Әр кәсіпте нәсіп бар
Әр кәсіпте  нәсіп бар
5,485
оқылды

Қазақстанда кімге болса да кәсіп ашып, соның нәсібін көруге қолайлы жағдайлар жасалып-ақ жатыр. Дегенмен өзімізден де бар. Көп мүмкіндікті пайдалана алмай келеміз. Басқа ұлт өкілдері елімізде тиыннан теңге жасап жатса, біз, қазақтар, әлі күнге дейін бірден қарпып қалғымыз келеді. Неге бізде құлшыныс жоқ?

Өткен ғасырдың тоқса­нын­шы жылдары неміс жерінде әскери қызметімді өтедім. Сол уақыттың өзін­де көшеге шыққанда таза­лы­ғына таң қалатынбыз. Кәдімгі қоқыс тастайтын жерлерінде, арнайы қаға­зын, тұрмыстық қалдықта­рын, шыны тастауға арнал­ған екі-үш жәшік тұратын. Сол қоқысты қайта өңдеп шығаратынын сол кезде естіп, білгенбіз. Бұл бір жа­ғы­н­ан ұқыптылық, таза­лық әрі бизнес көзі болатын.

Ал бізде бұл жұмыстар енді ғана қолға алынып жатыр. Жақында билік осы жылдан бастап қоқыс поли­гондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салды. Өйткені советтік ке­зеңнен бері қатты тұр­мыс­­тық қалдықтар көп жина­лып қалған. Осылайша, Энер­­гетика министрлігі қоқыс өңдеу деңгейін арт­ты­рып, тұрғындарға қоқыс­ты сұрыптап жинауды үйре­туді қолға ала бастады. Үкі­мет 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдық­тарды қа­йта өңдеу үлесін 40 пайыз­ға жеткіземіз деп отыр.

Осы саламен айна­лысып, бизнеске айнал­ды­рамын деген кәсіпкерлерге бағыт сілтейтін KazWaste қалдықтарды басқару бо­йын­­ша қауымдастығы бар. Ұйым 2013 жылы кәсіп­орындарға, мемлекет орган­да­рына, жұртшылық­қа қал­дық­тарды басқару сала­сын­дағы қызметті жүзеге асыру барысында туындап отыра­тын мәселелерді шешу ісін­де көмек көрсету мақса­тын­да құрылған. Қауымдастық­тың құрамына жасыл эко­но­ми­каны қолдайтын жеке кәсіпкерлер мен 30-дан астам ұйым кірген. Қалдық­тар саласындағы мәселелер­ді инновациялық техноло­гияларды қатыстырумен, халықаралық стандарттарды ұстанумен кәсіби тұрғыдан шешуге бағытталған. Қа­уым­дастық жұмысы өнер­кәсіп­тік кәсіпорындардың, мемлекет пен халықтың мүддесін қорғауға ықпалын тигізеді.

– Қазір Қазақстанда төрт зауыт бар. Бұл жеткі­лік­сіз. Биылдан бастап қат­ты тұрмыстық қалдық­тарды полигонға апаруға тыйым са­лынған. Сұрыпталмаған қоқысты алып шыққан кө­лікті полигонға жібер­мейді, Экология департаменті айыппұл салады, –  дейді KazWaste қауымдастығы бас­тығы Шынболат Бай­құ­лов.

Қоқысты қайта өңдеу­мен ғана емес, Айбек Рахым сияқты  ІТ жобаларды құрас­тырып қалтаға ақша салуға болады. Ол Tazalyk деп аталатын экологиялық маңызы бар жоба ойлап тауып, мобильді қосымша жасап шығарған. Tazalyk арқылы кез келген адам қо­қы­сын арнайы мекеме­лер­ге тапсыру арқылы бонустар мен сыйақылар ала алады. Мобильді қосымшада сіз қоқыс өткізу пунктерінің қай жерде орналасқанын және қалай өткізуге бола­ты­нын біле аласыз. «Мектеп кезі­нен экологияға қызығу­шы­лығым өте жоғары бола­тын. Бұл бағытта да әртүрлі жобалар жасадым. Бірақ блокчейн, ақылды душ сынды идеяларым аяқсыз қалды. Мүмкін қолдану­шылардың тарапынан қолдау болмағаннан шығар. Ал Tazalyk – ерекше жоба. Командамызда әр адамның өз қызметі бар. Біз қоқысты сорттап бөлуге арналған эко бактарды көптеген бизнес орта­лықтарға, үлкен меке­ме­­лерге орналастыр­дық. 70-тен астам серіктесімізбен бірге жұмыс істей отырып, тазалық жұмыстарына үлес қосуда­мыз. Олардың қата­рында Adidas, PNG, IT, AlmaU сынды мекемелер мен жоға­ры оқу орындары бар», – дейді Айбек Рахым.

Өздеріңіз көріп, біліп отырғандай, қоқысты қайта өндеу мини зауытын ашып алып, кәсібін дөңгелетуге әрбір қазақстандықтың мүм­кіндігі бар. Ол үшін ар­найы бағдарламалар қолға алынып, несие де беріледі. Тек білек сыбана жұмыс іс­теу керек. Арнайы семи­нар­­лар, оқулар да ұйымдас­ты­­рылған. Осы мүмкіндікті пай­далануға арланамыз, ал басқа ұлт өкілі осы кәсіптен нәпақасын тапса, миы­ғы­мыз­­дан күлеміз, солай бола тұра қарамағында жұмыс істеп жүргендер де өзіміз. Бізде құлық жоқ. Өйткені билік бізді асырайды деген сенім әлі күнге жойыла қоймаған. «Қағаз толтырып, рұқсат алып жүруге уақыт жоқ. Оған алтын уақытымды жұмсағым келмейді» деп лепіреміз. Осы сөздерді айтқан уақытта, біз диванда шалқамыздан түсіп жата­мыз, көп болса бір-екі күні­міз­ді құжат дайындауға қи­май­мыз. Біз жұмыс істейтін қолға емес, бос сөзге сене­міз! Әр кәсіпте – нәсіп бар екенін ұмытпасақ екен!