Бізде көзге көрінбейтін бірақ көңілге кірбің түсіретін елеулі мәселелер өте көп. Солардың ең маңыздысы – әлі күнге дейін тегімізді дұрыс жаза алмай жүргеніміз. Бүгінде қазақстандықтар аты-жөнін жазудың 18 түрлі үлгісін қолданып жүр екен. Пәленше келіні, немересі, шөбересі деген құлаққа оғаш естілетін, ақылға сыйымсыз нұсқалардан бөлек, әлі күнге дейін -ов, -ев, -ович, -евич жұрнағымен жүргендер көп. Бұған не себеп? Азат сана алдымен адамның атын дұрыс жазудан басталмай ма?
1996 жылы «Ұлттық дәстүрге байланысты тегін өзгерту туралы» жарлық шықты. Бұл ресми жарлық болғанымен, ататекті қазақиландыру идеясын сонау 1917 жылы Қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан көтерген. «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқталсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деген еді. Алайда арада ғасыр өткенімен, тегімізге қосақталған қара таңбадан әлі арылған жоқпыз.
Өкініштісі сол, ататегімізді ұлттық дәстүрімізге сай жаңаласын деген Елбасы жарлығы 23 жыл бұрын шықса да, оған немқұрайлықпен қарап, әлі күнге дейін енжарлық танытып келеміз. Онда «Азаматтар өз тегіндегі қазақ тiлiне тән емес аффикстерді алып тастауға хақылы» деп деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ тегіміздің толық теңдік алмай келе жатқанына әр адамның өзі кінәлі. Жарлық бола тұра жалтақтаудан жалықпай-ақ келеміз.
«Мен сана болмысы деп 17 кітап жазған адаммын. Сонау 86 жылдан бастап сананың қалай өзгеріп келе жатқанын бағамдап отырмын. Ең өкініштісі, 1991 жылы көптеген адамдар қандай санада болса, 28 жыл өткеннен кейін де сол санада әлі отыр», – дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім.
Иә, ағамыздың таңғалатындай, тіпті көңілі қалатындай-ақ салмақты себебі бар. Өйткені өзінің тегін ауыстырмағанымен қоймай, жаңа туған баласына, немересіне де әлі сол кеңестік жалғауды теліп беретіндер бар. Биыл жыл басынан бері елордада 107 адам аты-жөнін ауыстыруға өтініш білдіріпті. Бірақ олардың көбі некеге тұруына байланысты немесе тегінің оғаш естілуіне орай, өзгертуін сұраған. Ал -ов, -ев жұрнағынан арылуға ниет білдіргендері 20-дан әзер асады.
«Енді бұл жеке адамның таңдауы ғой. Оған біз қарсы келе алмаймыз. Әркімнің өзінің қалауы бойынша қазіргі таңда -ов, -ев, -ина, -евич деген жұрнақтар жалғана береді. Салыстырмалы түрде айтар болсам, көбіне Солтүстік және Шығыс Қазақстан ов-ев-пен қалып жатады», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Әділет департаментінің бас маманы Айғаным Сауранбаева.
Ал енді қараңыз, орыстан жеткен осы -ов, -ев жұрнақтарын орыс патшалары мен зиялы қауымының бір де біреуінен кездестіре алмайсыз. Олардың дені Иван Грозный, Александр Пушкин, Лев Толстой, Ярослав Мудрый болып кете береді. Ал оның астарында сіз бен біз біле бермейтін үлкен мән бар көрінеді.
«-ов, -ев-тің шығу тегіне қарайтын болсақ, жер иеленушілері, құл иеленушілер қарамағындағы жұмысшылар, қызметкерлер ұстаған. «Кімнің жұмысшысысың? Кімнің құлысың?» деп сұрағанда «Иванов, Сидоров» деп жауап беретін болған. Яғни соның құлымын деген мағынада айтылады. Бұл жұрнақ әу баста содан шыққан. Сол иесіне тиесілі адам екенін анықтайтын жалғау», – дейді филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы.
Бірақ Кеңес Одағы тұсында қазақстандықтарға аты-жөніне қосақталған осы қара таңбадан арылу оңай болмады. Десе де, амалын тауып, айласын асырғандар бар. Белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз осы жалғаудан құтылу үшін, тегіне туған жерін қосыпты.
«Қатып қалған қағазға табынған біздің шенеуніктер -ов, -ев-імді алдырмай қойған. Алғашқы патриоттардың бірі болып осыдан қалай құтылам деп көп ойландым. Рудың атына бөлейік десек, бүкіл қазақ оған дайын тұр. Бәрі арғыни, дулати, наймани болып кетеді. Сосын қырық пышақ боп бөлініп тағы бәле боламыз. Өйтуге тағы болмайды. Әркімнің туған жері ыстық қой. Тараз топырағының атын алайын деп шештім. Содан әл-Тарази болдым. Бұл жерде өзгелерден оқ бойы озық болайын, ерекшеленейін, көрінейін деген мақсат болған жоқ. Орыстың -ич, -ов, -ин дегенінен құтылу еді бар ойым. Менің тапқан амалым осы болды», – дейді ол.
