Мамандықты ҰБТ алдында таңдаған дұрыс емес
Мамандықты  ҰБТ алдында таңдаған  дұрыс емес
375
оқылды

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа министрлер салтанатты түрде ант қабылдады. Осылайша, министрлер кабинеті жаңарып, төрт басшымен толықты. Күн тәртібінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесі қаралды. Артынша су жаңа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен брифинг өтті.

Биыл жоғары оқу орнына түсуге 117 242 талапкер ниетті. Оның ішінде осы жылы мектеп бітіріп жатқандары – 96 мыңнан астам. Колледж бітірген немесе өткен жылдан қалған шетелдік білім беру ұйымдарынан 20 мың­ның үстінде талапкер маусымдағы сынақтан өтуге өтініш білдірген. Ұлттық бірыңғай тестілеу ертең, 20 маусымда басталады. Жалпы саны 9 лекпен өтетін сынақтың соңғы күні – 30 маусым. Бүкіл республика бойынша 169 бөлім­шеде өткізіледі.

Бүгінде мемлекеттік комис­сиялар құрылып, сақадай сай дайын деседі. Комиссия құра­мы­на құқық қорғау органдары, қо­ғамдық бірлестіктер мен бұқара­лық ақпа­рат құралдары өкілдері кірген. Со­нымен бірге, әр бөлім­шеде апел­­ляциялық комиссиялар жұ­мыс істейді. Ұлттық бірыңғай тес­ті­леу­дің өткізіліп жатқанына биыл – 16 жыл. Осы уақыт ішінде 1 800 000 талапкер сынақ тапсырған.

«Тестілеу форматында еш өзге­ріс жоқ. Тапсыратын пәндер, ұпай саны да бұрынғыдай. Әйтсе де, ҰБТ-ны жақсарту мақсатында бір­неше шаралар атқаруды жос­пар­лап отырмыз. Атап айтар бол­сақ, осы жылдан бастап талап­керлер жылы­на төрт мәрте тест тапсыра алады. Оның үшеуі ақы­лы түрде өтеді. Мұ­ның бір пайда­лы тұсы – психо­логиялық кедер­гілерді жойып, мау­сымда болатын тестілеуге жақ­сылап дайындалуға жол ашады. Осы мүмкіндікті қаңтарда – 35 мың, наурызда 80 мыңға жуық бала пайдаланды. Олардың 70 пайызы тиісті шекті балл жинады. Демек, ақылы түрде оқуға түсуге мүмкіндік бар деген сөз. Егер мем­лекеттік грантпен оқығысы келсе, онда маусымда­ғы тегін тестілеуде бақ сынай алады», – деді Асхат Аймағам­бетов сөз басында.

Жыл сайын тестілеуден бұрын да, кейін де түрлі даулы оқиға­лар­дың орын алуы дәстүрге айналып барады. Биыл да дау-дамайдың шеті шықты. Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сухан­бердиева мен Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры Ра­мазан Әлімқұлов ұсталған бола­тын. Осыған орай, сала министрі пікірін білдірді. Оның айтуынша, жемқорлықпен күрес мәселесі аса маңызды. Сондықтан БҒМ ал­дағы уақытта біршама шаралар атқаруды жоспарлап отыр екен. «Құқықтық актілердегі олқылық­тарды жан-жақты талдаймыз. Барлық түйт­кілді шешу үшін анализ жасалады. Жұмысымызға байланысты жобалық кеңсе ашуды жоспарлап отырмыз» дейді министр. Соны­мен бірге, БҒМ арнайы мамандан­дырылған мониторинг топтарын құрады. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері кіреді. Барлығы бірігіп, жемқорлықпен күрес жүргізеді.


Тест десе, көз алдымызға сынақ алдындағы тексеріс келеді. Өйт­кені онсыз да толқу мен қорқу сезімін қатар кешіп тұрған түлекті тінтіп, одан бетер үрейлендіретіні бар. Министрдің айтуынша, ұйқы­сынан таң атпай оянған оқушы бойындағы барлық қорқыныш сезімін жеңуі тиіс. Жыл бойы бірнеше мәрте сынақ режимінде тестілеудің жасалу себебі де осы деседі. ҰБТ өтетін бөлімшелердегі аудиториялар ұялы байланысты тұншықтыру құрылғыларымен және видео­камералармен толық жабдық­тал­ған. Жедел ақпарат алмасу үшін БҒМ мен Ұлттық тестілеу орта­лығының call-орта­лықтары жұмыс істейді.

Аймағамбетов ата-аналар мен балаларға кеңес бере отырып, бас­тысы білімге сену керек деп шеге­леп айтты. Ұлттық бірыңғай тол­қу­дың алдында сала министрі та­лапкер­лерге «ҰБТ – өте ма­ңыз­ды емти­хан. Әлбетте, баласы бәй­геге шапса, анасы үйде тақымын қы­сатыны белгілі. Ең бастысы, уа­йымда­маңыздар. Осы күнге дейін да­йындықтан өтіп, мектеп­тен қажет білімді жинадыңыздар. Енді қал­ғаны – ұйқыны қанды­рып, бойдағы үрейден құтылу» деді.

Осыған дейін тестілеу туралы талай жерде пікір білдіріп жүрген Аймағамбетов әлі де сол ойда – құр жаттаудың көмегі болмайды. Сол үшін түлектерді бағдарла­малық материалдар бойынша дайын­далуға шақырды. «Адам өзімен бірге телефон, шпаргалка не басқа да құрылғы алып кірсе, ең бірінші кезекте ойы бөлінеді. Соны қалай кіргізем, одан кейін жан баласына көрсетпей қалай қолданам деп ойы сан-саққа жүгіреді. Бұл болса, назарыңызды басқаға аударып, тапсырмаларды орындауға кедергі келтіреді. Жеке тәжірибемнен айтайын, тестті жаттау – тиімсіз тәсіл» дейді Асхат Қанатұлы.


Министр ҰБТ нәтижесі арқы­лы мектептердің рейтингін жаса­ған жөн емес деген пікірде. «Бүгін Үкімет отырысында облыс әкім­дері мен республикалық маңызы бар қала басшыларын мектептерді тестілеу қорытындысы бойынша жарыстырмауын сұрадым. Бірін­шіден, бұл дұрыс емес. Екіншіден, мектептің даярлығын дәл көрсете алмайды. Бұрын ҰБТ – мектептегі қорытынды аттестация әрі жо­ғары оқу орнына түсуге арналған емти­хан деп саналса, қазір тек ЖОО-ға түскісі келетіндерге сы­нақ болып қалды. Мектепте ем­ти­­хан бөлек өткізіледі», – дейді ол.

Талапкерлерге толыққанды ақпарат жазылған парақшалар таратылады делінген еді. Яғни, ол парақта грант саны, мамандықтар, былтырғы нәтижелер көрсетілген. Мұндағы мақсат – түлектерге дұрыс таңдау жасауға көмектесу. «Әйтсе де, грант ұтып алуды ғана қалайтын, сапасыз кадр тәрбие­леп жатқан жоқпыз ба?» деген сауалға министр былай жауап берді: «Азаматтарда ақпаратқа тапшы­лық болмауы керек. Жан-жақты білгені жөн. Елде қандай маман­дық сұраныста, қанша грант бө­лінді деген ақпараттар құпия бол­­­мауы тиіс. Бұл – бір. Екінші мә­селе – кәсіптік бағыт-бағдар беру. Біз 7-сыныптан-ақ оқушыны бел­гілі бір кәсіпке дайындап, бейім­деп бастауымыз қажет. Яғни, айт­қым келгені, талапкер парақты қарап, таңдай салмасын. Әбден ойланып барып шешім қабыл­да­сын. Әр адамның бір мамандыққа бейімі болады. Соны дамыту ке­рек. Осыны ескере отырып, бар­ша­­ңызды ке­шенді жұмысты ер­терек бастауға шақырамыз. ҰБТ-ға бір ай қал­ғанда «қайда тап­­сыр­сам екен?» деген дұрыс емес».