдың ежелгі арналарының бірі Жаңадария Әмудың шығыс сағасы Ақшадариямен қосылып, ірі гидрожүйе құрып, Аралға құяды» деп зерттеу нәтижелері арқылы жоғарыдағы пікірді қуаттап отыр. Сонда сол кездерде Әму мен Сырдың арасы батпақты жер болған ғой. Сонымен қатар археолог ғалым Сырдың бергі беті, қазіргі Қармақшы аумағында орналасқан сақтардың ежелгі астанасы Шірік Рабат қаласынан табылған жәдігерлерді Ескендірмен (Александр Македонмен) байланыстырады.
Демек Махмұт сөздігіндегі мәліметтің алғашқысы – Ескендірдің екі өзеннің арасында жүрген кезі, яғни әлі Шуға жетпеген сәті. «Диуани лұғат ат- түрктегі» келесі бір аңызда оның Шуға келуі баяндалады. Онда былай дейді:
«Зұлқарнайын Самарқаннан асып, түрк қалаларына қарай беттеген кезде түрктердің «Шу» есімді бір жас хақаны болған екен. Ол үлкен қосынның иесі болған. Баласағұн жанындағы Шу қаласын Шу басып алған да, өзі салдырған. Баласағұндағы сарайының алдында күн сайын бектер мәртебесіне үш жүз алпыс рет дабыл қағылып тұрған. Батыр, хақан Шуға Зұлқарнайынның жақындап қалғаны жөнінде хабар жеткізіп: «Зұлқарнайын жақындап келіп қалыпты. Онымен соғысамыз ба, не істейміз?» – деп сұрапты. Хақан Шу Хожанд дариясының бойына қарауыл қойып әрі Зұлқарнайынның өзеннен өткенін хабарлау үшін сол өзен жаққа таңдаулы қырық тарханнан шолғыншы жіберіп отырса керек. Олар жасырын жөнелтілген. Шолғыншылардың кеткенінен хан қосынындағылардың бәрі бейхабар, ешкім білмейді екен. Оларға қарағанда хақанның көңілі жай, жүрегі орнықты екен. Хақанның жорыққа, сапарға шыққанда қоса алып жүретін күмістен құйылған хауызы бар көрінеді. Оған су толтырғаннан кейін қаз, үйрек жүзіп, сүңгіп ойнайды екен. «Зұлқарнайынмен соғысамыз ба, қайтеміз?» – деп сұрағандарға хауызын көрсетіп: «Қаз-үйректерді қараңдаршы, қалай сүңгиді екен?» деп жауап береді. Хақанның жауап орнына айтқан сөзі адамдарды ойлантып тастайды. Олар бұдан «Хақан Зұлқарнайынмен ұрыспақшы да емес, өзі бір жаққа шегінбекші де емес» деген дүдәмал ойға қалады» (А.Егеубаев аудармасы).
Мұнда, Шу қаласын Шу қағанның салдырғаны анық айтылып тұр. Бірақ оған дейін Баласағұн қаласында отырған. Ең қызығы, қауіптің алдын алу үшін ертерек қам жасап, қырық тархан шолғыншысын жасырын аттандырған. Сонда оның бұл жоспарынан жанындағы ең жақын қосынының өзі хабарсыз. Оларға салса, хауыздағы қаз-үйректің жүзгеніне масаттанып жүрген қағанның ісі күлкілі. Тіпті ақылынан адасқандық. Алайда ат құлағынан арыны көрмеген қосын ханда қырық кісінің ақылы болатынын қайдан білсін?! Қазақ мұндайда «ханның сырын құл білмейді, ал құлдың сырын кім білмейді» дейді. Әлқисса, Махмұт аңызды ары қарай былайша жалғайды:
«Зұлқарнайын дариядан өтеді. Шолғыншылар оның дариядан өткенін хақанға түнделетіп келіп хабарлайды. Хақан сол түнде дабыл қақтырып, Шығысқа қарай жолға шығыпты. Хақанның әзірліксіз жолға шыққанынан халық ішінде алаңдау туып, әбігер болады. Ылау тапқандары асығып-аптығып, мінгесіп-ұштасып хақанның соңынан еріпті. Әбдірегендіктен, сасқандықтан бірі-бірінің ылауына мінісіпті. Таң атқанда үлкен бір сайға келіп кіреді. Ол кезде Тараз, Ісбіжап, Баласағұн (жоғарыда Баласағұндағы сарайының алдында дабыл соғылатыны айтылған... Не жаңылыс кеткен, не екі Баласағұн туралы болжамның жаны бар. А.Е.) қалалары салынбаған уақыт. Бұлардың бәрі кейін салынған. Ол жерлерде киіз үйлерде тұратын көшпенділер өмір сүретін».
Сонда Шу қаған айлаға көшіп, ел күтпеген шешім қабылдаған. Бірақ осы жерде, «ол неге қаладан шығып, жауды далада қарсы алды?» деген заңды сұрақ туады. Иә, әртүрлі жорамал айтуға болады. Дегенмен Тонұқұқ ескерткішіндегі айтылған қағанның саяси шешімдері оған жауап болатын секілді. Бірде Білге қаған Тонұқұққа: «Қала салып, халықты бір орталыққа жинасақ. Сосын ортаға бір пұт тігіп, елді соған табындырып, бір идеология аясында топтастырайық» деген мағынада ой тастайды. Оған Тонұқұқ: «Біздің халықтың болмысы оған сай келмейді. Біз еркін далада бір Тәңірге ғана бағынған халықпыз. Қалада жауға төтеп бере алмай қырыламыз. Ал далада алмайтын қамалымыз жоқ» дегендей жауап қатады емес пе?! Демек Тонұқұқ көреген қаған Шудың дәстүрін жалғаған ғой?!
Аңыздың жалғасында жиырма екі әулет қосынмен бірге кетуге шамасы келмей бала-шағасымен сол жерде қалып қойғаны айтылады. Олар сөйтіп тұрғанда жанына көшке ере алмай қалған тағы екі ауылдың адамдары қосылады. Олар сонда былай депті:
– Әй, адамдар! Зұлқарнайын да бір жолаушы, ол бір жерде тұрмайды, біздің жерде де тұрып қалмай, өтіп кетеді. Біз бәрібір өз жерімізде өзіміз қаламыз.
Сонда Шу қағанға ере алмаған екі әулеттің үлкендері мәселені арыдан түсініп, сын сағатта болашағы үшін дұрыс шешім қабылдайды. Бұл екі ауыл түрік тайпаларының бірі – Қалачтар. Аңыз ары қарай былай өрбиді:
«...Хақан Шу Шынға өтіп кетеді. Зұлқарнайын оның соңына түседі. Ұйғырларға жақын жердің бірінде Шу хақан Зұлқарнайынға бір бөлек қосын жібереді. Зұлқарнайын қарсы қол салады. Бұл шайқас «Алтұн қан» деген бір тауда болған еді. Қазір ол тау «Алтұн хан» деп аталады. Зұлқарнайын мен хақан Шу сол жерде бітімге келеді. Одан кейін Зұлқарнайын ұйғыр қалаларын салдырды; сол жерде біраз тұрып қалды. Зұлқарнайын қайтып кеткеннен кейін Шу хан қайтып келеді де, Баласағұнға қарай ілгері басады. Содан соң өзінің атымен аталып кеткен Шу қаласын салдырады».
Аңыздың ұзын-ырғасы осылай. Шу қағанның жоспары соңында жемісін береді. Енді осы аңызға ой жүгіртіп көрейікші. Біріншіден, бұл әңгіме Махмұт заманына дейін ғасырлар бойы айтылып келе жатқан аңыз екені сөзсіз. Яғни, ауыз әдебиеті керемет дамыған деген сөз. Екіншіден, Зұлқарнайынға дейін де, сол замандардың өзінде түркі даласында қалалар салынып, көшпелі өмірмен қатар қала мәдениетінің, қала өркениетінің де дамығаны көрініп тұр. Үшіншіден, сол дәуірдің өзінде халқымыз мемлекет ретінде қалыптасып, қала мен дала жұрты орталық бір астанадан басқарылған. Демек, бүгінгі Қазақ мемлекеті – жаңадан пайда бола қалған жоқ, ежелгі алып қағанаттардың жалғасы, заңды мұрагері. Төртіншіден, әулеттің абыздары сын сағатта ел болашағы үшін дұрыс шешім қабылдаған. Ең маңыздысы, Шу қағанның көреген саясаты еріксіз таңдай қақтырады.
Қорыта келгенде, Ескендір қазақ даласына, оның ішінде Әмудария мен Сырдария алқабына және Шу өлкесіне келгені анық. Әлемді дүр сілкіндіріп, жорығымен жұрттың зәресін алып келе жатқан Ескендірді Шу қаған әдіс-айласымен тоқтатқанға ұқсайды. Сол Шу қаған кейін аңызға айналып, халықтың жадында сақталып отыр. Өйткені қазақ зерттеушілері Шу батыр дастаны болған дейді. Мүмкін дастан да жырланған шығар.
Мемлекеттігімізді нығайтып, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруда тарихи деректердің, аңыз-әңгімелердің аз болса да, құнды әрі бағалы. Елдік жолда ұрпаққа өнеге боларлықтай шешім қабылдаған Шу қағанның есімі қашанда ескеріліп, жастардың санасында жаңғыруы тиіс. Біздің бұл мақаланы жазудағы басты мақсатымыз – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихымызды түгендеп жатқан тұста, өткеннің өнегесін алу.
Бекарыс НҰРИМАН,
PhD доктор