Қазір заман өзгерді. Көбіміз тегімізді қазақшаласақ, оған сәйкес диплом, үй-жай, көлік, басқа да мүліктердің құжаттарын түгел ауыстырып, сергелдеңге түсеміз деп ойлаймыз. Зейнетақы қорындағы қаржымды жоғалтып аламын деп қауіптенетіндер де бар. Бірақ тегіңізді бір емес бірнеше рет өзгертсеңіз де, сіз туралы мәлімет жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы анықталады. Құжат ауыстырудың да бұрынғыдай әуре-сарсаңы азайды.
«Егер азаматтың тіркеуі болса, қай ауданға қарайды, сол ауданның халыққа қызмет көрсету орталығына келеді. Келген кезде құжатының түпнұсқасы, туу туралы куәлігінің түпнұсқасы керек. Содан кейін өтініш толтырады. Сосын ортақ есептік көрсеткіште түбіртек алып келеді. Оның сомасы 1 265 теңге тұрады. Осы құжаттарды тапсырғаннан кейін 7 күннен кейін туу туралы куәлік береді. Бүгінде тегімізді қазақыландырудың тіл мамандары ұсынып отырған, жанымызға жақынырақ екі үлгісі бар. Біріншісі, адамның есімі және ешқандай жалғаусыз тегі көрсетіледі. Екіншісі, адамның есімі одан кейін кімнің ұлы, қызы екені жазылады», – дейді ХҚКО маманы Еркін Жапаров.
Нұргүл Бақытбекқызының сыныбында 27 оқушы болса, соның 20-сының аты-жөні есімінен кейін ешқандай жалғаусыз тегін көрсету үлгісімен жазылған. Сондықтан мұғалім сабақ сұрарда кейде тығырыққа тірелетінін айтып отыр.
«Бәріміздің аты-жөніміздің қазақша үлгіде жазылғаны бізді қуантады. Мәселен, сыныбымды Азамат Нұрлан деген бала бар. Кейде осы баланы Нұрлан деп шақырып отырамын. Мүмкін мұны кемшілік деп айтуға келмес. Бірақ ұстаз ретінде мен баланың атынан тегі бөлініп тұрса деген ұсынысым бар», – дейді №74 мектеп мұғалімі Нұргүл Садықова.
Өйткені әлемдік үлгіде алдымен аты, сосын тегі жазылатын қағида бар. Ал қазір біздегі әлі күнге дейін сақталған тегі, есімі, әкесінің аты жазылатын кеңестік үлгіні бір де бір ел қолданбайды. Жалпы, ататек жазудағы ала-құлалық мұнымен шектелмейді.
Қуаныштысы сол, ататекті қазақиландыруды зерттеп жүрген адамдар арамызда бар. Мәселен, Бекжан Әбдуәлиұлы халқымызда тегін жазудың көнеден келе жатқан өзіндік үлгілерін көрсетіп жүр.
«Көне түркі дәуірлерінде де ұлы оғлы деген фамилияның үлгілері болған екен. Көне түркі жазбаларынан кейін біздің бір сүйенетініміз ауыз әдебиеті. Сейілұлы Қараман, Базарбайұлы Төлеген, Сырлыбайдың қызы Жібек дегендер бар. Қазақ өзінің атасына ешқашан кір келтірмейді. Атасының есімі үшін жанталасып күреседі. Қазақ – осы айтқаным келмесе, атымды өзгертіп таста деп ант су іше алатын халық. Сонда атын өзгерту өзін өлімге қиюдан да жоғары болатыны көрініп тұр. Сондықтан біз құлдың фамилиясын алған халық емеспіз. Біз атамыздың ұлымыз, әкеміздің ұлымыз», – дейді ол.
Ұлы деген ұғым көп елдердің тегінде кездеседі. Мәселен, армяндардың Петросян, Саркисян дегендегі ажырамас ян жұрнағы ұлы, қызы дегенді білдіреді екен. Грузиндердің Шевернадзе, Кикабидзесіндегі дзе қосымшасы да баласы деген мағынада айтылады. Украиндердің Бондаренко, Бондарчук дегендегі жалғаулары да кіші, өзінен кейінгі дегенді білдіреді.
Ал біз әлі бірізділікке түсе алмай келеміз. Біздегі заңдылық бойынша аты-жөніңізді бірнеше нұсқада жазуға рұқсат берілген. Мәселен, Ақсұлу Бадамбек Еділқызы, Бадамбекова Ақсұлу Еділқызы, Ақсұлу Бадамбекова, Бадамбектегі Ақсұлу Еділқызы, Ақсұлу Еділқызы... деп кете береді. Егер тұрмыстағы әйел болса, бұл жерге күйеуінің тегін қосарлап жаздыра алады.
Алайда мамандар осының бәрін реттеп, тек фамилия жазудың ең көп тараған, ұлттық дәстүрімізге сай 2-3 үш үлгісін ғана қалдырған жөн дейді.
Иә, текті түзеу – тектілік. Мәселен, Саркисян, Петросян деген фамилиясына қарап-ақ, оның армян екенін жазбай танисыз. Меладзе, Алавидзе, Саакашвили десе «грузин» деген ой санаңызса сақ ете түседі. Украиндер де Шевченко, Тимошенко, Ткачанко деп өзіндік үлгісін қалыптастырып алған. Тектің бұлайша бірыңғай жазылуы – ұлт тұтастығының көрінісі. Ал біз ата-тек жазудағы ала-құлалықты қалай тыямыз?
Ақсұлу ЕДІЛҚЫЗЫ