Медициналық қызмет сапасы артады
Медициналық қызмет сапасы артады
434
оқылды

Президентті ұлықтау рәсімінде Қазақстанның алдағы даму бағытын таныстырған Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіліп, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін заңдар қабылданатынын айтты. Жаңа Президент: «Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуіміз керек. Бұл мәселелер бойынша тұтас бағыт-бағдарымыз бар» деп, әлеуметтік саланы дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Бүгінде еліміз бойынша медициналық қызметтер сапасына ерекше көңіл бөлініп отыр. Инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру, медицина қызметкерлерінің табысын ұлғайту бойынша тиімді шаралар жүзеге асуда.

Бізде бірқатар медициналық қызмет түрлері мемлекеттік тап­сырыс негізінде тегін көр­се­ті­леді. Оған жыл сайын бюд­жет­тен 1 триллион теңгеге жуық қар­жы бөлінеді. Әсіресе, мін­дет­­ті әлеу­меттік медициналық сақ­танды­ру – өте қажетті реформа.

Қор медицина ұйымдары­ның қызмет ақысын төлеумен айналысқан бір жарым жылда біраз шаруа атқарылды деуге болады. Атап айтқанда, 2018 жыл­дан бастап қор кепіл­денді­рілген тегін медициналық көмек пакетінің қаржы операторы міндетін атқарып келеді, яғни, мемлекеттік тапсырыс шең­бе­рінде көсетілетін қызметтерге ақы төлеу орталықтандырылды. 2019 жылы ТМККК пакетіне 973 млрд теңге бөлінген бола­тын. Биыл қор қаржыланды­ра­тын қызметтер арасында: біре­гей технологияларың көмегімен жасалатын операциялар, Қазақ­стан азаматтарын шетелде емде­ту ақысын төлеу т.б. бар. Мемле­кеттік тапсырысты орындайтын емдеу ұйымдары арасында жеке­меншік клиникалардың үлесі артты. 2019 жылы Қормен ке­лісімшарт бекіткен 1 400-ден ас­там медицина ұйымының тең жартысы – жекеменшік. 2017 жы­лы олардың саны 35 пайызға да жетпейтін. Ал жекеменшік кли­никалардың осы пакет шең­берінде көрсеткен қызметіне төленетін ақы екі есе өсіп, 16,4 процентке жетті.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау ми­нистрлігі мен меди­цина ұйым­дарының жергілікті ақпараттық жүйелерін ықпал­дас­тыру мақса­тында жыл со­ңына дейін көр­сетілген қызмет­терге ақы төлеу процесін авто­мат­тандыру жос­парланып отыр. Оның ішінде жедел жәрдем қызметі, пата­логоанатомиялық диагностика, қан қызметі, про­филактика және СПИД-ке қар­сы күрес салалары да бар. Тағы бір ма­ңызды мәселе – аймақ­тарда мамандандырылған көмек қыз­метінің тарифтеріндегі теңсіз­діктерді жою. Бұрын бұл қызмет жергілікті бюджет қаржысы есебінен, әр аймақтың мүмкін­дігіне қарай төленетін.

Атқарылған тағы бір ша­руа – амбулаторлық деңгейде берілетін дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету процесін орталық­тандыру. Нәтижесінде, дәрі-дәр­­мекпен қамтылған пациент­тер саны 2 миллионнан 3,5 мил­­лионға дейін артса, 23,4 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік ту­ды. 2018 жылы үнемделген қаржы бастапқы медициналық-санитарлық көмекке, жедел медициналық жәрдемге, дәрі-дәрмек сатып алуға және жо­ғары технологиялы медицина­лық қызмет түрлеріне жұмсалған болатын. Сонымен қатар ке­пілдендірілген тегін көмек (ТМККК) шеңберінде көрсеті­летін медициналық қызмет­тер­дің сапасы мен көлеміне ба­қылау күшейтілді. 2018 жылдан бастап қор емханалық-амбу­ла­торлық көмек, жедел жәрдем, қан қызметі, паталогоана­томия­лық диагностика және маман­дан­дырылған мекемелер (алко­го­лизм мен нашақорлыққа са­лынғандарға, туберкулез, пси­хикалық аурулар мен ВИЧ-СПИД-ке шалдыққандар көмек көрсететін ұйымдар) көрсеткен қызметтердің сапасы мен кө­лемін мониторингтен өткізуді қолға алған болатын.

«Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс шең­берінде көрсетілетін қыз­мет­тердің ақысын төлеумен қа­тар оның сапасын да бақы­лай­ды. 2018 жылы халыққа тегін көмек көрсету барысында олқылықтарға жол берген ме­дицина ұйымдарынан 6,3 млрд теңге қайтарып алды. Мони­то­ринг меншік құқығына қара­мастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйым­дарында жүргізіледі. Жыл ба­сынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа ен­гізілді. Нақтырақ айтқанда, адам өлімі болған жағдайда са­раптама емханалық-амбула­тор­лық көмек, жедел жәрдем және стационар деңгейінде (сырқат­тың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты сарапталады) жасалып, жіберілген кемші­лік­тердің өзара байланысы анық­талады. Көрсетілген медици­налық көмектің сапасына бақы­лау ғана емес, түрлі кемшіліктер мен олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарына салы­натын айыппұл көлемі де өсті. Мәселен, белгілі бір қызметтің нақты көрсетілгені расталмаса 300%, тұрғынды заңсыз (азамат­тың қалауынсыз) тіркеген жағ­дайда 100% айыппұл салынады. Мұның бәрі заң бұзушылық­тарды болдырмау мақсатында қолға алынып отыр», дейді Әлеу­меттік медициналық сақ­тан­дыру қорының басқарма төра­ғасы Айбатыр Жұмағұлов.

Біздің елде азаматтар ден­саулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қал­таларынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клини­ка­ларға қаралады. Бір сөзбен айтқанда, отбасының бір мүшесі ауыра қалса, көңіл күйден бөлек, отбасы бюджетіне де едәуір салмақ түсіретіні даусыз.


Басқарма төрағасының ай­туынша, бүгінгі күнге дейін қорға 176,7 млрд теңгеге жуық жарна түскен. Ол Ұлттық банкте сақталады. Қор мен Ұлттық банк арасында сенімгерлік бас­қару туралы келісімшарт бекі­тіл­ген. Жалпы, жинақталған қаражат ешқайда жұмсалмайды. Жиналған қаржыны МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерден басқа мақсаттарға жұмсауға заң бойынша тыйым салынған. Болашақта, яғни, 2020 жылдан бастап қаражат МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілген қыз­мет­тер ақысын төлеуге жұмса­ла­ды. Қазір қор Кепілден­ді­ріл­ген тегін медициналық көмек па­кеті шеңберінде, яғни, мем­ле­кеттік тапсырыс бойынша халыққа тегін көрсетіліп жатқан қызметтер ақысын төлеумен ­ай­налысып жатыр. Қаржы рес­пуб­ликалық бюджеттен бө­лі­не­ді. Оған биыл 972,7 млрд теңге бөлінді. 2020 жыл­дан бас­тап осы екі пакетті қаржы­лан­дыру жүр­гізіледі.

Кепілдендірілген тегін меди­циналық көмек пакетіне енетін қызметтер ауқымы кең. Бірақ оның басты мақсаты – шұғыл көмекке зәру азаматтарға меди­циналық көмек көрсету, эпи­демияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің ара­ласуын қажет ететін ерекше жағдайға душар болған науқас­тарға көмектесу. Мысалы, онко­логияға шалдыққан адамдарға көмек­тесу. Өйткені қатерлі ісікке шал­дыққан науқастарға бері­летін дәрі-дәрмектер өте қым­бат, процедураларды да қара­пайым азаматтардың қал­тасы көтере бермейді. Ал МӘМС пакеті болса – азамат­тарға емдеу мен диагностиканың қосымша түрлерін алуға, жос­парлы ем қабылдауға, бағасы қымбат болып келетін буын алмастыру, көздің қарашығын алмастыру сынды тағы да басқа жоғары технологиялық қыз­меттерді алуға мүмкіндік береді. Бы­лай­ша айтқанда, меди­ци­налық сақтандыру пакеті – пациенттің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталады.


Біздің елде азаматтар ден­саулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қал­таларынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клини­ка­ларға қаралады. Бір сөзбен айтқанда, отбасының бір мүше­сі ауыра қалса, көңіл күйден бөлек, отбасы бюджетіне де едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы міне, осында.

«Тағы бір айта кетерлігі, те­гін медициналық көмекті мем­лекеттік қана емес, жекеменшік клиникалар да көрсетеді. Биыл елордада мемлекеттік тапсы­рыс­ты орындап жатқан 93 ме­дицина ұйымының 58-і – жеке­меншік. 2018 жылмен салыс­тырғанда жекеменшік клини­калар саны 9-ға көбейген. Бұл сан 2020 жылы бұдан да кө­беюі мүмкін. Яғни, медицина ­ұйым­дарының арасында бә­секелестік артып, меди­цина­лық қызмет сапасы артады», – дейді Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша филиалының директоры Нұрлыбек Қаб­ды­қапаров.



Ақбота ӘЛІМ