Қобыланды жырын жатқа айтты

Қобыланды жырын жатқа айтты

Ұлттық мәдениетіміздің жетекші саласының бірі – көркем әдебиет десек, сол әдебиеттің ертеден келе жатқан раханият жүгі мол, кең өрісінің бірі – батырлар жыры. Жас ұрпақтың жігерін жанып, отансүйгіштік сезім­дерін ұштауға, елі мен жерін сүюге батырлық жырлардың тигізетін ықпалы мол. Осы­ған орай, бүгінгі жаһандану заманында батырлар жы­рының сарқылмас қуатын тәуелсіз мемлеке­тімізді нығайтуға, ұлттық бірлікке, жастарды патриот­тыққа, азаматтық міндет­терге үндеуге пайдаланудың берері мол болмақ.

Жақында Алматы облысы Тіл­дерді дамыту басқар­ма­сының ұйымдастыруымен Тал­­дықорған қаласындағы «Оқу­шы­лар са­ра­йында» өткен облыстық «Жыр – жауһар» байқауын жо­ғарыда айтылған мақсаттарды жү­зеге асыруға жасалған қадам десек, қателеспейміз. Байқау та­лап­тарына сай Алматы облы­сының барлық аудан, қаласынан та­лап­танған оқушылар қазақ халқының ертеден келе жатқан эпостық дас­тандарының бірі — «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұс­қасын жатқа айтудан жа­рысты. Іріктеу кезе­ңінен суы­рылып шыққан 15 оқу­шы шешуші са­йыста өнер көрсетті.

Құрамында «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Н.Әбдірахым, І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік универ­ситетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к., профессор Қ.Сарбасова, І.Жан­сү­гіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к., профессор Г.Сырлыбаева, Талдықорған қаласындағы «Оқу­шылар сарайының» директоры Л.Есболова, облыстық «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас ре­дакторы, айтыскер ақын А.Бұл­ға­қов, облыстық «Жетісу» телеарна­сының бас продюссері Ж.Жай­лаубаев, Талдықорған қаласы білім бөлімінің әдіскері Л.Жүнісбек, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аға оқытушысы Ж.Елесбаевалар болған қа­зылар алқасы әділ таңдау жасады. Бақ сынаған үміткерлердің оқу мәнері мен актерлік шеберлігіне де үлкен мән берілді. Нәтижесінде, Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ІІІ дәрежелі дипломдарымен Бал­жан Берікжанқызы (Іле ауданы), Жансая Ауталипова (Панфилов ауданы), Аружан Чапай (Еңбек­шіқазақ ауданы) марапатталса, ІІ дәрежелі дипломдар Жігер Жайырбай (Алакөл ауданы) мен Хамза Жұлдызға (Балқаш ауданы) берілді. Кеген ауданынан келген Меруерт Аллажар І дәрежелі дип­ломға ие болды. Ал «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын мүдірмей жатқа айтқан, Іле ауданынан келген оқушы Тө­ле­генов Ерасыл бас жүлдені ие­лен­ді. Сол сияқты ынталандыру сый­лығы, талпыныс аталымы бо­йын­ша ақшалай сертификаттармен 8 үміткер және байқауға қатысқан барлық оқушы басқарманың Алғыс хатымен марапатталды.

– Ауыз әдебиетімен сусындап өскен, оны жете білген ұрпақ ертең тіліне жаны ашитын, туған жеріне қызмет ететін, өз елінің нағыз пат­риоты болады десек, артық айт­қан­дық емес. Талай ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл мұрамыз ауыз әдебиетіміздің жауһар жырларын насихаттайтын, батырлар жырындағы патриоттық сезімдерді бүгінгі ұрпақтың сана­сына сіңіріп, оқушылардың шы­ғармашылық және зияткерлік қабілетін дамытып, көркем әде­биетке қызығушылығын артты­ратын мұндай игі шара болашақта да жалғасын табуы керек, – дейді Алматы облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас­шысы А.Башбаев.

Байқау соңында 50 үміткер қатар тұрып, жырды хормен жатқа айтып, көрерменнің зор ықы­ла­сына бөленді. Іс-шара қатысушы­ларға ғана емес, жыр сүйер қауымға да әдемі әсер мен шалқар шабыт сыйлады.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы