Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қытай Халық Республикасы Коммунистік партиясы Орталық комитеті Еуразия халықаралық бөлімі басқармасының директоры Цянь Найчэнмен кездесті.
Кездесуде Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев келешекте халықтың Елбасы бағытын жалғастыруға, сондай-ақ шетелдік әріптестермен достық қарым-қатынас нығая түсетінін айтты.
– Қазақстандықтар елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының жалғаса беруіне қолдау көрсетіп, Елбасының барлық стратегиялық бастамасы мен бағдарламасы ары қарай да іске асырылып, біздің партияның атқаратын рөлі зор болады. Сабақтастық, сонымен бірге Қазақстанның көпвекторлы бейбіт сыртқы саясатын сақтап қалуды қарастырады. Біз алдағы уақытта да Тұңғыш Президент кезінде қалыптасқан және белсенді дамыған бағыттар бойынша қарым-қатынасты нығайта береміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол Nur Otan партиясының Қытай Коммунистік партиясымен ынтымақтастықты дамытуға ерекше басымдық беретінін атап өтті. Партияаралық диалогтың рөлі жайында 2015-2017 жылдарға арналған Ынтымақтастық туралы хаттаманы мысалға келтірді.
– Біз партияларымыздың арасындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы жақсы іске асыра білдік. Біздің делегаттарымыз Қытайда түрлі іс-шараға қатысты. Сондай-ақ біз де ҚХР әріптестерімізді бірнеше рет қабылдадық. Келешекте біздің партиямыздың және Қытай Коммунистік партиясының ортақ мүддесін танытатын бағыттар бойынша қарым-қатынасты одан ары қарай дамытамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Еуразия халықаралық бөлімі басқармасының директоры Цянь Найчэн мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты одан ары нығайту мақсатында екі партияның ынтымақтастықты күшейте түсуге ниетті екенін жеткізді.
Сонымен қатар жиында партиялық оқыту мен партиялық кадрларды дайындау мәселесін де талқылады.