Бүгін - Ораза айт мерекесі
Бүгін - Ораза айт мерекесі
фото: ашық дереккөз
424
оқылды
Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы. Карантинге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ораза айт мейрамын өткізуге қатысты мәлімдеме жасаған еді. «Ислам дінінде кез келген мереке ғибадатпен бастау алады. Шариғатымыз бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал. Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын): «Айт намазын оқи алмаған адам төрт ракағат намаз оқиды. Бірінші ракағатта «Фатиха» сүресінен кейін «Сәббихисмә раббикәл-ағлаа», екінші ракағатта «Уәш-шәмси уә духааһәә», үшінші ракағатта «Уәл-ләйли изаа яғшаа», төртінші ракағатта «Уад-духаа» сүрелерін оқиды», – деген. Ал аталмыш сүрелерді жатқа білмейтін кісілер басқа да сүрелерді оқыса болады», - делінген үндеуде. Айт күні сәресін ішпейді, күндіз аузы ашық болады. Өйткені, хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын» делінген. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетуін тілеп, мінәжат етеді. Айттың мән-мағынасына келсек, Айт - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген немесе мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу», - деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қалдырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды», - деп өсиет еткен. Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші кzні басталып, үш күнге созылады Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі ерекшеліктері - адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді. Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке - Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! Туған Отанымыз - Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!