Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында медицина қызметкерлер күні салтанатты түрде тойланды. Осынау мерекелік басқосу барысында «Алматы облысының үздік дәрігері» болып танылған Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің хирургі Естөре Қарғабаев облыс әкімінің қолынан Lada Granta автокөлігінің кілтін сыйлыққа алды.
Салтанатты шара аясында Мәдениет сарайының фойесінде өңірдегі 20 жетекші медициналық мекеме мен фармацевтикалық компанияның қатысуымен көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қатысушылар өздерінің жұмысы жайлы баяндап, болашақ жоспарымен бөлісті. Олардың әрқайсысын мұқият тыңдаған облыс басшысы Амандық Баталов қажет болған жағдайда тиісті қолдаулар мен көмектер жасалатыны жайлы уәде берді.
– Барлық мәселелер бойынша ұсыныстар енгізіңіздер. Қандай да бір медициналық құрал-жабдық сатып алу, материалдық-техникалық базаны жаңарту керек болған жағдайда жасқанбаңыздар. Ал кадр жетіспеушілігі мәселесін бірлесе отырып реттейміз. Мамандарды шақырыңыздар. Біз өз тарапымыздан баспана мәселесін шешуге көмектесеміз. Сіздерге бір ғана талап қойылады. Ол – медициналық қызметтер сапасын барынша арттыру, – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиын облыстық денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы фильмді тамашалаумен басталды. Одан кейін медицина қызметкерлерін құттықтауға, марапаттауға кезек берілді. Медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған облыстық конкурс қорытындысы бойынша үздік деп танылғандарға құрмет көрсетілді. Жоғарыда атап кеткеніміздей, Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің хирургі Естөре Қарғабаев «Алматы облысының үздік дәрігері» болып танылып, Lada Granta автокөлігін иеленді. «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектегі үздік дәрігер» аталымында Талдықорған қалалық №1 емхананың балалар дәрігері Бэлла Валишанова жеңіске жетті. Қарасай ауданындағы Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Аққайша Сарина «Үздік ауылдық дәрігер» болып танылды. Екі жеңімпазға да дипломдар мен 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. «Үздік фельдшер» және «Үздік мейірбике» аталымындарында топ жарған Сарқан аудандық ауруханасының мейірбикесі Самал Сымжанова мен Іле ауданындағы Жауғашты фельдшерлік-акушерлік бекетінің фельдшері Айтолған Ғопаевалардың еңбегі 350 мың теңгенің сертификаттарымен бағаланды. Сонымен бірге, бірқатар медицина қызметкерлері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және алғысхатымен марапатталды.
Жалпы өткен жыл Алматы облысы денсаулық сақтау саласы үшін табысты болды. Өңірде 15 денсаулық сақтау мекемесі пайдалануға берілді. Солардың ішіндегі онкологиялық ауруларды алдын ала анықтайтын ситуациялық орталықты айрықша атап өткен жөн. Биылғы бес айда аталған орталықта 80 717 адам тексерліпті. Облыстық балалар аурханасы жанынан ашылған балалар және неонтальдық хирургиясы орталығының арқасында бұрынғыдай жаңа туған нәрестелер мен балаларды ота жасау үшін еліміздің басқа қалаларына тасымалдамайтын болдық. Биылғы бес айда осы орталықта 383 ота сәтті жасалыпты.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы