Президентті ұлықтау рәсімінде Қазақстанның алдағы даму бағытын таныстырған Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіліп, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін заңдар қабылданатынын айтты. Жаңа Президент: «Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуіміз керек. Бұл мәселелер бойынша тұтас бағыт-бағдарымыз бар» деп, әлеуметтік саланы дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Бүгінде еліміз бойынша медициналық қызметтер сапасына ерекше көңіл бөлініп отыр. Инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру, медицина қызметкерлерінің табысын ұлғайту бойынша тиімді шаралар жүзеге асуда.
Бізде бірқатар медициналық қызмет түрлері мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін көрсетіледі. Оған жыл сайын бюджеттен 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – өте қажетті реформа.
Қор медицина ұйымдарының қызмет ақысын төлеумен айналысқан бір жарым жылда біраз шаруа атқарылды деуге болады. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің қаржы операторы міндетін атқарып келеді, яғни, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көсетілетін қызметтерге ақы төлеу орталықтандырылды. 2019 жылы ТМККК пакетіне 973 млрд теңге бөлінген болатын. Биыл қор қаржыландыратын қызметтер арасында: бірегей технологияларың көмегімен жасалатын операциялар, Қазақстан азаматтарын шетелде емдету ақысын төлеу т.б. бар. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын емдеу ұйымдары арасында жекеменшік клиникалардың үлесі артты. 2019 жылы Қормен келісімшарт бекіткен 1 400-ден астам медицина ұйымының тең жартысы – жекеменшік. 2017 жылы олардың саны 35 пайызға да жетпейтін. Ал жекеменшік клиникалардың осы пакет шеңберінде көрсеткен қызметіне төленетін ақы екі есе өсіп, 16,4 процентке жетті.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі мен медицина ұйымдарының жергілікті ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру мақсатында жыл соңына дейін көрсетілген қызметтерге ақы төлеу процесін автоматтандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жедел жәрдем қызметі, паталогоанатомиялық диагностика, қан қызметі, профилактика және СПИД-ке қарсы күрес салалары да бар. Тағы бір маңызды мәселе – аймақтарда мамандандырылған көмек қызметінің тарифтеріндегі теңсіздіктерді жою. Бұрын бұл қызмет жергілікті бюджет қаржысы есебінен, әр аймақтың мүмкіндігіне қарай төленетін.
Атқарылған тағы бір шаруа – амбулаторлық деңгейде берілетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін орталықтандыру. Нәтижесінде, дәрі-дәрмекпен қамтылған пациенттер саны 2 миллионнан 3,5 миллионға дейін артса, 23,4 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік туды. 2018 жылы үнемделген қаржы бастапқы медициналық-санитарлық көмекке, жедел медициналық жәрдемге, дәрі-дәрмек сатып алуға және жоғары технологиялы медициналық қызмет түрлеріне жұмсалған болатын. Сонымен қатар кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне бақылау күшейтілді. 2018 жылдан бастап қор емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем, қан қызметі, паталогоанатомиялық диагностика және мамандандырылған мекемелер (алкоголизм мен нашақорлыққа салынғандарға, туберкулез, психикалық аурулар мен ВИЧ-СПИД-ке шалдыққандар көмек көрсететін ұйымдар) көрсеткен қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингтен өткізуді қолға алған болатын.
«Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеумен қатар оның сапасын да бақылайды. 2018 жылы халыққа тегін көмек көрсету барысында олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарынан 6,3 млрд теңге қайтарып алды. Мониторинг меншік құқығына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымдарында жүргізіледі. Жыл басынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа енгізілді. Нақтырақ айтқанда, адам өлімі болған жағдайда сараптама емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем және стационар деңгейінде (сырқаттың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты сарапталады) жасалып, жіберілген кемшіліктердің өзара байланысы анықталады. Көрсетілген медициналық көмектің сапасына бақылау ғана емес, түрлі кемшіліктер мен олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарына салынатын айыппұл көлемі де өсті. Мәселен, белгілі бір қызметтің нақты көрсетілгені расталмаса 300%, тұрғынды заңсыз (азаматтың қалауынсыз) тіркеген жағдайда 100% айыппұл салынады. Мұның бәрі заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қолға алынып отыр», дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.
Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қалталарынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Бір сөзбен айтқанда, отбасының бір мүшесі ауыра қалса, көңіл күйден бөлек, отбасы бюджетіне де едәуір салмақ түсіретіні даусыз.
Басқарма төрағасының айтуынша, бүгінгі күнге дейін қорға 176,7 млрд теңгеге жуық жарна түскен. Ол Ұлттық банкте сақталады. Қор мен Ұлттық банк арасында сенімгерлік басқару туралы келісімшарт бекітілген. Жалпы, жинақталған қаражат ешқайда жұмсалмайды. Жиналған қаржыны МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерден басқа мақсаттарға жұмсауға заң бойынша тыйым салынған. Болашақта, яғни, 2020 жылдан бастап қаражат МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Қазір қор Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде, яғни, мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа тегін көрсетіліп жатқан қызметтер ақысын төлеумен айналысып жатыр. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Оған биыл 972,7 млрд теңге бөлінді. 2020 жылдан бастап осы екі пакетті қаржыландыру жүргізіледі.
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне енетін қызметтер ауқымы кең. Бірақ оның басты мақсаты – шұғыл көмекке зәру азаматтарға медициналық көмек көрсету, эпидемияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің араласуын қажет ететін ерекше жағдайға душар болған науқастарға көмектесу. Мысалы, онкологияға шалдыққан адамдарға көмектесу. Өйткені қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға берілетін дәрі-дәрмектер өте қымбат, процедураларды да қарапайым азаматтардың қалтасы көтере бермейді. Ал МӘМС пакеті болса – азаматтарға емдеу мен диагностиканың қосымша түрлерін алуға, жоспарлы ем қабылдауға, бағасы қымбат болып келетін буын алмастыру, көздің қарашығын алмастыру сынды тағы да басқа жоғары технологиялық қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Былайша айтқанда, медициналық сақтандыру пакеті – пациенттің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталады.
Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қалталарынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Бір сөзбен айтқанда, отбасының бір мүшесі ауыра қалса, көңіл күйден бөлек, отбасы бюджетіне де едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы міне, осында.
«Тағы бір айта кетерлігі, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникалар да көрсетеді. Биыл елордада мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 93 медицина ұйымының 58-і – жекеменшік. 2018 жылмен салыстырғанда жекеменшік клиникалар саны 9-ға көбейген. Бұл сан 2020 жылы бұдан да көбеюі мүмкін. Яғни, медицина ұйымдарының арасында бәсекелестік артып, медициналық қызмет сапасы артады», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Ақбота ӘЛІМ