Nur Otan партиясының Қарасай ауданына қарасты Қаскелең бастауыш партия ұйымында өткен жиналысқа аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов, Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Абдильдаева, аудандық жастар орталығының маманы Жарқынай Сәдуова мен бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Мұқашев қатысты. Басқосуда Президенттің сайлау науқанына бастауыш партия ұйымы өкілдерінің қатысуы, белсенділік нәтижелері мен жалпыұлттық Birge акциясы аясында атқарылған жұмыстар нәтижесі сарапталды.
«Сайлау науқанына қарасайлықтар белсенді қатысты. Республика бойынша Жетісу өңірінің жетістігі жоғары екенін барлығымыз жақсы білеміз. Онда біздің бастауыш ұйымының да өзіндік үлесі бары анық. Сайлау науқаны кезінде және Birge акциясын жүзеге асыру барысында Қарасай ауданында желілік кестеге сәйкес 115 іс-шара ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде 54 жарияланым жарық көрді. Birge акциясы аясында 14 194 үгіт құралдары алынып, базаға 4 200 ұсыныс-тілек жинақталды», – дейді аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Қайратқызы.
Қаскелең бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Үкенұлының айтуынша, Қаскелең бастауыш партия ұйымындағы 68 топтық партия ұйымында есепте 3 528 партия мүшесі бар. Ірі бастауыш партия ұйымы ретінде сайлау науқанында тұрғындармен кездесулерді өткізуде белсенділік танытып, жүздесулер еркін форматта өткізіліпті. Әрбір айтылған өтініш-тілек Birge акциясы бойынша жинақталыпты. Тағы бір ерекшелік, бастауыш партия ұйымының мүшелері аудандық деңгейде өткен форумға да белсене қатысып, баспасөз бетінде пікірлерін жариялапты.
Жиынды қорытындылауда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алу, жұмыс жоспарын жасақтап, алдағы уақытта әрбір бағыт бойынша жұмыс жүргізуге жоғары дайындықта болу туралы ортақ келісім жасалды.
Болат АБАҒАН