Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы лауазымына ресми кіріскеннен кейін Үкіметті толықтай отставкаға жіберген жоқ. Тек ішінара ғана өзгерістер жасауға кірісті. Соның бірі – Білім және ғылым министрі қызметіне Асхат Аймағамбетовтің келуі. Қарағандыға қызмет ауыстырар алдында (облыс әкімінің орынбасары) ол Ерлан Сағадиевтің орынбасары болып тәжірибе жиған. Ал Күләш Шәмшідинова ведомство басшылығында небәрі 3 айдан астам уақыт қана отырды. Ал Асхат Аймағамбетов – осы саладағы – 13-министр.
Осы ретте бар-жоғы үш ай ғана жетекшілік еткен Шәмшідинова ханымның қандай уәде бергенін, қай шаруаға білек сыбана кіріскенін аз-кем барлап өтсек. 25 ақпанда министр атанғаннан кейін, көп ұзамай баланы мектепке 6 жастан бастап беру туралы мәселе көтерген еді. Тиісінше, ата-аналарға қандай жағдайда айыппұл салынатынын да айтқан. Сөйтіп, қоғамда шу тудырған.
«Балаларын мектепке жібермейтін ата-аналарға айыппұл салынады. Өкінішке қарай, тек 1 сынып емес, басқа да сыныптарда осындай проблема бар. Әрине, айыппұл бәріне бірдей емес, жекелеген жағдайлар бойынша салынады.
Алты жасар балаларға келетін болсақ, заңда мектепте білім алудың 6 жастан басталатыны анық жазылған. Сондықтан ата-аналар балаларын мейлінше осы жастан мектепке беруі тиіс. Әрине, әр адам – жеке тұлға. Бұл тұрғыдан алғанда, ата-ана баласының мектепке қаншалықты дайын екеніне де мән беруі тиіс. Бірақ бұл – олар қаламаса оқуға бермей қоюына болады деген сөз емес. Заңда бұл мәселені шешуді қарастырып жатырмыз» деген еді сол кезде.
Наурыз айында Үкіметте өткізген баспасөз мәслихатында білімді бағалауға қатысты пікір білдірді.
«Мұғалімнің бағасы оқушыға тиісті ақпаратты жеткізуі керек. Нені түзеу керек екенін бала білгені дұрыс. Сол себепті, қазір мұғалімнің баламен кері байланыс орнатуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бағалау және өзін-өзі бағалау жүйесі оқушыға да, ата-анаға да ұғынықты болуы керек», – деді ол.
Айтпақшы, министр мектепті күрделі жөндеуден өткізу және құрылысын салуды қаржыландыру әдіс-тәсілдерін де өзгертпекші болған. Бұған қатысты ол «Болашақта мектеп құрылысына ақша бөлген кезде ол оқу орнында қанша бала оқитынын есептеп барып бөлеміз. Ал білім ордасының қай жерге және қалай салынатынын жергілікті атқарушы органдар шешеді» деп мәлімдеген.
Ол, сондай-ақ ҰБТ жүйесін өзгертуге де аса құлықты емес екенін аңғартты. «Балалар әне-міне мектеп бітіргелі жатыр. Тура осы сәтте жүйені өзгертіп, олардың басын қатырмау керек. Дегенмен тест сұрақтарын жетілдірумен жұмыс істейміз» деді.
Күләш Шәмшідинова мектеп бітіруші түлектердің қымбат кафе-мейрамханаларда тойлатуына ашық қарсылық білдірді. «Түлектер кеші баяғы біздің ата-аналарымыз жасағандай, шын мәнінде, мектеппен қоштасу мазмұнында мектеп территориясында өтуі керек. Асып-тасып дастарқан жаюдың керегі шамалы. Қымбат көйлек сатып алудың да қажеті жоқ. Түлектер кеші бір-бірімен бәсекеге түсу үшін емес, ұстаздар мен оқушылардың қоштасуы үшін жасалады» деген сәуір айындағы брифингте.
Тағы да сол сәуір айында... Экс-министр Шымкентте өткізген кездесуде елдегі үш ауысымды мектептер проблемасының біржола шешілетінін жариялады. «Тәуелсіздік алғалы бері елімізде 1 672 мектеп салыныпты. Алдағы 2019-2021 жылдары Қазақстанда 190 мектеп салынып, үш ауысымды мектептер проблемасы шешімін таппақ. Қазір апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер жайы қарастырылып жатыр» деген еді. Оның айтуынша, алдағы уақытта пайдалануға берілетін 190 мектеп – үш ауысыммен оқып күн көріп жүрген – 89, апатты жағдайда тұрған – 13 және оқушыларға орны жетпейтін 72 мектептің мәселесін шешеді.
Экс-министр 1 маусымнан бастап білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артады деп мәлімдеді. «Нақты 500 мың жұмысшының жалақысы көбейеді. Оның ішінде мұғалім, тәрбиеші және олардың көмекшілері, әдіскер, әлеуметтік педагог, балабақша және колледж психологы, кітапханашы, бухгалтер, іс жүргізуші, техникалық қызметкер және басқалар бар. Сонымен қатар 144 мың мұғалім, 82 мың сынып жетекшісі мен психологтар және ЖОО мен колледждердегі 18 мың мұғалім білім жетілдіру курстарынан өтеді» деп хабарлаған.
