Қазақстанда кімге болса да кәсіп ашып, соның нәсібін көруге қолайлы жағдайлар жасалып-ақ жатыр. Дегенмен өзімізден де бар. Көп мүмкіндікті пайдалана алмай келеміз. Басқа ұлт өкілдері елімізде тиыннан теңге жасап жатса, біз, қазақтар, әлі күнге дейін бірден қарпып қалғымыз келеді. Неге бізде құлшыныс жоқ?
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары неміс жерінде әскери қызметімді өтедім. Сол уақыттың өзінде көшеге шыққанда тазалығына таң қалатынбыз. Кәдімгі қоқыс тастайтын жерлерінде, арнайы қағазын, тұрмыстық қалдықтарын, шыны тастауға арналған екі-үш жәшік тұратын. Сол қоқысты қайта өңдеп шығаратынын сол кезде естіп, білгенбіз. Бұл бір жағынан ұқыптылық, тазалық әрі бизнес көзі болатын.
Ал бізде бұл жұмыстар енді ғана қолға алынып жатыр. Жақында билік осы жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салды. Өйткені советтік кезеңнен бері қатты тұрмыстық қалдықтар көп жиналып қалған. Осылайша, Энергетика министрлігі қоқыс өңдеу деңгейін арттырып, тұрғындарға қоқысты сұрыптап жинауды үйретуді қолға ала бастады. Үкімет 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткіземіз деп отыр.
Осы саламен айналысып, бизнеске айналдырамын деген кәсіпкерлерге бағыт сілтейтін KazWaste қалдықтарды басқару бойынша қауымдастығы бар. Ұйым 2013 жылы кәсіпорындарға, мемлекет органдарына, жұртшылыққа қалдықтарды басқару саласындағы қызметті жүзеге асыру барысында туындап отыратын мәселелерді шешу ісінде көмек көрсету мақсатында құрылған. Қауымдастықтың құрамына жасыл экономиканы қолдайтын жеке кәсіпкерлер мен 30-дан астам ұйым кірген. Қалдықтар саласындағы мәселелерді инновациялық технологияларды қатыстырумен, халықаралық стандарттарды ұстанумен кәсіби тұрғыдан шешуге бағытталған. Қауымдастық жұмысы өнеркәсіптік кәсіпорындардың, мемлекет пен халықтың мүддесін қорғауға ықпалын тигізеді.
– Қазір Қазақстанда төрт зауыт бар. Бұл жеткіліксіз. Биылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды полигонға апаруға тыйым салынған. Сұрыпталмаған қоқысты алып шыққан көлікті полигонға жібермейді, Экология департаменті айыппұл салады, – дейді KazWaste қауымдастығы бастығы Шынболат Байқұлов.
Қоқысты қайта өңдеумен ғана емес, Айбек Рахым сияқты ІТ жобаларды құрастырып қалтаға ақша салуға болады. Ол Tazalyk деп аталатын экологиялық маңызы бар жоба ойлап тауып, мобильді қосымша жасап шығарған. Tazalyk арқылы кез келген адам қоқысын арнайы мекемелерге тапсыру арқылы бонустар мен сыйақылар ала алады. Мобильді қосымшада сіз қоқыс өткізу пунктерінің қай жерде орналасқанын және қалай өткізуге болатынын біле аласыз. «Мектеп кезінен экологияға қызығушылығым өте жоғары болатын. Бұл бағытта да әртүрлі жобалар жасадым. Бірақ блокчейн, ақылды душ сынды идеяларым аяқсыз қалды. Мүмкін қолданушылардың тарапынан қолдау болмағаннан шығар. Ал Tazalyk – ерекше жоба. Командамызда әр адамның өз қызметі бар. Біз қоқысты сорттап бөлуге арналған эко бактарды көптеген бизнес орталықтарға, үлкен мекемелерге орналастырдық. 70-тен астам серіктесімізбен бірге жұмыс істей отырып, тазалық жұмыстарына үлес қосудамыз. Олардың қатарында Adidas, PNG, IT, AlmaU сынды мекемелер мен жоғары оқу орындары бар», – дейді Айбек Рахым.
Өздеріңіз көріп, біліп отырғандай, қоқысты қайта өндеу мини зауытын ашып алып, кәсібін дөңгелетуге әрбір қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Ол үшін арнайы бағдарламалар қолға алынып, несие де беріледі. Тек білек сыбана жұмыс істеу керек. Арнайы семинарлар, оқулар да ұйымдастырылған. Осы мүмкіндікті пайдалануға арланамыз, ал басқа ұлт өкілі осы кәсіптен нәпақасын тапса, миығымыздан күлеміз, солай бола тұра қарамағында жұмыс істеп жүргендер де өзіміз. Бізде құлық жоқ. Өйткені билік бізді асырайды деген сенім әлі күнге жойыла қоймаған. «Қағаз толтырып, рұқсат алып жүруге уақыт жоқ. Оған алтын уақытымды жұмсағым келмейді» деп лепіреміз. Осы сөздерді айтқан уақытта, біз диванда шалқамыздан түсіп жатамыз, көп болса бір-екі күнімізді құжат дайындауға қимаймыз. Біз жұмыс істейтін қолға емес, бос сөзге сенеміз! Әр кәсіпте – нәсіп бар екенін ұмытпасақ екен!