Birge акциясы көкейдегіні дөп басты
Birge акциясы  көкейдегіні  дөп басты
420
оқылды

Халық Nur Otan партиясының бастамасымен қолға алынған Birge акциясы шеңберінде әлеуметтік мәселесін, ұсыныс-пікірін айтты. Әсіресе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы акцияға өте белсенді қатысты.

Birge акциясы аясында «Есік­тен есікке» шарасы да өтті. Шалғайдағы елдімекендерді, қалада пәтерлерді аралап, ха­лықтың ұсынысы жинақталды. Пар­тия халықтың талабын са­раптап, жүйелеп келешекте  әлеу­меттік бағдарламаларды то­лықтыруға қосылады. Басты мақ­сат – түйткілді мәселелер дер ша­ғында шешімін табу үшін ел­мен етене жақын жұмыс істеу. Әсі­ресе, әлеуметтік аз қамтама­сыз етілген отбасыларға көмек көлемі ұлғаяды.

Birge жалпыұлттық акциясы – сайлаушылармен тиімді кері байланыс орнату үшін тап­тыр­мас тәсіл. Білім беру, ден­сау­лық сақ­тау, жұмыспен қамту, жемқор­лық­ты жою мәсе­ле­лерін толық­тай қамтыды.

Мәселен, акция аясында кә­сіп­керлерден бизнесті дамыту үшін қолданыстағы заңна­ма­лар­ды жетілдіру бойынша бірқатар ұсы­ныс түскен. Оларды салық жүйе­сіне өзгерістер енгізу, турис­тік нысандар салу, өндіріс орын­дарының құрылысын жүр­гізу мәселелері толғандырады. Мысалы, ақтөбелік кәсіпкерлер бизнесте заңбұзушылықтар орын алса, кәсіпкерлердің ортақ жауапкершілігін қарастыруды заң­мен бекітуді ұсынады. Кәсіп­кер жұмыс бабында тәртіп бұзса, заң алдында барлық азамат бір­дей екенін білуі тиіс. Бұл олар­дың халық алдындағы жауапкер­ші­лігін арттырады деп санайды.

Ал солтүстік аймақтың кә­сіп­керлері қаржылай төлемнің уақтылы жасалуын қамтамасыз ету проблемасының шешілуін сұрайды. Олардың пікірінше, де­биторлық қарызы бар адам­дар­дың  көпшілігі қызмет көр­сету­ді тауарға, тауарды қызмет көрсетуге айырбастайды. Мұн­дай жағдайда еңбекақы мен салықтарды уақытында төлеу мүм­кін емес. Сотқа шағымдан­ған­мен компанияның беделіне әсер етеді.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қа­ла­сының тұрғыны жартылай өткізгіш технологияларды (процессорлар, жады чиптері, бір кристалды жүйелер) шығару бойынша озық кәсіпорын құру, ақ­паратты бейнелеу жүйесі өн­дірісін ашу (теледидарларға, смартфондарға, планшеттерге арналған органикалық диод­тар­дағы матрицалар), энергияны өндіру және сақтау технологиясы негізінде тауарлардың жаппай өндірісі (күн батареялары, ак­кумуляторлар, көлікті зарядтауға арналған стансалар), медици­налық мақсаттағы технология саласындағы әзірлемелер бойын­ша кәсіпорын құру (ска­нерлеу және диагностикалаушы аппараттар) туралы ұсыныс­тарын жазған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерге ұдайы қолдау жалғасатынын бағдарламасында айтқан бола­тын. Ол: «Біз ұлттық бизнес пен азаматтардың жеке бастама­ларын табанды түрде қолдаймыз. Кеңауқымды кәсіпкерлік ортаға ден қоямыз. Отандық бизнеске реттелмелі сатып алуларға жол ашамыз. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қаржысы – салық төлеушілердің ақшасы. Олар біздің экономи­каны дамытуға, қазақстандық­тардың табысы мен әл-ауқатын арттыруға жұмсалуы тиіс. Біз бизнеске қосымша талаптар қоя­тын заңнамалар мен реттей­тін нормалар үшін өтпелі кезең енгіземіз. Жаңа кәсіпорындарға 3 жылға дейінгі инвестициялық-салықтық несиелер ұсынатын боламыз. Ол бизнестің аяқтан тұрып, нарықта нығаюына мүмкіндік береді» деген болатын.

Birge акциясы аясында келіп түскен азаматтардың ұсыныс­тарының көпшілігі тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты. Оның ішінде, жалда­малы қызметкерлердің құқығын қорғау, бюджет саласы қызмет­кер­лерінің жалақысын арттыру, жұмысшыларға лайықты сыйа­қы беру мәселелері жиі айтылған.

Атап айтқанда, Қостанай қаласынан Т.Шумейко, Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауда­ны­нан Снежана Черепанова, Ақмола облысы Ақкөл ауданы­нан Виктор Данченко білім сала­сы қызметкерлерінің жала­қысын жоғарылатуды сұрайды. Елордалық Жанат Үркімбаев еңбекақы төлеуді кешіктірген кезде жұмыс берушілерге қатаң шара қолдануды заңмен бекіту қажет деп есептейді. Семейлік Асқар Жампейісов апта сайынғы еңбекақы төлеу жүйесін қарас­ты­­руды ұсынды. Ең төменгі ең­бек­ақы мөлшерін сағатына 1000 теңгеден кем емес етіп заң жү­зін­­де бекіту қажет деп санайды.

Еңбек келісімшарты мен жалақы төлеу мәселесіне қатыс­ты ұсыныстар мұқият зерттеледі. Акция асында халықты жұмыс­пен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінбек. Халықты тұрақ­ты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, ең алдымен, өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, іскерлік қызметтер, IT сала, туризмге ерекше басымдық беріледі. 

Сондай-ақ халықты эколо­гия­лық проблемалар толған­ды­рады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павло­дар облыстарының тұрғындары шешімін таппаған мәселе көп екеніне назар аударса дейді. Сол себепті, алдағы уақытта өнер­кәсіптік кәсіпорындар қоршаған ортаны ластамау үшін халықара­лық стандарттар мен техноло­гияларды енгізу міндеттеледі. Барлық ірі кәсіпорындар тазарту­дың жаңа технология­ларын енгізу және қалдықтарды азайтудың нақты жоспарын әзірлеуі тиіс.

Birge акциясы аясында әлеу­меттік тұрмысын жақсартуға бағыт­талған әділдік, өрлеу, даму жобасының болашағы зор.

Жалпы, акция аясында 530 мыңға жуық өтініш келіп түскен. 1,5млн-нан астам адам ұсыныс-пікір айтқан. Әлеуметтік мәсе­ле­лерге айрықша көңіл бөлінеді. Жастарды жұмыспен қамту, білім саласына байланысты түйт­кілді мәселелер шешімін табады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты жұмыс істейтін жастар мен аз қамтылған, көпбалалы отбасы­ларға арнап баспана салынбақ. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеу­лі адамдарға, барлық санаттағы мұқтаж адамдарға берілетін әлеуметтік көмектің ауқымы көбейеді. Аймақтарда білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жобалар жалғасын табады.

«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бағдарламасы – Қазақ­стан халқының игілігі үшін тың бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыратын бірден-бір жоба. Бү­гін­гі күндегі ең өзекті мәселе – халықты қолжетімді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету. Сондық­тан акцияға қатысқан азаматтар қолданыстағы тұрғын-үй бағдар­ла­малары біріктіріліп, бір жүйе­мен жұмыс істесе деген ұсыныс айтқан. Birge акциясы шеңбе­рінде айтылған ұсыныс кезең-кезеңімен жүзеге асады.