Қарағандыда кәсіби мереке қарсаңында денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Оларға Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы табыс етілді. Салтанатты рәсім К.Станиславский атындағы театр сахнасында өтті.
– Бүгін осы залда адам денсаулығына қамқорлық жасауды өмірлік мұрат етіп алған жандардың арасында тұрғаныма өте қуаныштымын. Ең шынайы құттықтау мен тілектерді бүгін денсаулық сақтау ардагерлеріне де айтқымыз келеді. Сіздер бірегей Қарағанды мектебін құрдыңыздар. Сіздердің еңбектеріңізге, тәжірибелеріңізге баға жетпейді. Медицина университеті мен колледж қызметкерлеріне ерекше алғыс айтамыз. Сіздер білімдеріңізді шәкірттеріңізбен, болашақ дәрігерлермен, медбикелермен бөлісіп келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз бен қамқорлықтарыңызды xалық ұзақ жыл бойы ұмытпайды, – деді Қарағанды облысы әкімінің м.а. Ерлан Қошанов. Ол, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалар біртіндеп шешіліп келе жатқанын атап өтті. Ауруханалар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Денсаулық сақтау мекемелерінде озық ақпараттық технологиялар еніп жатыр. Ал облыс қалалары мен аудандарына жұмыс істеуге келген жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етілуде.
Қарағандылық ақ халатты абзал жандарға облыс әкімінің сыйлығын шетелдік әріптестер табыс етті. Мәскеулік кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы Лоайс Левано Уго Карлос анестезиолог-реаниматологтарға, неонатологтарға және педиатрларға арналған семинар-тренинг өткізу үшін Қарағандыға арнайы келген. Станиславский театрының сахнасында ол «Үздік педиатр», «Үздік акушер-гинеколог» және «Үздік хирург» номинациялары бойынша сыйлықтарды табыс етті.
Лауреаттарды құттықтауға медицина ғылымдарының докторы, №2 Қарағанды ауруханасында жұмыс істейтін польшалық дәрігер-кардиохирург Войцех Ежи, Қарағанды медицина университетінің оқытушысы, үндістандық Гарвала медициналық университетінің профессоры Рэнна Тивари қосылды.
Облыс әкімі сыйлығын «Үздік терапевт» номинациясы бойынша дәрігер кардиолог, «Жүрек» ЖШС кардиология бөлімінің меңгерушісі Бақытбек Айтенов, «Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» «Абай қаласының орталық ауруханасы» КМК жалпы тәжірибе дәрігері Галина Афанасьева, «Үздік орта медицина қызметкері» «Қарағанды қаласының №1 емханасы» КМК медбикесі Гүлден Әбенова, «Үздік акушер-гинеколог» дәрігер акушер-гинеколог, «Облыстық перинаталды орталық» КМК директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Александра Моторгина, «Үздік педиатр» дәрігер педиатр, «Теміртау қаласының көпбейінді ана мен бала орталығы» КМК балалар блогының жан сақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Сергей Александров, «Үздік хирург» «Облыстық онкология диспансері» КМК Торакалдық бөлімінің меңгерушісі Ерғали Шәуенов, «Денсаулық сақтаудың үздік ұйымдастырушысы» «Облыстық психоневрологиялық диспансер» КМК директоры Қайрат Әбдірахманов иеленді. Олардың әрқайсысы 500 мың теңгеден сыйақы алды.
Қарағанды облысы әкімінің «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясы бойынша бір миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйлығы «Ақтоғай ауданының орталық аудандық ауруханасы» КМК «Сарытерек» ДА жалпы тәжірибе дәрігері Амантай Әмірқұловқа берілді. 52 жыл ғұмырын адам өмірін емдеуге арнаған терапевт, жалпы практика дәрігері Амантай Әмірқұлов КСРО Денсаулық сақтау үздігі, «Құрмет» орденінің иегері және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы. Амантай Әмірқұловтың екі ұлы да әке ісін жалғастырған дәрігер. Үлкен ұлы – хирург, кішісі – терапевт.
Мереке концертке жалғасты. Қарағандылық дәрігерлерге белгілі эстрада және опера әншісі ҚР еңбек сіңірген артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы, ресейлік «Голос. Дети» жобасының жеңімпазы Ержан Максим, Молдовадан келген флейташы Игорь Подгореану, Астана опера театрының солисі Меир Байнеш, I'm a singer Kazakhstan телешоу жеңімпазы Роман Ким және басқа да әртістер өнер көрсетті.
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің күні жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау қызметкерлеріне арналған сыйлығы 2006 жылдан бастап беріліп келеді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы