Қазақстанда киік ату фактілері толастамай тұр. Бұл жайында Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
– Қазіргі уақытта киік ату фактілері тоқтамай тұр. Былтырдың өзінде 77 браконьерлік фактісі анықталып, 500 киіктің мүйізі тәркіленді. Министрлік Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, браконьерлікке қарсы жедел іс-шаралар жоспарын әзірледі. Онда браконьерлікпен күрес жөніндегі қысқамерзімді және ұзақмерзімді жедел іс-шаралар көзделген, – деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Ауыл шаруашылығы министрлігі құзырлы органдармен бірлесіп, браконьерлікке қарсы жедел іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Министрдің айтуынша, 2017 жылы киік саны – 152 мың болса, 2018 жылы – 215 мыңға жетіп, олардың өсімі 41%-ды құраған.
Сонымен бірге, ормандарды ұлғайту мақсатында министрлік облыс әкімдерімен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі қадамдық жоспарларды бекіткен. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Алматы облысында «Іле-Балқаш» табиғи резерваты құрылған. Осылайша, республиканың ерекше қорғалатын табиғи аумағының алаңы 24,7 млн гектарға немесе ел ауданының 9%-на жеткен.