Экс-министрдің соңғы мәлімдемелерінің көбі қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық дауымен ұсталуына байланысты болды. Вице-министр Эльмира Суханбердиева мен екі бірдей шендінің парақорлық бабы бойынша тұтқынға алынуы – әрине, министр үшін оңай жағдай емес. Сонда да ол бұған бола қызметінен кеткісі келмейтінін, ұсталғандарды қызметке бұрынғы министрдің қойғанын айтқан еді.
Оның бастамалары жалғай ма, әлде жас министр бәрін жаңадан бастай ма, оған алдағы бірер айда куә бола жатармыз. Әзірге, жұрт дабырласа айтып, сыртынан мақтау жаудырып жатқан Асхат Қанатұлы кім? Жалпы, оның өмірбаяны мен қызмет жолы туралы БАҚ әлдеқашан ресми хабардар еткен. Білетініміз, министр жастайынан қызметке араласып, Қарағанды жерінде мол тәжірибе жинаған. Облыстың білім саласын басқарып та көрген. 2017-2018 жылдары вице-министр орынтағында да отырды. Министрлікте жүрген кезінде мектептердің жаппай есеп беруі мен рейтингке ұмтылуына қарсылық танытқан.
«Мектептердің белсенділігін бағалайтын рейтингтер цифрландыруға кері әсерін тигізеді. Осы мәселені бір ізге түсіру үшін қазір мектеп басшыларымен сөйлесіп жатырмыз» деген бір сөзінде. Ол ҰБТ нәтижесіне орай рейтинг құруға қарсы болды. Тестілеу тек грант бөлу мәселесін ғана шешуі қажет деп есептейді.
Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ дарынды балаларға арналған арнайы мектептерге қабылау конкурстарын да сынға алған.
«Баланың оқуға түсуіне сыртқы факторлар әсер етпес үшін мұндай мектептер (дарынды балаларға арналған) Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің үлгісін пайдалануы қажет. Іріктеу әділ өтуі керек. Әйтпесе, таныстардың хабарласуы, көкелердің қоңырауы бәрін бұзады. Шынымен дарынды балаларды таңдап алып, соларды оқыту қажет. Бұған ешкім сырттан әсер етпеуі тиіс. Әр адам алдаудың мүмкін еместігін түсінетін кез келді. Ал бұл үшін арнайы шара қабылдаған жөн» деген болатын.
Ол, сондай-ақ жемқорлықпен күресу үшін – олимпиада өткізу, бірінші сыныпқа қабылдау, мектептен мектепке ауысу, аттестация, мектепке жұмысқа қабылдау процестерінің бәрі әділ әрі шынайы болу керек деген ұстанымда.
Вице-министр кезінде, ол мектептегі іс-шараларды ата-аналар есебінен өткізуге де қарсы шыққан.
«Бұрын шаралар мектептің күшімен өтетін. Балалар ертеңгіліктерге белсене қатысып, тіпті мұғалімдердің өзі атсалысатын. Ал қазір көптеген мектеп түрлі event-агенттіктерді шақырып алатын болған. Мерекелік шараға балалар да қатыспайды, жай залда көрермен болып отырады. Біз мұның дұрыс емес екенін айттық. Осыған орай, алдағы уақытта нормативтік-құқықтық базаны өзгертеміз» деген еді.
Былтыр өткен Ортаазиялық халықаралық форумда Асхат Қанатұлы университеттерді бағалау жүйесін өзгертуге байланысты пікірін айтқан.
«Түлектерді бітіртіп, дипломын беріп отырған университет студенті ертеңгі күні нарыққа қажетсіз болып, еңбек нарығындағы бәсекеге шыдай алмаса онда оны оқытқан жоғары оқу орнында қателік бар деген сөз. Сондықтан былтырдан бері білім беру бағдарламасын бағалау бойынша көлемді жұмыс атқарудамыз» деген еді.
Вице-министр кезінде жасаған батыл мәлімдемелерін желі қолданушылары үнемі қолдап отыратын. Оның қоғаммен ашық диалогқа барып, білім саласындағы түйткілді мәселерге орай ашық пікір білдіруі де қуантады. Алайда жап-жас күйінде керемет «мансап» баспалдағына көтерілу, Facebook желісінде белсенді болу, қолданушылардың ықылас-пейілін сезіну бір басқа да, шын мәнінде, жақсы министр бола алу мүлде басқа дүние екені белгілі. Оның үстіне, бұл – басынан дау арылмайтын, үнемі күрмеуі көп проблемалар мен айғай-шудың отанына айналған білім саласы болса. Әрі министрлік аясы біліммен шектелмейді, аты айтып тұрғандай, елдің бүтін бір ғылым саласы да енді Аймағамбетовтің аузына қарайды. Ал ғылым саласын елдегі ажары кіріп, айы оңынан туған сала деп айтуға келмес. Оның мәселелерін тарқата жазу үшін сірә, бөлек мақала арнаған абзал. Әзірге, жас әрі жаңа министрге сәттілік тілейік. Айтқан сөзін, істеген ісін бақылайық. Бәлкім, ай аралатып бұл тақырыпқа қайта ораламыз.
Еске сала кетсек, Білім және ғылым министрлігін әр жылдары Ғалым Әбілсейітов, Владимир Школьник, Қырымбек Көшербаев, Нұралы Бектұрғанов, Шәмшә Беркімбаева, Жақсыбек Құлекеев, Бірғаным Әйтімова, Жансейіт Түймебаев, Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев секілді азаматтар басқарды.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