Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы руханиятымызға тың серпіліс әкелді. Тарихымызды түгендеуге даңғыл жол ашылып, ұрпаққа аманаттауға міндет жүктелді. Ұлтымыздың бай тарихын нақты деректермен жазып, көрсетуде жәдігерлердің болуы тарихтың ақиқатын айқындап, ұрпаққа бұлтартпас дәлелдермен жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жауапкершілік еліміздегі тарихи-өлкетану музейлерінен зерделенген жұмыстардың нәтижесін талап етеді.
Қазақтың қасиетті жерінде ғасырлар бойы қалыптасқан сан қырлы, рухани бай мәдениетінен бізге жеткен көне тарих жәдігерлерін жинақтау, жан-жақты зерттеу, олардың ішінен інжу-маржандай ең асылдарын сұрыптап ала білу, халық даналығы тудырған асыл қазынаны, егемен еліміздің игілігіне айналдыру – музей қызметкерлерінің міндеті.
Ұлттық мәдениетіміздің бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегелі көне бұйымдары кейінгі ұрпаққа танытар тарихи-мәдени жәдігерлер екені бәрімізге аян. Қазіргі кезде халықтың ұлттық санасы оянып, тарихи-мәдени мұралардың бай дүниесіне ұмтылысы күннен күнге дамып келеді. Осы орайда Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұжымы өткенге құрметпен қарап, бүгінгісін қадірлеп, келешектің қамын ойлауды, көпшілік халықтың санасын қайта жаңғыртуда біраз жұмыстар атқарып келеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында халық арасында кездесетін көзі жойылып бара жатқан ерекше ұлттық құндылықтар, көне жәдігерлерді жинау және музей қорын тарихи-мәдени құнды бұйымдармен толықтыру мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында музейдің этно-экспедициялық тобы Қызылқоға және Жылыой аудандарына іссапармен болып қайтты. Бұл жолы іссапар аясында музей қызметкерлері этнографиялық жәдігерлерге молынан қол жеткізді.
Этнографиялық жәдігерлер қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін кешенді көрсетуге мүмкіндік береді және олардың көпшілігі сирек кездесетін тарихи-мәдени құндылық болып есептеледі.
Экспедиция мүшелері ел арасындағы қолөнер шеберлері мен ісмерлердің қолынан шыққан туындылар – зергерлік, ағаш, тоқыма секілді этнографиялық жәдігерлерді іздеуді Қызылқоға ауданынан бастаған болатын.
Осы сапарда экспедиция мүшелері 1992 жылы Жамбыл ауылдық округіне Маңғыстау облысынан осы ауылға келін болып түскен Гүлмира Бадановаға анасының өз қолымен тоқып сыйлаған қызыл, сары, қара түсті жіптермен терілген төртгүл өрнекті терме алашасы мен ХХ ғасырдағы мақпалдан тігілген зерлі бешпенті мен сары зерлі матамен ою-өрнек салынып, етегі тізеден сәл жоғары келген, астарлы, жағасы тік, ұзын жеңді көйлектің сыртынан киетін жеңіл сырткиімді жәдігер ретінде қабылдап алды.
Ләйла Долдашеваның келін болып түскенде сыйға берген анасының өз қолымен басқан түрлі түсті боялармен өрнектелген 2х4 өлшемді ақ текеметі де музей қорына алынды.
Қоныстану ауылының тұрғыны Мариям Жұмабекова 1992 жылы қызыл жіптермен «Орынша», «Смағұл», «Роза», «Ахмет 1972» деген жазулары бар, қысқа етіп теру әдісімен тоқып, бір-біріне жалғап тіккен қима алашасын және Дархан Искақов Даман ауылы маңында Әмір деген қыстақта мал баққан 1937 жылы дүниеге келген әжесі Дамет Сарсенқызының 1960 жылы күнделікті тұрмыста пайдаланған жастық ағашын тапсырды. Адам жатқанда немесе отырған кезде сүйеніп отыруға қолайлы болу үшін қолданылатын үй жиһазы ақ, қызыл, көк түсті ою-өрнектермен боялған. Бүгінде жастық ағаштың түрі өзге тұрмақ қазақтардың өздерін таңғалдырып келеді. Себебі, ата-бабаларымыз адам денсаулығына пайдалы етіп жасаған жастық ағаш заманында көптеген аурулардың, әсіресе, бүгінгі бел ауру, омыртқа ауруларының алдын алуда пайдалы болғанын айтуымыз керек.
Музей қорына жәдігер тапсырушы Миялы аулының тұрғыны Райымбек Еламановтың айтуынша, арғы атасы бай, ауқатты отбасынан шыққан. ХІХ ғасырдағы арғы аталарынан қалған қылыш қынымен отбасылық көне мұра болып келген. Құнды мұраны күні бүгінге дейін отбасында сақталған. Басы біржүзді, қайқы келген кесу-шабу-түйреу арқылы зақым салатын қару түрінің сабы ағаштан жасалып, өзі ақ түсті металдан құйылған. Қыны ағаштан жасалып, сырты қайыспен қапталған.
Райымбектің анасы Күләш Әбдіғалиева нағашы әжесінен қалған мұра жүзікті табыс етті. Жан-жағында ұсақ өрнектері бар, батыс аймақтың зергерлік өнерінің сырын бүккен осы бұйымдар енді музей қорында болып, жұртшылыққа таныстырылып, ұлтымыздың зергерлік шеберлігін паш етіп тұратын болады.
Аудандарға іссапар кезіне Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қор бөлімінің сектор меңгерушісі Болған Сүйеуғалиева, қор бөлімінің есепке алу маманы Кәмшат Елеуовалар мүшелігінде болған экспедиция құрамының қанжығасы ұлттық құндылықтармен толықты.
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Светлана Нұрпейісованың айтуынша, экспедицияның Жылыой ауданына сапарлары да сәтті болып, этнографиялық жәдігерлер қатары толыға түскен.
Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Әсемгүл Тұрлашева енесі Шашты Тұрлашеваның өз қолымен тоқып, ұрпақтарына мұра етіп қалдырған үш алашасын, жылыойлық Қайшыбай ұстаға соқтырған алюмин қасықтарын музей қорына табыстауға шешім қабылдапты.
Осы ауданның тұрғыны Биғайша Дарменованың келіні Нұрзия Аманқосова енесінің үй жиһаздары – кебеже, жастықағаш, асадал, сандықтарын, енесінің қолынан шыққан оюлы ақ және түркімен текеметтерін, кішкентай шай сандықшасы және арнайы тапсырыспен қолдан соққан қырықтық секілді көзінің қарашығындай сақтап келген дүниелерін музейге табыс етіп қуантты.
Сайып келгенде осы қазақтың тұрмыстық салтында қолданылып келген бұл дүниелер баба тарихынан сыр шертіп, әр жәдігердің қолдану туралы деректерін ұрпаққа жеткізуде үлесі зор.
– Бұл жолы да экспедиция мүшелерінің олжасы көп болды. Құлсары қаласының тұрғыны Жанна Рахмат ХІХ ғасырдағы күміс алқа тапсырды. Алқа бір-біріне шынжырлар арқылы бекітілген бір үлкендеу, екі сопақша және бір түйме тәрізді алақаннан тұратын мойын әшекейі. Сопақша алақанының бетіне қызыл шыныдан көз орнатылып үсті сіркеленіп өрнектелген. 1931 жылы туған енесі Атағалиева Злыханың тұтынған әшекей бұйымы атасының шешесінен
1880 жылдары отбасылық мұра етіп қалдырылған құндылықты сақтап келген. Сондай-ақ 1926 жылы қайын атасы Хамза Атағалиевтың 13 жасында мектепке ұстаған қоңыр түсті былғарыдан тігілген, аузы бір-біріне киіле, үш жерден бекітілетін қол сөмкесі мен 1950 жылы енесінің тоқыған киіз үйдің керегесі мен уығының біріккен тұсынан сыртын орай тартылатын жалпақ басқұрын және отбасының күнделікті тұрмыста пайдаланған бір жақ басы біріктіріле бекітілген үш таяқшадан тұратын тұрмыстық құрал мосын музей қорына алып келдік, – дейді экспедиция олжасымен бөліскен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейініңбөлім меңгерушісі Светлана Нұрпейісова.
Айтарлығы облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандарының өңірдегі аудандар мен ауылдардағы экспедициялық сапарлары бабалардың этнографиялық қолөнер бұйымдарын ұрпақтан – ұрпаққа мұра етіп, мәдениеті мен өнерін дәріптеген халықтың бар асылын жинақтайтын музейдің қорын осындай құнды жәдігерлермен толықтырып келді.
Өткен ғасырлардан жеткен мұра жәдігерлер байырғы ата-бабаларымыздың түрлі тарихи кезеңдердегі тұңғиық өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, діні мен ділі, көркемдік талғамы туралы сыр шертерін ескерсек, осылардың барлығын облыс халқы мен қонақтары тарихи-өлкетану музейіне келіп тамашалай алады.
Атырау облысы